Аймақтар • 20 Қазан, 2017

Шығыс Қазақстанда «Менің мектебім» жобасының тұсауы кесілді

736 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», деп жазған еді.

Шығыс Қазақстанда «Менің мектебім» жобасының тұсауы кесілді

Кеше Өскеменде ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы кәсіпкерлердің «Туған жер» форумында Президент ерекше атап өткен туған жерін жүрегінің түбінде аялаған, өскен-өнген мекенін өркендетуге іңкәрлікпен атсалысуға әзір жандар бас қосып, ойларын ортаға салды. Жоспарларымен бөлісті. Облыс орталығындағы Жекпе-Жек сарайында өткен алқалы жиынға өңірдегі ірі кәсіпорындардың жетекшілері, меценаттар, демеушілер, спорт пен мәдениет саласының көрнекті өкілдері, республикалық БАҚ басшылары мен мектеп директорлары қатысты.

Мемлекет басшысының бағдарла­малық мақаласы жарияланғаннан ке­­йін көп уақыт өтпей Шығыс Қазақстан­да бесжылдық кешенді бағдарлама әзір­леніп, оған 61 жоба енгені белгілі. Өңір­лік бағдарламаны дайындауға және жүзеге асыруға облыстағы ірге­лі жоғары оқу орындарының ғалым­дары мен әр саладағы сарапшы­лар жұмыл­дырыл­ғанын айта кетейік. Бағдарлама аясын­да тамырлы тарихымыз бен мәйекті мәдениетімізді тануға, білім мен ғылымды өрістетуге, өңірдегі тари­хи-мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға айрықша ден қойылып отыр. Тағдыр талайымен қазақтың дар­хан даласына келіп, кеңпейіл халқымыздың қамқорлығына бөленіп, бүгінде аймағымызда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге этнос өкіл­дерінің дәстүрі мен тілін, ділін сақ­тап, дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Облыста үш тілде білім беру бағдарламасының сәтті жүзе­ге асырылып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады. Осы орайда мұғалім­дердің тілдік біліктілігі мен оқыту әдістемесін кембридждік жүйе бойынша жетілдіру курстары өткізіліп, оған шет тілін тікелей үйретушілер шақырылды, бірыңғай оқулықтар сатып алынды, педагогтарды материалдық тұрғыдан қолдау жүзеге асырылды. Ал «Білікті маман» жобасы аясында өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру һәм мектеп бітірушілердің басқа елге кетуін төмендету мақ­сатында биыл облыстық бюджеттен 200 білім гранты үшін 50,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Мұның нәти­жесі қазірдің өзінде байқала бастады. Был­тыр Шығыс Қазақстаннан 1800 мектеп бітіруші шетелге оқуға кетсе, биыл бұл көрсеткіш 890-ды құрап, екі есеге дейін азайып отыр. Бұл тараптағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Бес жылдық бағдарламаның берері мол

Елбасы өзінің елді рухани жаңғыруға шақырған толғамында «жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс», деген еді. Шығыс Қазақстан­ның осынау маңызды іске үлкен жауап­­­кер­шілікпен қарағанын қысқа мерзім ішінде 5 жылдық ауқымды бағдарлама әзірлеп, оған 21 миллиард теңге көлемінде қаржы бағыттауды жоспарлап отырғанынан-ақ аңғаруға болатын секілді. Облыста «Туған жер» бағдарламасы аясында тек биылғы жылдың өзінде жергілік­ті меценаттар мен кәсіпкерлердің демеуімен құны 5,2 миллиард теңгені құрайтын 929 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек аймақтағы ірі өнеркәсіп орын­дары «Парыз» қоры арқылы қосым­ша 4,8 миллиард теңге қаржы бөлген. Қазіргі уақытта құны 11,3 миллиард теңге болатын 419 жоба (оның 277-сі облыстағы мектептерді жаңа құ­­рал-жабдықтармен жарақ­тауға ба­ғыт­талған) әзірленіп жатыр. Бұл ретте «Менің мектебім» жобасын ерекше атап өтуге болады. Жоба шеңберінде өңірдегі білім орда­лары­ның химия, физика, биология және роботты техника сыныптарын Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жос­парланып отыр.

