Әлем • 21 Қазан, 2017

Қырғыз саясаткері Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш білдірді

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қырғыз саясаткері Адахан Мадумаров Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Youtube.com» видео-порталы арқылы өтініш білдірді.

Қырғыз саясаткері Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш білдірді

Онда былай делінген :

 «Мен мүмкіндікті пайдаланып, Қазақ еліне, Елбасы, бүтін түрік дүниесінің ақсақалы атанған Нұрсұлтан Әбішұлына өтініш білдіремін.

Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы!

Әрдайім қырғыз-қазақ мәмілелерін асылдай ардақтап мәпелі мәміле жасап келдіңіз. Соның бәрі бір кісінің кесапатынан бүтін жұртқа зиянды болмаса екен дегім келеді. Айтқан кісінің сөзі мен өзі кете берсінші, бірақ қалқайған қалың жұрт бір зиян шекпесе екен. Мен кеше мынау шекарада тұрған дихандарды көрдім, жүрегі бар кісінің көзінен жас шықпай қоймайды, қаншама көп дақыл еккендер бар, небір қиыншылықпен соларды өсірді, осы жаққа шығып тірлік қылсақ деген мақсатпен қаншама қиындықтарды көре жүріп, қолындағыны балаларының аузынан жырып соған салды. Қаншалаған жүзім еккендер отыр, басқалар да отыр. Алты ай жазда жер тырмалап тапқандарынан пайда көрер мезгілде оның бәрін тастандыға айналдыруға сол керауыздық кесапат болып қалды.

Бір айтумен тоқтап қалмастан экранға шыққан сайын қайта-қайта үстемеледі. Тағы да студенттерді жинап алып 86-ыншы жылды еске салып, басқаларын еске салып... Ол студенттерге айтатын сөз емес.  Ол ойыншық емес. Бұл өте ауыр мәселе. Иә, мен терең түсінем... Бәрібір Нұрсұлтан Әбішұлының «Қырғызға мендей күйінген азамат менен кейін келе ме, келмей ме, білмеймін» деген сөзі бар. Сондықтан Сіз өзіңіз тұрғанда қазір салқын тартып бара жатқан екі елдің арасындағы мәмілені қайта бір пысықтап қойсаңыз дегім келеді. Жүз мыңдаған біздің дихандардың еңбегі текке кетпесе екен деп айтқым келеді. Жүз мыңдаған жас, сарыауыз балапандар ризықтарынан ажырамаса екен деп айтқым келеді. Мен ресми түрде осылай қазақ билігіне өтініш білдіремін. Құдай бұйырса, бұл күндер өтеді.

Біздің арамызды ешкім ажырата алған емес. Жаратқан Алла ғана ажыратпаса қырғыз бен қазақты ешкім ажырата алмайды. Ажыратамыз дегендердің пейілі тасқа ұрылсын. Тағы да біз «патша болуы үшін пілдің терісіндей тері керек» деп Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай баса айтуымыз керек. Ол кісіде шындығында пілдің терісіндей тері бар екен. Соншалық сабырлылықпен мәміле жасалып жатқанына мен ризашылығымды білдіремін. Әйтпесе, Құдай сақтасын, жаман сөздер өте көп айтылды».