29 Қаңтар, 2010

КЕЛІССӨЗДЕР КЕЛЕЛІ КЕЛІСІМДЕРГЕ БАСТАЙДЫ

1381 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Еуроодақтың қазіргі төрағасы –Испания Сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратиноспен кездесті. Жақсыбай САМРАТ – Брюссельден.Кездесу барысында алдымен Қазақстан мен Еуроодақ арасын­да­ғы қарым-қатынастың кейбір қыр­лары талқыланды. Өз тарапынан М.А.Моратинос Испания мемле­ке­ті төрағалық етіп тұрғанда Еуро­одақ­тың Қазақстанмен өзара қа­рым-қатынасының өрістеуіне күш салатынын атап өтті. Соның ішінде алдағы уақытта қол қойылатын өзара әріптестік жөніндегі келі­сім­нің тезірек дайындалуына және ол туралы келіссөздердің жақын күндерде басталуына ықпал ететі­нін жеткізді. Бұл келісімге 2010 жыл­дың алғашқы жарты жылды­ғын­да қол қойылады. Мұның өзі Ис­панияның ЕО-ға төрағалық етуіндегі басымдықтардың бірі болады, деді ол. Келіссөз барысында талқылан­ған екінші маңызды мәселелер Қа­зақстан мен Испания арасындағы өзара қарым-қатынастарға арналды. Бұл жерде тараптар барлық жақты қамтитын қарым-қатынастар жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын атап көрсетті. Соның ішінде Испа­ния Королі Хуан Карлос І-мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы жақсы қарым-қатынастар бұл іске игі ықпал ететіндігі аталып өтті. Одан әрі жоғары деңгейдегі сапарлар туралы айтылып, соның ішінде осы жылы Испания Королінің Қазақ­стан­ға жасайтын сапары туралы әңгіме қозғалды. Ал Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесіне қатысты М.Моратинос өзінің тілектестігін білдірді. Бұл міндетті жуықта ғана атқарғандықтан, біз оның қаншалықты күрделі жұмыс екенін ұмыта қойған жоқпыз, дей келіп, ол Қазақстанның саммит өт­кізу туралы идеясының дұрысты­ғын атап көрсетті. Бұл идея Еуро­одақ аумағында күн өткен сайын қолдау таба түсуде, деді ол. Енді оның күн тәртібін бекіту ісі алда тұр. Тараптар оның да ЕҚЫҰ дәс­түрі бойынша консенсус тәртібімен бекітілуі қажеттігін атап өтісті. Қауіп­сіздік мәселелері туралы айт­қанда Ауғанстандағы жағдайды рет­теу­дің маңыздылығы ауызға алынды. Қанат Саудабаевтың Бельгия Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі С.Ва­на­кермен кездесуінде екіжақты қа­рым-қатынастарды дамыта түсудің маңыздылығы және оған қажетті барлық мүмкіншіліктің барлығы атап көрсетілді. Бельгияның Қазақ­стан бастамаларына қолдау көрсе­тетіні айтылды. Осыдан кейін Қ.Саудабаев Еу­ро­па Парламентінің төрағасы Е.Бу­зекпен кездесті. Еуропарламент Төрағасы ЕҚЫҰ-мен арадағы қа­рым-қатынастардың Қазақстан төр­ағалығы кезінде жақсара беретініне сенім білдірді. Брюссельден Лондонға аттанар алдында Қанат Бекмырзаұлы НАТО-ның Бас хатшысы А.Фог Рас­муссенмен кездесіп, келіссөз жүргізді. Альянстың Бас хатшысы Қазақстанның НАТО-ның Орталық Азиядағы ең басты әріптесі екенін атап өтті. Келіссөз барысында был­тырғы жылы Қазақстанда болып өткен НАТО-ның қауіпсіздік фо­румына жақсы баға берілді, соны­мен қатар, ТЖМ шеңберіндегі Қа­зақстан – НАТО оқу-жаттығу­лары­ның жақсы дәрежеде өткені ай­тылды. Өткен аптада Қазақстан мен НАТО арасындағы болашақ іс-әре­кет жоспарының жасалып біткені белгілі болды. Тараптар осы құжат екіжақты қарым-қатынастардың не­гізі болатынын атап өтісті. Со­нымен бірге, кездесу барысында Ауғанстан проблемасы туралы да пікір алма­сылды. А.