Осы мақсатта аймақтағы тәрбие ошақтарының материал­дық-техникалық жаб­дықталуы толық сараптаудан өткізіліп, бүгінде облыстағы 277 толық комплектілі мектептің 425 кабинетіне (38 физика, 37 химия, 78 биология және 272 роботты техника сыныптары) жаңа, заманауи құрал-жабдықтар­дың қажеттілігі анық­талып­ты. Мәселен, бір ғана физика кабинетін жабдықтау үшін шамамен 7,1, химия кабинетіне 6,6, биология кабинетіне 5,8 және роботты техника кабинеттеріне 6,8 миллион теңге қаражат керек екен. Тұтастай алғанда, жаратылыстану ғылымдары мен роботты техника кабинеттерін жасақтауға 2,8 миллиард теңге қаражат қажет. Жалпы, 2018 жылы облыс­та роботты техника кабинеттерін ашу үшін 1,8 миллиард, жаратылыстану ғылымдары кабинеттерін жарақтауға 800 миллион теңге тарту жоспарланған. Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы зор қарқынмен бастау алып, бағдарлама аясында «Туған жер» деп аталатын тамаша жоба іске асырылып жатқанына тоқталды. Өңірдегі ірі өнеркәсіп орындары білім, ден­саулық сақтау және спорт сала­сына әркез ерекше көңіл бөле­ді. Бұл ретте Өскеменде салын­ған оңалту орталығы мен «Нұрлы жол» саябағын, дәлізі кеңейтілген Спорт сарайы мен Зырян, Риддер қалаларындағы спорт модульдерінің құрылы­сын, облыстағы медициналық мекеме­лердің заманауи жабдықтар­мен қамтылғанын айтуға болады. «Аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдері де бұл істен қалыс қалып отырған жоқ. Аудан, ауыл­­­дардағы кәсіпкерлердің ірі кәсіп­­орындар секілді қомақты кірісі болмаса да, табысының бір бөлі­гін туған мекенін жаңғыртуға жұм­сап жатқаны қуантады. Олар өз қаражаттарын балабақша салуға, әлеуметтік нысандарды жаңа құрал-жабдықтармен жарақ­тауға, ауылдарды абаттандыруға, халықтың осал тобына жәрдем­десуге бағыттап жатыр. Біз осы азаматтарды үлгі етуге тиіспіз»,  деген Д.Ахметов бүгіннен бас­тап облыста «Менің мектебім» жобасы бастау алғанын жария­лап, өңірдегі кәсіпкерлер мен ту­ған еліне, туған жеріне бейжай қарамайтын барша азаматтар­ды осы игі шараға белсенді атса­лысуға шақырды.

Алыста жүрсе де, ауылын ұмытпаған азаматтар

Елбасы жиі айтып жүретін биз­нестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі аясында өңірде бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыстар қолға алынып, бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Тек қана 2016-2017 жылдары облыста 9 миллиард теңгеден астам қаржы­ға 90 әлеуметтік нысан жөндеу­ден өтіпті. «Қазцинк» ЖШС 211 миллион теңгеге Өскемендегі медициналық оңалту орталығын, «КАЗ Минералс» тобы 531 миллион теңгеге Семейдегі спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты, «Титан магний комбинаты» АҚ 646 миллион теңгеге медициналық орталық салып, «Полиметалл» АҚ Жарма ауданының Әуезов кентін­де 240 миллион теңгеге «Аққу» балабақшасын толықтай қайта қалпына келтіріп берген болатын. Іргелі өндіріс орындарынан бөлек аймақта туған жерге жана­шыр азаматтар қатары жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Зайсан ауданының Қаратал ауылында тұратын кәсіпкер Бақыт­гүл Баймұханбетова 2010 жылы «Балапан» бағдарламасымен 35 орындық «Азамат» атты бала­бақша ашып, 10 адамды жұмыс­пен қамтыса, Шемонайха ауда­нын­дағы «Камышинское» шаруа қожалығының жетекшісі Вла­­­димир Акулов екі ауылдық округ­тің амбулаториясы, мектебі мен мәдениет үйін толықтай қамқорлығына алыпты. Семейдегі «Tandem Trade Company» ЖШС директоры Арман Ма­шимов үш айдың ішінде Шығыс ауылын­дағы өзі оқыған мектебі жанынан футбол, волейбол, баскет­бол алаңдары мен жүгіру жола­ғын салып беріпті. Күршім ауда­ны­ның Қалжыр ауылының тумасы, Алматыдағы «Асмед» медициналық орталығының директоры, дәрігерлер мен прови­зорлардың халықаралық қауым­дастығының мүшесі Жақсыбай Бижігітов соңғы бірнеше жыл көлемінде Қалжыр, Игілік және Марқакөл ауылдарына тұрақ­ты түрде көмек көрсетуді дәстүр­ге айналдырған екен. Бүгінде Ала­таудың баурайында тұрса да Алтайдағы ағайындарын бір сәт естен шығармайтын ел ағасы Же­ңіс­­тің 70 жылдығында Қалжыр ауы­лында Бақытбек Манаповпен бірлесіп боздақтарға, соғыстан оралмаған азаматтарға арнап ұзын саны 365 кісінің аты жазыл­ған мемориал ашыпты. Осы ауыл­дағы мешіттің имамына көлік тарту етіп, жаңа үй сатып алып беріпті. Бірнеше жыл қа­тары­нан бірінші сыныпқа барған оқу­шы­лардың барлығына оқу құралдары бар сөмке сыйлап, жаңа жылда мектептің барлық оқу­шы­ларына күлек таратып, көп балалы және жағдайы төмен отбасылардың үздік оқыған балаларына шәкіртақы тағайындап­­ты. Ақ халатты абзал жан Қал­жыр ауылымен ғана шектелмей ата-ба­басының мекені Игілік ауылын да қамқорлыққа алып, әр үй­ге құдық орнатып, ауыз сумен қамтамасыз етуге жәрдемдесіпті. Ауылдағы төбесі құлап тұрған медициналық пунктті 2 жарым миллион теңге қаржысын шығарып, күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл көшелеріне баға­на ор­на­тып, жарық тартып беріп­ті. Осындағы мектептің компью­тер­лері мен парталарын жаңартуға жәрдемдесіп, музы­калық аппарат сыйға тартыпты. Сонымен қатар бұрынғы Терек­ті, қазіргі Марқакөл ауылында көп жыл қараусыз тұрған ғимаратты қатымхана үшін сатып алып, жерлестерінің игі­лі­гіне ұсыныпты. «Ауылдан шық­қан бала едім. Өз ауылымды ұмыт­қаным, алыстап кеткенім жара­мас деп жерлестеріме қолдан кел­ген көмегімізді көрсетіп жүрген жайым бар. Асып-тасып жатқан бай­лығым да жоқ. Менікі бізді осындай дәрежеге жеткізген туған жер алдын­дағы перзенттік парызды өтеу. Біз үлкендер өзіміз­ден, елден, жер­ден ұялып осындай қадамдарға барып жатырмыз. Менің тілегім, бұл іске жас­тар жағы да көбірек атса­лысса деп ой­лай­­мын», дейді Күр­шім ауданы­­ның құрметті азаматы.

