Осы конференцияның шеңберінде Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы Қазақстанның мысалында мемлекеттік басқару мен қызмет көрсетулерді бағалауға арналған семинар өткізгенін бұдан бұрын жазған болатынбыз. Бұдан екі жыл бұрын БҰҰ қабылдаған «Орнықты даму мақсаттары» атты жоспарды орындаудың негізгі салаларының бірі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру деп белгіленген. Ал оның тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік қызмет көрсеткіштерін бағалау жұмысы да жоғары деңгейде болуы керек. Бұл қатарда қазақстандық тәжірибе көптеген елдерге үлгі бола алатындығы семинарда айқын көрінді.
Конференция жұмысын ұйымдастыруға Еуропаның адам эволюциясының дамуын зерттеу қоғамы да атсалысқан. Бұл қоғам адамның биологиялық дамуымен қатар мәдени дамуын да зерттейтін жан-жақты ғылыми орталық.
Конференцияның ашылуында БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа мен ТМД бойынша Бас бюросының директоры Джейxан Сұлтаноғлы сөйлеп, орнықты дамудың мақсаттары ғаламдық жаппай дамуды көздейтінін айтты. «Бұл ешкімнің де артта қалмауын қамтамасыз етуді білдіреді. Соның ішінде кедейшілікті жою, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және тағы басқа маңызды мақсаттар бар. Ең бастысы біз жалпыға ортақ прогреске жол ашуымыз қажет.
Біз мемлекеттер арасындағы дамудың әртүрлілігін азайтып, дамудың алуан түрлі кедергілерін кемітіп, осы мақсатқа жетуіміз керек. Ол үшін озық, үлгілі тәжірибелердің жетістігін үйреніп, оны бәріне ортақ етуіміз керек. Қатысушы мемлекеттердің бәрі озық үлгілерді өзіне енгізуі шарт. Сонда орнықты дамуды жаппай қамтамасыз ететін боламыз. Барлық елдердің үкіметтері соған ыңғайланып, өз бағдарламаларын соған үйлестіргені дұрыс. Ал мемлекеттік басқару мен қызмет көрсетудің тиімділігін бағалау арқылы біз нақты қандай мақсаттарға жеткенімізге көз жеткізетін боламыз. Оны тіпті әрбір мемлекеттің xалық алдындағы есебі деп түсінуге де болады», деді ол. Сонымен қатар Бюро басшысы осы саладағы үздік қызметтері үшін Норвегия мен Астана өңірлік хабтарының жұмысына жоғары баға беретінін атап өтті. «Ал Астана хабының кешегі семинары біздің жұмысымызды қолдау бағытындағы озық мысалдардың бірі болды», деді ол.
Конференцияның ашылу салтанатында Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмет Йылдыз да құттықтау сөз сөйлеп, ұйымның көтеріп отырған мәселесінің маңыздылығын сөз етті. Мен Африка елдеріне жасаған сапарымда бір елдердің судан тарығып, шөл қысып отырғанын көремін, ал кейбір елдерде керісінше, су басып, тасқын жүріп жатады. Соларды реттеу халықаралық ұйымның шаруасы ғой. Экологиялық апаттарды болдырмау жөніндегі Париж келісімі де соған үндейді, ал кейбір елдер басшыларының соны ұқпайтынына таң қаласың. Біз «Үлкен жиырмалыққа» төрағалық ететінімізді пайдаланып, осы мәселені әлемдік қоғамдастықтың талқылауына ұсыну ниетіміз бар, деді ол өзінің сөзінде.
Қорыта айтқанда, БҰҰ-ның орнықты даму мақсатын көздейтін жоспарының орындалуы жолында мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті жетілдіру ісі жөніндегі талқылаулар мен ұсыныстар мамандардың назарын аударды. Олардың қорытындысы тұжырымдалып, барлық мемлекеттер басшыларының қарауына ұсынылады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан» –
Ыстанбұлдан