Уақыттың алдына шығып, заманнан озып отыратын шығармалар болады. Қай кезеңде оқысаң да сол кезде жазылғандай әсер береді. Және осы ескірмейтін шығармалар қайталап оқысаң да жалықтырмайды. «Парасат майданы» – осы санатқа кіретін шығарма. Адам қартайған кезде уақытына көп алаңдай бастайды екен. Жасыратыны жоқ, өмірдің көп қиындығы жас келгенде түкке тұрғысыз боп қалады. Бір кездері сол қиындықтармен жан аямай күрескеніңді ойлағанда, кейбірін күліп, кейін жылап еске аласың. Күлетінің: баянсыз дүниені бағалы деп ойлаппыз; Жылайтының: ең аяулы құндылықтар үшін күресіп, бірді-екілісіне ғана қол жеткізіппіз.
Сонда қартайған ақын не туралы ойлау керек? Әрине, өмір туралы. Ал «Парасат майданы» күнделік иесі мен бейтаныс құрбы арасындағы өмір туралы таңғажайып әңгіме. Зұлымдық пен ізгіліктен тұратын мына әлем ақ пен қараның шайқасы ғой. Төлен жалпы адамзаттық кеңістікте ой қозғаса, мен өз үйшігіме кіріп алып, «Парасат майданы» арқылы өз ғұмырымның ақ-қарасын ажыратуға тырысамын.
Ізгілік нұры сөнбеуге тиіс. Оған Төлен Әбдік сияқты қаламгерлердің шығармалары көп көмек көрсетеді.
Жәркен БӨДЕШ,
ақын