Ф.Расмуссен Қазақстан Президентінің ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы идеясын қол­дайтынын және оның күн тәр­тібіне Ауғанстан мәселесі енгізілуін жақтайтынын жеткізді. Кездесу со­ңында Қ.Сау­дабаев Бас хатшыны Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Осыдан кейін Қ.Саудабаевтың сапары Лондонға жалғасты. ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫНА  ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЗОР ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Лондон қаласына келді. Ол мұнда Ауғанстан мәселелеріне арналған Сыртқы істер министрлерінің конференциясына қатысады. Жақсыбай САМРАТ – Лондоннан. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Лондон қаласына келді. Ол мұнда Ауғанстан мәселелеріне арналған Сыртқы істер министрлерінің конференциясына қатысады. Қанат Саудабаевтың Лондон­да­ғы сапары да қауырт жұмыстармен басталды. Алдымен ол халықаралық қатынастардың “Чатем хаус” атты корольдік институтында кездесу өт­кізіп, жиналғандар алдында сөз сөй­леді. Ондағы сөзін Қанат Бек­мыр­заұлы ЕҚЫҰ-ның  56 мемле­ке­тінің бәрі бірауыздан Қазақ­стан­ды төраға етіп сайлағанының өзі біздің елдің тәуелсіздік алған жыл­дары жеткен табыстарына берген үлкен баға екенін айтудан бастады. Төр­ағалыққа сайлануымен Қазақ­стан Ұйым жұмысына жаңа леп пен үміт­тер әкелетін болады. Мұның өзі Ұйымның қауіпсіздік пен кикіл­жіңдердің алдын алу істерінде ма­ңызы зор болары сөзсіз, деді Қ.Сау­дабаев. Одан әрі қазақстан­дық министр Президент Н.Назар­баев­тың Үндеуінде жария­ланған төрт “Т-дан” басталатын мақсат­тар­дың маңызын түсіндіріп берді және төрағалықтың Қазақ­стан хал­қы үшін де маңыздылығын, ол отандық патриотизм мен қоғамның демократиялық дамуға деген ұм­тылысын оята түскенін жеткізді. Қазіргі қоғамымыздың еуропалық жолмен дамуын мақсат еткен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы да үстіміздегі жылдан бастап іске асырыла бастайды. Созылып кеткен кикілжіңдерге тоқталған Қанат Бекмырзаұлы 2008 жылғы Ресей мен Грузия арасын­дағы қақтығыс олармен қатты айналысып, реттеуге ұмтылмаудың қиын жағдайларға жеткізетінін көрсетіп берді. Сондықтан Қазақ­стан­дық төрағалық ЕҚЫҰ шең­бе­рін­де осыларды реттеуге бағыттал­ған келіссөздер үдерістерін жүр­гізу­ге қазірден бастап әзір, деді. Осы­ған байланысты Іс басындағы төр­аға созылып кеткен кикілжің­дер­мен айналысатын арнаулы өкіл­дермен болатын жұмыстардың тиімділігін жіті қадағалайтынын айтты. Ал ЕҚЫҰ-ның себеттеріне тоқ­талғанда Қанат Саудабаев ал­ды­мен оның әскери-саяси жағын ауызға алып, “Корфу үдерісінің” одан әрі  жалғастырылып, Еуро­па­дағы кәдімгі қару-жарақты шектеу жөніндегі келісімнің жаңа түрі де күшіне енер деген үмітте екені­міз­ді білдірді. Қазақстанның