Қазақстан • 20 Қазан, 2017

Астанада «Ғарышқа қазақстандық жол: жүзеге асуы мен даму келешегі-2017» атты конференция басталды

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада «Ғарышқа қазақстандық жол: жүзеге асуы мен даму келешегі-2017» халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Алғашқы жасанды Жер серігінің ұшырылуына 60 жыл толуына арналған форумға 18 елдің ғарыш мекемелері мен мемлекеттік органдарының өкілдері, танымал ғалымдар, ғарыш технологиясы саласындағы әлемнің жетекші компанияларының мамандары қатысуда.

Астанада «Ғарышқа қазақстандық жол: жүзеге асуы мен даму келешегі-2017» атты конференция басталды

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдас­тырып отырған форумның мақсаты  экономика саласындағы мәселелерді шешу үшін ғарыш қызметіндегі нәтижелерді қолдану бойынша тәжірибе алмасу, соңғы он жылдағы ғарыш қызметінің қорытындысын қарастыру, сондай-ақ әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, еліміздің ғарыш саласын дамыту жоспарларын талқылау болып табылады.

Форумды ашқан Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан ғарыш саласын дамыту бойынша Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің маңыздылығын айта келіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс­тарды атап көрсетті.

«Бүгінде «Байқоңыр» бүкіл адамзаттың игілігіне айналып отыр. Осынау бірегей кешен бұрынғы Кеңес Одағындағы ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі көп­теген технологияның даму бас­тауында тұр. Қазіргі уақытта ресей­лік әріптестермен кешенді одан әрі дамыту тұжырымдамасы қабыл­данды. Онда ғарыш айлағының қол­даныстағы нысандарының базасында ғарыш жобаларын жүзеге асыруға қатысты біздің байланыс­тарымызды жалғастыру шарттары көзделген», деді министр. Сондай-ақ ол экологиялық тұрғыда қауіпсіз жаңа ғарыштық зымыран кешенін әзірлеу жөніндегі «Бәйтерек» жобасы маңызды саналатындығын атап өтті. «Бұл жоба биыл басталды. Біз жаңа кешенді 2022 жылы алғаш рет ұшыруды жоспарлаудамыз. Қазақстан тарапы жер үсті кешендері мен инфрақұрылымына қатысты жұмыстарды жүргізсе, ресейлік тарап зымыран дайындаумен айналысатын болады», деді Б.Атамқұлов.

Бұдан кейін Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер, Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұса­баев пен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы бас директорының ғарыш қызметі бойынша орынбасары Сергей Савельев құттықтау сөздерін жеткізді.

Пленарлық отырыста отандық ғарыш саласын дамыту туралы негізгі баяндаманы Қорғаныс және аэ­роғарыш өнеркәсібі вице-ми­нис­трі Марат Нұрғожин жасады. Вице-министр өзінің баяндамасында министрліктің жұмысы негізгі төрт бағыт бойынша жүр­гі­зілетініне тоқталды. Олар Қазақ­стан Республикасы ғарыш ап­парат­тарының орбиталық топтастырылуы­н қолдануды дамыту және кеңейту, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру жобасын жүзеге асыру, ғылыми зерттеуді дамыту және олардың нәтижесін тәжірибеде пайдалану, «Байқоңыр» айлағын дамыту аясында «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыру және кадрлық потенциалды арттыру.

Сондай-ақ Еуразиялық эконо­микалық комиссияның, франциялық «Airbus Defence and Space» және «Thales Alenia Space», академик М.Ф. Решетнев атындағы ресейлік «Ақпараттық спутниктік жүйе», оңтүстіккореялық «Satrec Initiative» компанияларының өкілдері баяндама жасады.

Форумның бұл алғашқы күні «Ғарыштық және геоақпараттық технологиялар» атты Еуразиялық тех­нологиялық платформасының жалпы жиыны отырысымен аяқ­талды. Алқалы басқосудың қорытынды шаралары бүгін өтеді.

Айта кетейік, 2013 жылдан бері «Қазақстандағы ғарыш күндері» тақырыбымен семинар ретінде жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл жиын биыл өзінің әсер ету аумағы мен шекарасын кеңейте түсті. Яғни аталған басқосу халықаралық семинардан халықаралық форумға айналып отыр. Форум ғарыш қызметіндегі маңызды сауалдар талқыланатын алаң ретінде жұмысын жалғастыра бермек.

Форумда қатысушыларға Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш­тық тобы құрылымының соңғы үл­гіле­рімен және жаңа технологиялары­мен, навигациялық жүйесімен, ғарыш аппараттарының тиімді жүк­темесін өндіру саласымен таны­суға мүмкіндік беріледі.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»