Кездесу барысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, латын қарпіне көшу мәселесі төңірегінде әсерлі әңгіме өрбіді. Болашақ журналистер басқарма төрағасына өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Әсіресе олар «Егемен Қазақстан» газетінің оқырман тартудағы ерекшелігіне, басылым мазмұны мен шығу форматына қызығушылық танытты.
Д.Қыдырәлі бүгінде еліміздің бас басылымының атауы жаңаша жазылып, ребрендинг жүргізіліп, D2 еуро форматында шығарылып жатқанына, газеттің форматы ғана емес, мазмұны да өзгеріп, оқырман талабын қанағаттандыру мақсатында арнайы жобалар қолға алынып, Тәлім, Білім, Таным секілді арнайы беттер жарық көре бастағанына тоқталды. Материалдардың көлемі де қысқарып, сапа мен мазмұнға көбірек көңіл бөлінетінін айтты.
«Қазір әлемдегі белді басылымдардың оқырмандары азайып бара жатса, керісінше «Егеменді» оқитын адамдардың қатары көбейіп келеді. Газеттің сайты алғашқы елуліктің ішіне енді. Басылымның сайтын шет елдегі қандастарымыз да оқиды», - деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар Д.Қыдырәлі газетке жазылу, оқырманмен байланыс жайын тілге тиек етіп, басылымға жазылу мәселесіне патриотизм тұрғысынан қараудың маңыздылығын атап өтті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН