Футбол • 20 Қазан, 2017

Қазақ ұланы доп тебе алмай жүр. Неге?

530 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Футболдан ұлттық құрамамыз үшін 2018 жылы іргеміздегі Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирі аса абыройсыз аяқталды. Топтағы қарсыластармен он ойыннан бар-жоғы үш-ақ ұпай иелендік. Өз алаңымыздағы бес кездесудің үшеуін тең аяқтап, екеуінде дырдай болып ұтылдық. Сырт алаңдардағы матчтардың бесеуінде де қарсыластарымызға еш қауқар таныта алмадық. Он ойында өз қақпамызға топырлатып 26 доп жіберіп, 6-ақ доп соғуға шамамыз жетті. Бұл әлем, Еуропа чемпионаттарына жолдама үшін таластағы ең дәрменсіздік танытқан турнирлеріміздің бірі болды. 

Қазақ ұланы доп тебе алмай жүр. Неге?

Ұмытпасақ, 2002 жылы Еуро­па футбол одағы қауым­дастығының (УЕФА) құрамына өттік. Осыған қол жеткізген адам­дардың табандылығына тән­тіміз. Әйтпесе басқа спорт түр­лерінің бәрінде Азияға қарай­мыз. Жаңа ғасыр басындағы футбол функционерлерінің сол кездегі ниеттерінің оң болғаны, яғни Еуропаға өтсек, деңгейіміз тез өседі деп ойлағандары анық. Әлемде №1 спорт сана­латын ойынды жақ­сы көретін, оның ертеңіне бей­жай қара­майтын жұрт­шылықтың ба­сым бөлігінің де дәл осы­лай ой топшылағаны күмәнсіз. Өкінішке қа­рай, сол уақыттан бергі 15 жыл ішінде кері кетпесек, ілгеріледік деп ай­­туға ауыз бармайды. Тіпті бүгінде Азия футбол қауым­дас­тығы құрамында қала бер­ге­німізде әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігіміз ана­ғұрлым арта түсетін еді деп пайым­дайтындар қатары да аз емес. Бірақ бүгінгі деңгейімізбен бұған Азияның өзінен де жуыр маңда қол жеткізе қоярымыз екіталай болар еді. Мұны да іштей мойындауға мәжбүрміз.

Кезінде допты еліне жаны ашитын, өзім дегенде өзегін жұлып беруге дайын нағыз пат­риоттар, яғни қазақтар теп­сін деп «Намыс» командасын құрғанымыз, оның аяғы немен тынғаны баршамызға белгілі. Біздіңше, мәселеге дәл бұлай бір­жақты қарауға болмайды. Допты ұлтына, нәсіліне қара­май кім шебер сол тебуі тиіс. Бұған мысалды да тым алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, соңғы 20 жыл бедерінде әлем ареналарында атой салып жүр­ген Франция құрамасын алайық. 1998 жылы әлем, 2000 жылы Еуропа чемпионы болған Франция ұлттық құрамасы сапында таза француздардың үлесі (қосалқы құрамдағы ойыншыларды қоса алғанда) 40 пайыздан асқан жоқ. Сол кезде Зинеддин Зидан мен Патрик Виейраның, Юри Джоркаефф пен Тьери Ан­ридің, Давид Трезеге мен Ален Богосянның жасыл алаңда жасындай жарқылдағанын футбол сүйер қауым жақсы біледі. Францияның оның алдындағы құрамаларының сапында да өзге этнос өкілдері жеткілікті болса, қазіргі құрамасының қатарында да «француз емес» француздар аз емес.

Мұндай мысалды көлденең тартқанда 1980-жылдардың екін­ші жартысында жасыл алаңның «шаңын қаққан» Голландия құра­масының сапындағы «қара маржандарды» (Рууд Гуллит, Франк Рейкард, т.б.) қалай ұмытарсың. Ал бертінде Клеранс Зейдорф, Патрик Клюйверт, Эдгар Давидс сынды қара нәсілді аяқдоп шеберлері атой салды. Жалпы, Еуропаның атақты деген кез келген құрамасынан «қаны бөлектерді» қиналмай-ақ тауып алуға болады.

Қазір Қазақстан құрама­сының сапында қазақтардың үле­сі басым. Және бүгінгі таң­да құрамада ойнауға ең лайық­тылар да солар екеніне шүбә жоқ. Бірақ команда сапындағы қазақтардың ойыны қарын аш­­тыратынын ашық айтқан жөн. Әсіресе, еліміздің намы­сын қор­­ғап жүргендеріне біраз жыл­дың жүзі болған Азат Нұр­ғалиев, Мақсат Байжанов секілді «ақсақалдарымызды» алмас­тыратын жөні түзу резерві­міз­дің жоқтығы да дабыл қақ­ты­рарлықтай-ақ жағдай. Бүгінгі маңдайалды, ылдиға салса төске озған мықтыларымыз осылар болса, жуыр маңда аяқдоптан шауып бәйге алмайтынымыз атар таңдай ақиқат. Демек, бұл жоғары деңгейде өнер көрсете алатын шебер ойыншылар дайындамай көсегеміз көгермейді, қандай да бір көңіл көншітерлік жетістіктерге жете алмаймыз дегенді білдіреді. Оның үстіне, құрама сапында ойын тағдырын шешіп кетуге қауқарлы шабуылшылар жоқ және болған да емес. Бұл Қазақстан құрамасының әу бастан шешімін таппай келе жатқан бас ауруы екені тағы талассыз.