БҰҰ-ның 1540-шы қарарының іске асы­рылып, жаһан­дық ядролық қа­русыздану жолын қолдайтынын жет­кізді. Одан әрі Ауғанстан қауіп­сіздігінің маңызды­лығы тура­лы айтты. Осыған орай ауған­стан­дық студенттерді оқытып, бейбіт ма­мандар дайындауға Қазақ­стан­ның 50 млн. доллар бөлгенін және ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бары­сында да осы тәріздес жобаларды қол­дауға Ұйым тарапынан қаражат бөлдіруге тырысатынын жариялады. Ұйымның экономикалық-экологиялық себетіне байланысты айтқан сөздерінде Іс басындағы төраға трансконтиненталдық тран­зит пен көлік дәліздерін дамыту­дың қажеттілігін атап берді. Мұ­ның өзі жаһандық қаржы-эко­но­ми­калық дағдарысты еңсеруге және ЕҚЫҰ елдері арасындағы даму деңгейін бірізділікке әкелер еді, деді ол. Экологиялық қауіп­сіз­дікке тоқталғанда Қанат Саудабаев Арал теңізі проблемасын айта келіп, ол Орталық Азия елдері үшін ғана емес, барша Еуропа елдеріне де қатысты экологиялық апат еке­нін атап көрсетті. Сондықтан ЕҚЫҰ шеңберінде осы аймақтағы эколо­гиялық қауіпке қарсы мо­ни­торинг­тің кешенді жүйесін жасаған абзал. Ұйымның тағы да бір маңызды себеті – адамгершілік өлшемі ту­ралы айтқанда Қ.Саудабаев адам­ның жеке басының қауіпсіздігі үне­мі Ұйымның назарында бо­луын қалайтынын жеткізді. Осы­ған орай Қазақстан төрағалығы тарапынан ДИАҚБ, Жоғарғы ко­мис­сардың офисі сияқты Ұйым инс­титут­тары­ның әрқашанда қолдау табатынын білдірді. Сонымен бірге, өр­ке­ниет­тің жоғары деңгейіне жетіп отырған Еуропаның өзінде ұлтаралық және конфессияаралық кикілжіңдердің болып қалатынына қынжылыс біл­діре келіп, бұл істегі Қазақстанның жетістігін ауызға алды және осы жыл­дың 29-30 маусы­мын­да Астана қаласында өтетін осы та­қырыпқа арналған конференцияның маңыз­ды­лығын атап өтті. Сөзінің соңында Қанат Сауда­баев Қазақстан төрағалығының жалпы адамзат үшін тиімді болма­ғын қалайтынын және сол үшін бар­лық мүмкіншіліктер де  пайда­ла­нылатынын айта келіп, Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көтерілген ЕҚЫҰ-ның саммиті солардың бірі бола­ты­нын мәлім етті. Біз онда Ұйым жұмысына пайдалы өзгерістер жасалуын қалаймыз, мүмкін онда құрылымдар мен институттардың бүгіннен де тиімді жұмыс істеуі үшін ЕҚЫҰ-ны реформалауға келісетін болармыз, деді ол. Кеше Қанат Саудабаев Ауған­стан проблемасына арналған Сыртқы істер министрлерінің Лон­дон конференциясына қатысты және осы жиынға келген өзінің басқа әріптестерімен ондаған екі­жақ­ты кездесулер өткізді. Олардың қатарында Әзірбайжан, Армения, Грузия, Канада, Украина, Люк­сем­бург, Финляндия, Ресей, Ауған­стан, Түркия және т.