Әдебиет • 23 Қазан, 2017

«Ата, мен қай тілде сөйлеп тұрмын?..»

514 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда түс әлетінде аулада дем алып жүрген едім. Көз қиығымен жанымда асыр салып ойнап жүрген немерелерім – Темірлан, Томирис пен Гүлімді бақылап та қоямын. 

«Ата, мен қай тілде сөйлеп тұрмын?..»

Үшеуі ойыншыққа таласып ұрсысып қалады. Бірақ тез татуласады. Қарап отырсам онысы да қызық екен. Шекісіп қалған екі немерем «Кел татуласамыз» деп бір бірінің саусақтарын ілмек қылып іліп алып: «не дерись, не дерись, а мирись» деп қосарлана тақпақ айтып, қолдарын сілкіп қалады. Өкпелескен жас сәбилердің осылай өз реніштерін жуып-шайып жатқанын талай көргенмін. Балалардын бұлай бітімге келгені маған ұнады. Ұнамағаны – қазақ тілінде емес. Қазақ тілінде балаларға арналған өлеңдер аз ба, әлде насихаты кем бе деп ойладым. Сол арада ойыма оңай жатталатын төрт ауыз өлең жолдары келе қалды. Дереу немерелерімді шақырып алып: «Енді тағы да өкпелесіп қалсаң-дар, мына тақпақты айтып татуласындар» деп есіме түскен өлең шумақтарын айтып бердім: «Ойна, ойна, төбелеспей ойна! Ойна, ойна, достығыңды жойма! Төбелеспей ойнайық, ойынға біз тоймайық». Немерелерім де лезде жаттап алып, тақпақтата жөнелді.  

Бұл жайт маған үлкен ой салды. Кіші сыныптарға үй тапсырмасына берілген тақпақтарды балалардың жаттай алмай қиналғандарын үнемі көремін. Балалар оқулықты оқи алмай, жаттай алмай неге қиналады? Өйткені жас балаларға арналған өлеңдер тым күрделі, ұйқасы ауыр және өлеңнің мағынасы бастауыш сыныпта оқитын балалар үшін түсініксіз. Сөйлеуді әлі дұрыс меңгермеген бүлдіршіндерге терең ойлы, мағынасы күрделі шумақтар қажет емес. Балаларға ана тілін үйрету, жаттықтыру үшін тілге жеңіл, жаттауға оңай тақпақ керек. Яғни, өлең не туралы екенін бала түсініп, біліп тұруы тиіс. Сондықтан балалар тақырыбына жазатын ақындар осыған көңіл аударса дер едім. 

Бұрын балаларға арналған өлең-жырларға мән бермегендігім болар, оның соңдай маңызды мәселе екенін байқамаппын. Бұл  мемлекеттік тұрғыда ойланып, жүйеленуі тиіс дүние. Әсіресе қазақ тілін қайтадан қалпына келтіру үшін өте қажет құрал. Орысша ойлап, орысша сөйлейтін орта жастағы қаракөздерімізді қайтадан қазақ тіліне үйрету қиын. Оған көп қаражат, ұзақ уақыт, ең бастысы, қажыр-қайрат керек. Сол себепті қазақ тілін қайта тұғырына қоңдыру жолындағы жұмысты жас сәбилерден бастаған абзал. Балалар ана тілін әбден үйреніп, санасында жатталған кезде ғана қосымша тіл үйретуге болады. 

Жапон халқының саны 128 миллионды құрайды екен. Қазіргі кезде тіліне ешқандай қауіп төніп тұрмаса да жапон балаларына 13 жасқа дейін шет тілдерін үйренуге тыйым салынған. Яғни, әрбір жапон баласы мүшел жасқа дейін ана тілін оқып, үйренуі керек. Біз үшін үйренетін үрдіс. Бұл – тарихи әрі әлеуметтік қажеттілік. Ал елімізде мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балдырған тілді балаларға үш тілді үйретіп жатыр. Ана тілін меңгеріп үлгермеген сәби санасы үш ұлттың тілін шатастырып, ақыры ана тілінен ажырап қалуы бек мүмкін. Мұндай жағдайда балалардың болашағына кім жауап­ты болмақ? Бұл тақырып туралы ой толғауға 1-сыныпта оқитын немерем Томирис екеуміздің арамызда болған әңгіме себеп болды. Қазақ мектебінде оқитын Томиристі сабақтан шыққанында қарсы алып, екеуміз әңгімелесіп, үйге келе жаттық. Бір кезде Томирис: «Ата, мен қазір қай тілде сөйлеп келе жатырмын» деп тосын сұрақ қойды. Мен тосылып қалдым. Өйткені  немерем орыс-қазақ тілдерін араластырып сөйлеп келе жатыр еді. Үш тілде оқимын деп әбден шатасқаны көрініп тұр. Мен оған: «Сен орыс-қазақ тілін аралас­тырып сөйлеп тұрсың» дедім. Томирис түсінбей тағы да сұрағын қайталады. Мен де немеремнің сұрағына дұрыс жауап бере алмадым. Өздеріңіз ойлаңыздар, ақыл мен сана-сезімі дұрыс жетілмеген, әріпті енді танып жатқан сәбиге мынау қазақ тілі, мынау орыс тілі, мынау ағылшын тілі деп қолмен қойғандай қалай түсіндіруге болады? Сондықтан маған қарап ауызын ашып, жауап күтіп тұрған немеремді басынан сипап: «Кейін түсіндіремін» деп күлдім. 

Үш тілді үйренеміз деп жүріп өз тілімізден айы­рылып қаламыз ба деген қорқыныш бар. Балалар ағылшын тілін шалағай болса да үйреніп, компьютерден бас көтермей жүргенінде туған тілінен жеріп кетуі де мүмкін екенін ұмытпайық. Өйткені қазақ тілі компьютерде ағылшын тілімен бәсекелес бола алмайды. Біз ана тілімізден айырылу үшін ағылшын тілін үйреніп жатқан сияқты әсерде қаламын кейде. Қосымша тіл үйрену туралы шешімді бала мен ата-анасы қабылдауы керек. Жаратылыстың әр адамға берген  ақылы, сана-сезімі, қабілеті де әртүрлі. Мұны ғалымдар да теріске шығармайды. Ұлт пен ұрпақ болашағын ойлайтын азаматтарға осы ойымды жеткізуді жөн санадым.

Қайдар ШАЙЗАДИНОВ,

Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы