Қарсылық білдіретіндердің көпшілігі қолданыстағы кирилл жазуынан бас тарту осыған дейінгі тарихымыздан қол үзіп, жазу мен оқу мәдениетіне тежеу болады деген тұжырымдарды алға тартады. Әрине мұның барлығы өтпелі кезең екенін білуіміз керек. Ең бастысы, біз латын әліпбиіне көшіп жатқан жоқпыз, оған қайта оралып жатырмыз. Себебі латын қарпі қазақ елінде осыған дейін болған, яғни ешкімге таңсық дүние емес. Ал кирилл жазуына тоқталар болсақ, бұл кешегі 20-жылдардың соңында қазақ халқын отарландыру, сондай-ақ түбі бір түркітектес халықтардың арасын алшақтату мақсатында жасалған кеңестік кезеңнің саясаты болатын. Соған қарамастан Әзербайжан түркі халықтарының ішінде алғаш болып латын графикасын қабылдаса, кейін Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан осы латын әліпбиіне өтіп, араларында Қазақстан мен Қырғызстан ғана қалған еді. Сондықтан латын әліпбиін қолданысқа енгізген түркі халықтарымен арақатынасымыз алшақ болуы да осыдан.
Арада бір әліпби болса әдебиетіміз бен мәдениетіміз, дініміз бен діліміз араласып, бір-бірімізбен жақындай түсер едік. Алайда екі түрлі әліпбиде болғандықтан түбі бір туған бауырларымызбен не орыс тілінде немесе ағылшын тілінде хат алмасуға тура келеді. Сондықтан латын әліпбиіне көшуіміздің бір себебі түркітектес халықтармен арақатынасымызды жақындату болып табылады деген ойдамын. Екінші әліпбиді меңгеру қиын болады деген тұжырымдарды алға тартатын топтың айтқанындай емес, бұл біз үшін қиындық тудырмайтыны сөзсіз. Алдыңғы буын аталарымыз бен әжелеріміз осы әліпбиде сауат ашқан еді. Сөйте тұра қазіргідей ақпараттық ғаламтор дүниесі дамымаған 40-жылдары осы адамдар кирилл жазуын да оңай игеріп алғандығы баршамызға мәлім. Сондықтан ғаламтор жүйесі мен бұқаралық ақпарат дәуірі қарыштап дамып тұрған бүгінгі кезеңде латын графикасын меңгере алмау ойға сыймайтын дүние.
Бұған қоса латын графикасының лингвистикалық жағынан да пайдасы ұшан-теңіз. Осы тұрғыда филолог ғалымдарымыз ертеректен бері латын жазуына көшудің ұтымды тұстарын алға тарта дабыл қағып келген болатын. Түркі тілдерінің ішінде қазақ тілі ең әуенді тіл болып табылатындығы дәлелденген. Оны әуенді тіл етіп тұрғаны үндестік заңы болатын. Алайда кирилл әліпбиімен қосарлана кірген дыбыстар қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарын бұзып, тіл үндестігі мен дыбыс үндестігіне кері әсерін тигізіп келе жатқандығы баршаға мәлім. Бұған қоса кирилл әріптері алғаш енген сәтте ғана орыс тілінен енген сөздер сол қалпында жазылып, айтылу керек деген қағидалардың қабылдануы көнеден келе жатқан тіліміздің заңдылықтары мен нормаларының бұзылуына әкеп соқты.
Сондықтан түркі халықтары латын графикасына көшу арқылы кирилл әліпбиінің кесірінен бұзылған фонетикалық заңдылықтарын өз тілдеріне икемдеп алған болатын. Біз де осы латын әліпбиін қолдана отырып, орыс тілінің ыңғайына жасалған «Я, Ю, Э, Ь, Ъ, Й» тәрізді әріптерден құтылатын боламыз. Бұл тілдік норма жағынан қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарын дұрыстауға, орфографиялық, орфоэпиялық қағидалардың сақталуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Сонымен қатар еліміз қазіргі таңда дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат қойып, сол бағытта жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Бұл жерде ең алдымен, экономикамызды дамыту болса, тіл саясатына да көңіл бөлу қажеттігі бар. Баршамызға белгілі, қазіргі таңда ағылшын тілі жаһандану тілі ретінде қолданысқа ие басты тілдердің бірі болып саналуда. Осыған орай Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында латын әліпбиіне көшуді – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе дей келе «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернетті жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Иә, бұл тұста да латын графикасына көшудің ұтымды жақтары жетерлік. Үш тұғырлы тіл саясатын іске асырып, оның ішінде ағылшын тілін жетік меңгеру үшін әліпбиімізді өзгерту бірден-бір ыңғайлы тәсіл болмақ.
Қазақстан тәуелсіз ел болғандықтан қазақ тілі Ата Заңымызда белгіленгендей мемлекеттік тіл ретінде өзге тілдерден жоғары тұруы тиіс. Алайда қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде тек Конституциямыз бен Тіл туралы Заңда ғана жазылып қоюы жеткіліксіз. Ең бастысы, қазақ тілі тұғырының биік болуы оның қолдану аясының артуына, тұтынушылардың көп болуына байланысты болмақ. Сондықтан жаңа әліпбиді үйрену арқылы қазақ тілін меңгерушілердің саны да арта түсетіндігі анық.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, қай жағынан алып қарасақ та еліміз үшін пайдасы зор болып келетін бұл қадамға барғанымыз дұрыс. Әрине қадамды жасаған күні-ақ жоғарыда айтылған мәселелер лезде шешіле қоймайтыны анық. Аздап шыдамдылық танытып, әліптің артын бағар болсақ, осы латын әліпбиіне көшу арқылы тіліміз де, ұлтаралық достығымыз да күшейе түсері сөзсіз. Ең бастысы, бұл жұмыстың барлығы келешек ұрпақ үшін жасалатындығын естен шығармағанымыз жөн.
Батырбек ҚАЙЫР,
Павлодар облыстық тілдерді дамыту
жөніндегі басқарманың ономастика
жұмыстары бөлімінің басшысы