Сол күндері Ақжайық ауданындағы Базаршолан, Базартөбе ауылдық округтерінде қалың өрт болып, елді мекендер жалынға орана жаздады. Бөкей ордасы ауданы, Орда ауылдық округіндегі Нұртай Ахметовтің шаруа қожалығынан 25 ірі қара, 250 орама, 1,5 мың тайланған шөп жанып кетті. Әсіресе 30 шілде күні Қазталов ауданы аумағында болған алапат өрт кезінде Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қособа ауылы тұрғындарының 598 бас ұсақ малы тірідей өртеніп кетті. Мал кезегінде жүрген ауыл тұрғыны, 1990 жылы туған жас жігіттің денесінің 80 пайызын күйік шалып, жедел түрде облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай көз жұмды.
Тосын құбылыстың тәлкегіне ұшыраған ауылдастарын қазталовтық ағайындар барынша қолдады. Тамыз айында аудандағы шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары жылу жинап, 360 бас қой-ешкіні қорасы бос қалған 16 отбасына таратып берген болатын. Қыркүйек қарсаңында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, Қособа ауылындағы мектеп оқушыларына жалпы құны 400 мың теңге болатын киім-кешек үлестірілді.
Жоғарыдағы төтенше жағдайға байланысты жергілікті билік тарапынан комиссия құрылып, шығын есептелген еді. 13 отбасының өртке кеткен 250 бас малының өтемі ретінде облыс әкімдігінің резерв қорынан 5 миллион 300 мың теңге қаражат аударылып, өтемақы 13 қазан күні мал иелерінің қолына тиді.
– Бізге көмек қолын созған барша жанға қособалықтардың алғысы шексіз. Өртенген малдың орнын толтырып, малдай да, ақшалай да көмек көрсетіп жатыр. Ризамыз, бізге жасаған жақсылық оларға да Алладан қайтсын деп тілейміз, – дейді қособалық Тастемір Қойшыбаев.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»