б. елдердің ми­нис­трлері болды. МІНДЕТ – АУҚЫМДЫ, МАҚСАТ – АЙҚЫН 2010 жыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету миссиясы­на ресми түрде кірісуімен басталды. Бұл міндет ел басшылығына да, халқымызға да үлкен жауапкерші­лік жүктейді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің осы маңызды қадамына байланысты жария еткен үндеуінде: “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымындағы төрағалықтың мәрте­белі миссиясын Қа­зақстан аса зор жауапкершілік сезімімен қабылдайды”, – деп атап өтті. Елдің тізгінін халықтың қол­дауы­на ие болған адам ұстайтыны анық. Ал әлемдік беделі зор ЕҚЫҰ ұйымына жетекшілік жа­сауды саяси деңгейі өскен, әлеуеті жоғары мемлекеттердің өкілдері “Сен де бағыңды сынап көр” де­гендей, кез келген елге бере сал­майды. Бізге де мұндай мәртебелі міндетті ешкім бере салған жоқ. Немесе бұл нәти­жеге бір күнде жете қалған жоқпыз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымы мен Қа­зақ­стан арасындағы байланыс біз­дің еліміздің осы Ұйымға мүше бо­лып енген 1992 жылғы қаңтар айынан бастап қарқынды дами түсті. Біздің еліміз 1975 жылғы Хель­синки Қо­рытынды актісінде қарастырылған қағидаттарды тәжі­рибеде қолдану мен дамытуға жол ашатын жалпы­еуропалық үдеріс­тер­ге, ашық пікір алмасуларға бел­сенді қатысуға деген ұмтылы­сы­мен ерекшеленеді. Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы қарым-қаты­нас алғашқы жылдары нарық эко­но­микасына ауысқан кезде, ашық азаматтық қоғамды дамытуға және аймақтағы қауіп­сіз­дікті нығайтуға қажетті реформа­лар­ды жүзеге асы­руға өз септігін тигізетін ақпарат­тық-тәжірибе ал­ма­судағы бірлес­кен қызметке не­гізделді. Одан әрі ынтымақтастық нығая келе, ма­ңызды құжаттарға қол қойылып, байланысымыз арта түсті. Атап айтқанда, Қазақстан Үкі­меті мен ЕҚЫҰ арасындағы Өз­ара түсініс­тік туралы меморан­дум­ға, 1999 жылы қаңтарда ЕҚЫҰ Орталығын Алматы қаласында ашу туралы келісімге қол қойылғаны анық. Аталған меморандумға сәйкес 2003 жылғы ақпан айынан бастап Қа­зақстанда Адам құқық­тары жөнін­дегі өклеттілік инсти­тутын жетіл­діру, сондай-ақ сайлау заңды­лық­тары мен сот жүйесін реформалау жөніндегі жобалар жүзеге асты. Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасын­дағы байланыстың жаңа кезеңі 2003 жылы басталды десек, қате­лес­пей­міз. Сол жолы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жөніндегі баста­ма­ны ұсынды. Алғаш рет 2009 жыл деп болжанса, кейін 2010 жылы елі­міздің төрағалық ете­тіні анық­тал­ды. Мұндай тарихи шешім 2007 жылы 30 қарашада Мадридте өткен Сыртқы істер ми­нистрлерінің ке­ңесінде қабыл­дан­ды. Қазақстанның төрағалық етуіне шешімнің бір­ауыз­дан қа­был­данып, барлық ел­дердің өкіл­дері қолдап дауыс беруі көп жәйт­ті аңғартса керек. Бұл тұс­та Мем­лекет басшысының беделі, жас та болса еліміздің ұстанған сая­сатының басты бағыттары ерек­ше рөл атқарғанын анық сезінуімізге болады. Қазақстан мемлекеттігінің қа­лып­тасуы мен даму үдерістері, сая­си және экономикалық жаң­ғыр­уы тәуелсіз жас ел үшін оңай өте салар жол болған жоқ. Осы күрделі ке­зеңді барша Қазақстан азаматы бас­тан кешірді. Қаншама қиын­дық­тарға қарамастан, осы кезең ішін­де ел басшылығы мем­лекет тағдырын шешетін шешім­дер қа­был­дады. Ондай қадамдар елдің іш­кі саяси және экономи­ка­лық да­муы­на, сондай-ақ біздің мем­леке­ті­міздің сыртқы саясат­тағы беделі арта түсуіне өз ықпа­лын тигізді. Швейцария Конфе­де­рациясының президенті П.