Өскемендегі форумға Алма­ты­дан алып-ұшып жет­кен атым­тай жомарт азамат алқа­лы жиында жоғарыда аттары атал­ған Бақытгүл Баймұхан­бетова, Вла­димир Акулов, Арман Машимовтармен бірге сөз алып, облыс әкімінің бастамасымен қол­ға алынған «Менің мектебім» акция­сын қолдайтындығын жет­кізіп, өз ауылындағы роботты техника кабинетін жабдықтауға 2 жарым миллион теңге бөлеті­нін тілге тиек етті. Сонымен қатар Жақсыбай Бижігітов өзінің ұлы Шыңғыс осыдан үш күн бұрын Марқакөл ауылын­да роботты техника кабинетін ашып, ак­ция­ға бірінші болып үн қатқанын айтты.

Бір күнде 2 миллиард теңге жиналды

Өскеменде өткен форумның бір өзгешелігі, жиын кезінде залда аукцион ұйымдастырылып, облыстың қалалары мен аудандарынан келген кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сындағы «Менің мектебім» ак­ция­сына үлес қосатындығын жұрт­­шылық алдында жария етіп, қан­ша қаржы бөлетіндігіне дейін ай­тып берді. Мәселен, семейлік кәсіп­кер, облыстық мәслихаттың депу­таты Әсемхан Досқұжанов атал­ған акцияға 50 миллион теңге қо­са­ты­нын, Тарбағатай ауданының тумасы, бүгінде Алматыда тұратын Дулат Тастекеев кіндік кескен ауданына 50 миллион теңге, оның 10 миллионын «Менің мектебім» акциясына аударатынын айтты. Зайсан ауданы – 19, Абай ауданы – 5, Катонқарағай мен Үржар ауданы – 4, Глубокое ауданы – 5 және Ұлан ауданының кәсіпкерлері 23 миллион теңге беруге әзір екен­дік­терін сол жерде мәлімдеді. Шара соңына қарай өңірдегі үш ірі кәсіп­орын «Казцинк», KazMinerals және Бақыршық тау-кен комбинаты әрқайсысы акцияға 300 миллион теңгеден қаржы аударуға дайын екендіктерін хабарлағанда зал толы көрермен дуылдата қол соқты. Осылайша облыс әкімі өңір мектептерін жаңа кабинеттер­мен жарақтауға қажет деген 2,8 мил­лиард теңгенің 2 273 605 000 теңгесі бір-ақ күнде жиналды. Енді бұл қаржы жергілікті «Парыз» қайырымдылық қорына аудары­лып, облыстың барлық мектеп­тері заманауи физика, химия, био­логия ж­әне роботты техника каби­нет­тері­мен қамтамасыз етілетін болады.

Төрт сағатқа жуық уақытқа со­зыл­­­ған тағылымды шара ба­ры­сын­да «Жігіттер» квартеті, «Ринго» тобы, Толқын Заби­рова, Ресей­­ден ар­­найы келген Турецкий хоры өнер көр­­сетті. Кәсіпкерлер форумы Қа­зақ­­стан­ның халық әртісі Роза Рым­­­баева­ның әуезді әндерімен түйінделді.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН