23 Қазан, 2017

Онлайндағы жұңғо жұрты

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытай. Жан-жақтан ағылған адамдар мен көлік ағысы толас­тар емес. Бағдаршамның қызыл шамына тоқтаған көлікте отырып, жан-жағыңды бағдарлайсың. Сіз отырған көлікке жапсарласа, бірінен соң бірі жапырлап велосипед мінген жолаушылар сы­наласып тоқтап жатыр. Ал жол жүруге рұқсат берілгенде бей­не құмырс­қалар тəрізді өре жөнелген қос дөңгелекті көлік­ке отыр­ған­дардың шеруін көр­гендейсіз. 

Онлайндағы жұңғо жұрты

Бұл – Қытай қалаларындағы үйреншікті көрініс. Сонда жұрттың бəрінің шайтанарбалары бар ма дерсіз? Жоқ. Мəнісі оған төлемнің онлайн түрінде жүруінде екен. Бірінің түсі қара, бірінікі сары, келесісі жасыл болып ағылып жатқан велосипедтердің соншалықты көп қолданыста болуы пайдалану төлемақысын адамдардың қолындағы телефонымен атқаруында, яғни оп-оңай онлайн төлемінің болуында екен. Ал түстерінің түрлі болуы қолданушының қызмет көр­сетуші ретінде қай компанияны таң­дауына ғана байланысты. Ең бір оңтайлы тұсы – шайтанарбаны діт­теген жеріне жеткен соң қайда қоя­мын деп қиналмай, кез келген көше­де тротуардың жиегіне қойып кете береді. Келесі жолаушы да басы қатып арнайы велотұрақ іздемей, барар жеріне жеткенде солай жиекке қалдырып жүре береді.

Онлайн-өмір, əсіресе бала-шағалары күндіз жұмыста болатын қарияларға өте қолайлы-ақ екен. Күнделікті қажетті азық-түлігі мен бар керек-жарағын, тіпті дайын асты онлайн-тапсырыс­пен алдыру соңғы жылдар ішінде тұрмысқа дендеп еніпті. Яғни банкомат карточкасын ұстамай, əмиянға ақша салып жүрмей-ақ, алақандай телефон арқылы өмір сүру тұрмысты әжептәуір жеңілдеткенге ұқсайды. Қай кезде де тамашалаушылардың табанынан тас едені босамайтын, Бейжіңге келушілерді өзіне баурап алатын Қытай императорының сарайы, Гугун немесе «Тыйым салынған қала» мұражайына барғыңыз келсе, онда міндетті түрде интернет ар­қылы билет сатып алуыңыз қажет. Əйтпесе іргесіне барып тұрып сол жерден қағаз билет алып кіремін деген ойыңыз іске аспай қалады. Театр, кино, концерттер екібастан интернетке тәуелді.

Онлайн-өмірге бейімделу ханзу елінің азаматтарын уақытты үнемдеуге тəрбиелеуге де үлкен үлес қос­қандай әсер қалдырды. Қызмет көр­сетудің барлық дерлік саласына енген онлайн төлемі тапсырыс беруші мен оны орындаушының арасын тіптен жақындата түскен. Осылайша «Алибаба» жүйесін ойлап тауып, жолға қойған миллиардер Джек Ма ізбасарлары биік қорғанның арғы жағындағы жұрттың замана лебіне сай қарымды да қауқарлы тіршілігін одан сайын қуаттандырып жатыр. Қазіргі кезде жұңғо жұрты интернет арқылы тауарларын əлемнің төрт бұрышына тегіс таратуда. Əлемдік интеграцияға бейімделген, бəсекеге түсіп, дүние жүзіне өз бітімін көрсететін, білімі мен білігі астасып жатар елдің бағыты цифрландыру екеніне Қытай көшелерінен көрген көркем де әлем-жәлем жарнамалар жетелей берген.

Онлайн-өмірге қытайлықтардың үйренгені соншалық, апта ішінде уақыт тауып, интернет арқылы турист ретінде барғысы келген қаласы мен аймағына баруы мен келуіне қажетті билетін алады да, айналдырған екі күн демалысының өзін тиімді пайдаланады. Жатар жері мен аралайтын музей, театрларының қойылымына дейін онлайн режімде ақшасын төлеп, уақыт жоғалтып кезекке тұрмайды. Барлық қоғамдық қатынас құралдары – пойыз, ұшақ, автобус билеттері онлайн кассалар арқылы саудаланады. Әрине, мұның барлығы уақыт үнемдеумен қатар жүйкеге түсетін салмақты да азайтады. Анағұрлым жеңілдетілген қызмет көрсетуді пайдалану бәсекеге қабілеттілікті де алға жетелеуші негізгі факторлардың бірі.

Біз журналистік сапармен Қытай коммунистік партиясының ХІХ съе­зіне қатысу мақсатында келген едік. Қытай мемлекеті үшін мәні зор құрылтай жұмысынан ақпарат тара­туға барлығы 3068 журналист жи­налған екен. Оның ішінде 1818 шетелдік БАҚ өкілі бар.

Осы сапарымыздың аясында меймандос пейілмен күтіп алған миллиардтар елінің шаһарларын аралап жүріп, жоғарыдағыдай жаңа заманның жарқын жетістіктерін тиімді пайдаланып отырған көршіміздің виртуальды әлемге де көптігімен әмірін жүргізіп, әлдеқашан икеміне көндіріп, тұрмыс-тіршілігіне пайдаланып отырғанын байқадық.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»