Қазақстанның премьер-лигасында өнер көрсететін футболшылар жалақысының аса жо­ғары екендігі туралы да жиі айтылады. Жалақылары ойындарына сәйкес болуы тиіс дейді. Ақшаны күреп тапқан соң шеберлік шыңдау, өсу жағына қарай ұмтылмайды дейтіндер де жоқ емес. Бұл сөздердің де жаны бар. Өйткені алыс шет­ел түгілі іргемізде тұрған Ре­сей чемпионатында ойнайтын бірде-бір қазақстандық жоқ десек, қателеспейтініміз анық. Әлемдік рейтингте әлжуаздар қатарындағы Ресейде ойнауға жа­ра­маған футболшының дең­­гейі қаншалықты екенін осы­дан-ақ бағамдай беріңіз. Есе­­сіне Қазақстанға келіп доп теуіп жүрген ортаңқол шетел­діктер жетіп артылады. Өйткені Қазақстан чемпионатында ой­найтындарға футболы біз­бен деңгейлес, тіпті сәл-пәл жо­ғары елдер чемпионаттарына қа­рағанда, жалақы айтарлықтай көп төленеді.

Жалпы, футбол экономикасы мықты елдерде жақсы дамыған деген тұжырыммен де келісе беруге болмайды. Оңтүстік Аме­рика құрлығының кедей, еңсе­сін енді ғана көтере бастаған елдерінде футбол деңгейі аса жоғары екеніне ешкім дау айта алмас. Тіпті Қазақстан Африка футболына да бәсекелес емес. Оңтүстік Американы айтпағанда, Африканың көптеген өкілі Еу­ропаның «мен» деген атақты командаларында тамаша ойнап жүр. Ал Қазақстанды даму көр­­сеткіші жағынан аталған құр­лық­тағы кез келген елден жо­ғары қойсақ жарасар. Бұдан футболдың дамуы елдің эконо­микалық көрсеткіштеріне аса тәуелді емес деп ой түюге әбден болатындай.

Сондай-ақ футбол өнерінің қаншалықты өркен жайғаны мемлекеттің үлкен-кішілігі мен халқының санына да тіке­лей байланысты емес дер едік. Бұған да көлденең тартар дә­лел, дәйектеріміз баршылық. Мәсе­лен, қазіргі таңда Қазақстан құра­масы халқының саны бар-жоғы 300 мыңның ар жақ-бер жағындағы шағын ғана Исландия құрамасымен текетіресе алмайтыны хақ. Халқы 600 мыңның төңірегіндегі Чер­ногориядан әлем чем­пио­натының жақында аяқталған іріктеу тур­нирінде өз ала­ңымызда да, сырт алаңда да оңбай ұтыл­дық. Слове­ния мен Алба­ния­­ның, Босния жә­не Гер­це­го­ви­на мен Кипрдің де бізді қарсылас деп танымайтыны­на бәс тіге аламыз.

Кейбіреулер ко­ман­далық ойындарда бапкер басты рөл атқарады. Қазақстан құрамасына сырттан мықты маман шақыру керек деп жатады. Жөн-ақ дейік. Бірақ бапкер си­қыр емес қой, дұрыстап доп тебе алмай­тын адамдардан ше­берлер жасап, команданы мықты етіп шығаратын. Демек, бапкерге деңгейі жоғары командада ғана өзін жақсы жағынан көрсетуге мүмкіндік бар деген сөз. Мысалы, атақты жаттықтырушылар Алекс Фергюссонды немесе Жозе Моуриньюны Қазақстанға ша­қы­рып әкеліп, барымыз осы, осы ойыншылардан мықты құра­ма команда жасақтаңыз десе қолдарынан келер ме еді? Әрине, жоқ. Әлбетте жақсы маман құрама деңгейін шамалы көтерер. Бірақ түпкілікті жақ­сарта алмайтыны айдай анық.

Қазақстан бүгінде әлемдік рейтингте өзіне лайықты орнын еншілеп отыр. УЕФА 2018 жылғы әлем чемпионатының ірік­теу турнирінің қорытындысы бойынша ұлттық құрамалардың рейтингін түзіп, оларға 2020 жылы болатын Еуропа чем­пиона­тына қатысуға қосымша мүмкіндік беретін Ұлт лигасы деген тұрақты жаңа бір тур­нирдің тұсауын кесті. Онда ұлттық құрамалар рейтингтегі орындарына сәйкес төрт топ­қа бөлінген. Қазақстанға күт­кен­дегідей Фарер аралдары, Люксембург, Молдова, Лих­тенштейн, Мальта, Андорра, Сан-Марино, Гибралтар сияқты ел­дер­дің құрамаларымен бірге соңғы топтан орын тиген. Әзір­ше еліміз құрамасы үшін лайық­ты орын осы. Дұрыстап доп теуіп үйренгенімізше осылайша көштің соңында қала бермекпіз.

Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар