Әлем • 20 Қазан, 2017

Италиядағы референдумдар туралы не білген жөн?

384 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

22 қазанда Венеция мен Ломбардия құқықтарын кеңейту мақсатында референдум өткізеді. Венеция басшысы Лука Дзайя референдум уақытын осыдан бір жыл бұрын белгілеп қойған. Кейін бұл бастамаға Ломбардия губернаторы қосылады.

Италиядағы референдумдар туралы не білген жөн?

Нақты шешім қабылдана ма?

Бұл референдумда Италиядан бөлініп шығу туралы әзірге әңгіме қозғалып отырған жоқ. Қазіргі уақытта Венеция мен Ломбардияның билік тізгіні «Солтүстік Лигасының» өкілдерінде. Бұл партия 1990 жылдары солтүстік өңірлердің Италия құрамынан шығып, жеке Падания мемлекетін құруды насихаттаған екен. Ал енді партия тынышталып, Италиядан дербестік қана сұрап отыр. Бір күмәнді жайт, жақында партия Каталонияның Испаниядан бөлінуін қолдаған екен.

Референдум енді дайындалып жатқан кезде Венеция билігі өңірге автономия сыйлаумен қатар, Италиядан тәуелсіз болуды көксеген еді. Бірақ елдің конституциялық соты бұндайға жол бермейтіні анық болып, биліктегілер автономия туралы референдум жариялауға шешім қабылдады.

Италия Конституциясының 116-бабына сәйкес өңірлер Римнен көбірек автономия талап ете алады.

Олар нені көздеп отыр?

Алдымен мәселе қаржылық дербестікте. Екі регион тапқан табысын Римге салық ретінде жібермей, көп бөлігін өзінде қалдырғысы келеді. Венеция мен Ломбардия – Италияның ең бай өңірлері. Екеуі бірігіп мемлекеттік ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін құрайды.

Бұл референдумдар консультативті болады. Яғни олардың нәтижелері мемлекет үкіметін белгілі бір шешім шығаруға міндеттемейді. Алайда, Рим 15 миллион халқы бар экономикалық қуатты екі өңірдің қалауын елемеуі мүмкін емес екендігі анық.

Венеция халқы не үшін туристерге өкпелі?

«Бұл туризм емес, бұл баса көктеп кіру», дейді қала тұрғындарының бірі. Венециялық лагунаға кірген туристік кемелер ескі ғимараттардың фундаментін шайып кететін көрінеді.

Аздап статистикаға үңілейік, Венецияны күніне 75 мың адам тамашалауға келеді екен. Бұл жергілікті халықтың санынан әлдеқайда көп - 50 мың адам. Ал жылдық көрсеткіштер тіптен таң қалдырады. Италияның інжу-маржанын көруге жылына 25 миллион турист келеді!

Муниципалитет пикник сүйгіштер қалдыратын тонна қоқысты әрең тазартып үлгіреді. Ал қала тұрғындарына ауадай қажет заң кеңселері, медицина орталықтары мен тіпті азық-түлік дүкендері жабылып, орнына қонақжайлар ашылуда. Соның салдарынан жастар өзге қалаларға қоныс аударады, ал қала халқы жыл өткен сайын қартайып барады.

Қаражат қайдан алса болады?

Қала тұрғыны Себастьян Фагараццидің айтуы бойынша, шағын бизнес орындары азайды. Туристерден келіп түскен табыстың көп бөлігі билікке кеткендіктен, қалған табыстың көлемі сол туристерге қызмет көрсетуге әрең жетеді.

ЮНЕСКО жергілікті билікті үлкен қаражатты жөнді қолдана алмағаны үшін айыптап отыр. Бұл мәселе шешімін таппаса, Венеция Әлемдік мұра объектілерінің тізіміне енуі мүмкін. Әдетте, ол тізімге соғыс аймағында орналасқан қалалар енеді.

Әзірлеген

Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»