Қазақстан • 20 Қазан, 2017

Балбал тастар мен бақыт іздеген екеу

1320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы суретші деген халықтың шеберлігі немен өлшенеді, өзгелерден бөлектігі қалай бағаланады деген сауалдың жауабын суретшінің шеберханасынан тапқандай әсерге бөлене отырып, Өмірбек Жұбаниязовтің жұмыстарына сапар шеккізген кездейсоқ сәттілікке іштей алғыс айта кетуді ұмытқан жоқпыз. 

Балбал тастар мен бақыт іздеген екеу

Біраз бұрын біздің «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде бір сурет жа­рия­ланған-ды. Онда Елбасы Қазақстанға арнайы келген Рим Папасы ІІ Иоанн Павелге тамаша бір өнер туындысын тарту етіп, оны мәртебелі қонақ ықыласпен қабыл алып отырғаны бейнеленген. Бұл сурет Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, талғам­паз қылқалам шебері Өмір­бек Жұбаниязовтің «Кездесу» атты туындысы болатын. Балбал тас­тың түбінде сырласып отырған қыз бен жігіт... Осы суретке қарап отырып, «Сіз де біздей болғансыз, біз де сіздей болармыз» дейтін бабалардан қалған тәмсіл еске түседі. Бұл ғашықтардың ғана кездесуі емес, бір кездегі белгілі бір бекке қойылған тас мүсін түбіндегі дәуірлердің де тоғысуы деп біліңіз. Бір-біріне ынтық жандардың төбесінде қалықтаған құс бақ болып қонар ма екен?

Суретшінің «Сұлтан Бейбарыс» пен «Мәмлүктер», «Қасиетті жер», Қозы мен Баян», «Кәмелет» атты жұмыстары ұлттық бейнелеу өнерінің қоржынындағы шоқ­тығы биік шығармалар санатында. Ал «Мәмлүктер» картинасы Катар шейхына тарту етілсе, Рим Папасына сыйланған туынды Ватикан музей қорына қосылғаны бізге де мәртебе.

«Қозы мен Баян» да Өмірбектің өнерден өз еншісін дауламай алатын дарын екенін дәлелдейтін туынды. Алыстағы алып шынарды саялаған, сағым сынды уақыттың тасасындағы ғашықтарды суреткер мүлде басқа қырынан көр­сеткен. Буалдырланып барып бері жақындайтын сайын даладағы қасқа күрең мен ақбоз ат мазасыз жер тарпып, табиғатпен тұтасып барып, бүтін бір тағдырларды көз алдыңа әкеледі.

Қалай десек те, суретші тек­тілікке тәу етіп, сайын даланы еркін жайлаған ержүрек тарихымызды қалғып кеткен сәтінен қайта қаламымен «түртіп» оятып, ұлт­тық өнер дейтін ауылға үйіріп қосып жатқандай әсер қалдырады. Ежелгі ел мен қазіргі туған жер сүйіспеншілікпен, елжандылықпен Жұбаниязовтің сурет болып төгіліп жатқанын көріп, жан сарайың­нан жылы леп өткендей күй кеше­сің. Бұл «Көш», «Жолаушы» туындыларынан кейін туған ойлар.

Уақыттың қойнауларынан суы­рып алғандай сюжеттер дарын­ды суретшінің ұлтымыздың этно­гра­фиялық, генетикалық ерек­шелі­гіне ендей алатын зерделілігін де паш етеді.

Жұбаниязовтің жұмыстарында асыл­тұ­қымды тұлпарлар, боталы түйелер лайықты орын алған. Оның да өз жөні бар. Суретшінің пайы­мынша, жылқы мінезді қазақ­тың ұлттық бренді сәйгүлік болуы тиіс.

«Басты тақырыбым – ата жо­лы, кешеден бүгінге жеткен тарих керуені. Суретші де ға­лымнан кем емес. Жұмысқа кі­ріспес бұрын қаншама зерттеу жүр­­гізеді», дейтін Жұба­ния­зов­тің сөзінде титтей де жасан­ды­лық жоқ.

Жұбаниязовтің «Кенесары хан» суреті қазір көптеген кі­таптардың мұқабаларын көр­кемдеп жүр. Ресей баспалары да қажетіне пайдаланып жүр­генін айта кетуге бола­ды. Ал туындының түпнұс­қа­сы ханның ұрпағы – Нәпуса Әзім­хан­қызының жеке қорында екен.

Өнертанушылар Ө.Жұба­ния­­зовтің өзіне тән ерекшелігі – көр­кем туынды­ларының көпшілігі ландшафты бір жазық бойымен бедерленуі дейді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