Кушпен 2003 жылы-ақ “Қазақстан Орта­лық Азиядағы тұрақтылық аралы бо­лып қалып отыр. Және де бү­гінгі таңда ең маңыздысы –  Қазақстанда адам құ­қығы сақ­та­луда”, – деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда еуропалық қоғам­дастық Қазақстанды әлемді қауіп­сіздікке алып келіп, ынтымақ­тас­тыққа бастауда жаңа көзқарас­тарды енгізу мүмкіндігі бар мем­лекет деп бағалап отырғанын ашық айта аламыз. АҚШ-тың Қа­зақстандағы Төтенше және өкі­лет­ті елшісі Ричард Хоугланд өз сө­зінде Ұйым (ЕҚЫҰ) мүшелері Қа­зақстанның жетістіктерін, мұның сыртында оның реформаторлық мүмкіндігі мол екенін лайықты бағалағанын атап өткен еді. Өз үндеуінде біздің елдің Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев мемлекеті­міздің негізгі ұстанымдарын жария етті. “Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транс­парен­си” (ашықтық) және “толеранс” (төзім­ділік) болады”. Осы ұстанымдардың негізіне үңілсек, барлық әлемдік қоғам­дас­тық үшін аса маңызды және жауапкершілігі мол міндеттер тұр­ға­нын байқаймыз. Пирамида тәріз­дес төрт тұғырдың түйіскен тұсы бір ортақ мақсат – Адам­заттық мақсатты көздейді. Ол – барлық халықты қауіпсіз қоғамда және тұрақты экономикалық жағ­дайда бейбіт өмір сүруге, барлық адамзаттық және азаматтық құ­қық­тарды жүзеге асыруға ұмтыл­дыру. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лы­ғының күн тәртібіне жер жүзін толғандырып отырған Ауған­стандағы тұрақсыз жағдайды шешудің жолдарын іздестіру, Арал теңізінің экологиялық жағдайына әлем назарын аудару, заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес, бүгінгі таңдағы лаңкестік пен бас­қа да қауіп-қатерлерге қарсы тұру проблемаларын қарау мәселелері енгізілген. Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың биыл Астана қала­сын­да ЕҚЫҰ саммитін өткізу жө­нін­дегі бастамасы үлкен қолдауға ие болып отыр. Осы маңызды кез­де­суді жоғары деңгейде өткізу атап көрсетілген негізгі мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізетіні анық. Әрі әлем жұртшылығы атал­ған саммит арқылы Қазақстанды және бір жаңа қырынан танитын болады. Беделді Ұйымға төрағалық ету мәртебесі еліміздің халық­аралық деңгейдегі беделінің нығая түсуіне ықпал етері даусыз. Біз бірінші рет халықаралық ұйымға жетекшілік жасап отырған жоқпыз. Атап айтар болсақ, Қа­зақ­стан бұған дейін ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕурАзЭҚ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) секілді ұйымдарға төр­ағалық етті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде Қазақстанға үлкен сенім артылып отыр. ЕҚЫҰ-ға мүше мемле­кет­тердің назарын қауіпсіздік пен ын­тымақтастық шеңберінде Орталық Азияның көкейкесті мәселелеріне аударуға мол мүмкіндік бар. Міндет – ауқымды, мақсат – айқын. Қазақстан өзіне жүктелген абыройлы міндетті сеніммен атқа­рып шығады деген сеніміміз мол. Өйткені, біздің еліміз барша адам­зат баласын бірлікке, ынтымаққа, бейбітшілікке шақырады. Қылышбай БИСЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор.