– Құсайын Абзалбекұлы, қылмыстық процесті модернизациялау мәселесін өңірдегі жұртшылық қалай қабылдап жатыр? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.
– Бұл бастама қазір жан-жақты талқыланып, халыққа түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бастаманың жаңалығы неде? Ең алдымен азаматтар құқығының қорғалу деңгейін арттыру үшін қамау шаралары қолданылмайтын негіздердің тізімін, әсіресе кәсіпкерлік қызмет саласындағы қылмыстар бойынша кеңейту ұсынылатын болады. Бұдан былай күдіктілерді оңды-солды қамай беру тыйылып, бұлтартпау шараларының саны қысқарады. Бұл неге алып келеді?
Біріншіден, түрмедегі адамдардың саны азаяды. Азайса, мемлекетке артылатын салмақ жеңілдейді. Мәселен, түрмеде отырған бір адамға жылына 800 мың теңгедей мемлекет қаржысы жұмсалады екен.
Екіншіден, қылмысқа қатысы бар деп ұсталған азаматты сотқа жеткізу мерзімі 72-ден 48 сағатқа қысқартады. Бұл – ұстауды күш-қысым көрсету арқылы дәлелдемелер жинақтау құралы ретінде қолдану қаупін азайту үшін керек. Озық елдер тәжірибесі осындай. Кейбір мемлекеттерде тіпті 24 сағат. Бірақ біздің ұстау мен олардың ұстауының тәртібі бөлек. Бізде Қылмыстық процестік кодекс бойынша адамдарды қылмыс жасау барысында немесе жасырынуға әрекет еткенде ұстайды. Тағы бір түрі бар. Істі тергеп жүріп, бір шақырады, екі шақырады, одан соң беттестіру жүргізеді. Тіпті қажет болса өздері ұстап, оқшаулау орнына қамап тастайды. Бізде тергеушілердің осындай да құқығы бар.
Ал Батыс елдерінде қалай? Олар екі-ақ жағдайда; қылмыс жасап жатқан жерде, не бұлтартпау шарасын бұзған кезде ғана ұстай алады. Бізде енді ұстау үшін әуелі тергеуші прокурорға, прокурор сотқа айтып, түсіндіруі керек. Ұстаудың өзіне де тек сот қана рұқсат береді. «Ұстаңдар немесе ұстауға негіз жоқ», дейді. Бұл – азаматтардың құқығын қорғаудың шынайы үлгісі. Бізге деген сенім жоғары болуы қажет. Мәселен, полиция қызметкерлері көшеде біреуді ұстап жатса, мұны көрген қарапайым адам: «Бұл – дұрыс. Полиция біледі. Оған сенеміз», деуі керек. Мұның бәрі осы деңгейге жету жолында жасалып жатқан қадамдар деп білгеніміз ләзім.
Үшіншіден, құқық қорғау органдарының нақты тергеліп жатқан іс шеңберінде күдікті тұлғаның басқа қылмыстарға қатыстылығы туралы дәлелдемелерді жинақтау тәрізді теріс тәжірибесі жойылмақ. Мәселен, бір адамның ісі тергеліп жатыр дейік. Бірақ іс дәлелденбей жатыр. Күдіктіні қамап қойған. Сол кезде «Үйіне барып тінту жасайық. Бір нәрсе табамыз», дейді. Содан кейін «Үйінен оқ табылды» деп мұны дәлелдемелерге тіркейді. Енді олай болмайды. Сен бір іс жүргізіп жатырсың ба, тек сол іспен ғана шұғылданасың. Басқа қылмыс іздегің келсе, оны жеке іс ретінде тіркейтін боласың. Бұл – өте үлкен және орынды қойылып отырған мәселе.
Төртіншіден, адвокаттардың тергеу барысындағы дәлелдемелерді жинақтау құқықтарын кеңейту және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу туралы сотқа тікелей талап-тілекпен жүгіну ұсынылады. Яғни қылмыстық сот өндірісі барынша оңайлатылады. Сонымен қатар жасырын әрекеттермен қоса, құқықты шектеу сипатындағы процессуалдық әрекеттердің бәрін санкциялау түрінде соттық бақылау саласын әрі қарай кеңейту ұсынылады. Бәрін қоса алғанда бұл құқық қорғау құрылымындағы үлкен жаңалық, жақсы нышан деуге болады.
– Еліміз бойынша «Қылмыстық процесті оңтайландыру» атты қанатқақты жоба іске қосылғаны белгілі. Аталған жобаның облыста жүзеге асырылуы қалай?
– Ішкі істер департаментімен бірлескен жоба облысымызда 11 маусымнан бастап қолға алынды. Бұл жоба бізде ғана емес, республика бойынша жүзеге асырылуда. Оның негізгі міндеті – қылмыстық процесті модернизациялау шеңберінде істердің қаралу мерзімдерін қысқарту. Құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің жұмысын барынша түсінікті, ашық ету. Жобаның тиімділігі – қазір белгілі санаттағы істер жедел қаралады. Егер іс бойынша нақты күдікті бар болса, ол өз кінәсін дауламаса, жәбірленушіге келтірілген зиянды толық өтеуге дайын болса, жоба аясына осындай орташа және ауырлығы онша емес қылмыстар кіреді. Бұрын осы істер екі айға дейін қаралса, қазіргі кезде он күн ішінде аяқталады. Бұл үшін заңдарға қандай да бір өзгерістерді енгізудің қажеті жоқ. Прокуратура мен ІІД өз жұмыстарын оңтайландырып, сындарлы менеджмент құруда. Полицияның әрбір бөлімінде жоба шеңберінде осындай істерді тергеумен айналысатын арнайы топтар бар.
– Саладағы тағы бір жағымды жаңалық, полиция бөлімдерінде жауап алуға арналған ашық кабинеттер жұмыс істеп жатыр екен...
– Құқық қорғау органдарының қатысуымен олардың азаматтарға азаптауды қолданатыны туралы шағымдардың түсетіні белгілі. Осындай деректерге жол бермеу және жауап алу процесін барынша ашық ету үшін қала, аудан полиция бөлімдеріндегі 60 кабинет айқын етіп (әйнектен) жасалып, ішіне бейнебақылау камералары орнатылды. Осындай кабинеттер полицияның барлық бөлімдерінде жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар сыбайластыққа және дәлелдемелерді бұрмалауға жол бермеу үшін полиция қызметкерлері арнайы бейнетіркеуіштермен қамтамасыз етілуде. Дәлірек айтқанда, айғақтарды алу процесі енді бейнежазбаға жазылатын болады.
Модернизация шеңберіндегі ең басты жаңалық – электронды қылмыстық істер. «Е-қылмыстық іс» жобасы Президенттің Жолдауы шеңберінде еліміздегі цифрлау технологиясын дамыту бойынша жүзеге асырылады. Осы мақсатта Бас прокуратура бюджеттен қосымша шығындарсыз-ақ осы бағдарламаны әзірледі. Жобаның негізі мақсаты – электронды түрде процессуалдық құжаттарды құрастыру және нақты дәлелдемелерді жинақтау. Аталған жаңалық қылмыстық істің барлық кезеңін, яғни қылмысты тіркеуден бастап, оны тергеу барысы мен үкімнің орындалуына дейін қамтиды деп күтілуде.
– Аталған жоба біздің облыста қанатқақты жоба ретінде 10 қыркүйектен бастап іске қосылған екен. Бұл жобаның артықшылықтары қандай?
– Ең алдымен қағазбастылықтан құтыламыз. Екіншіден, істерді бұрмалауға, өзгертуге жол берілмейді. Үшіншіден, арыз түссе, прокурорлар істі сұратпай-ақ өздері қарайды. Төртіншіден, істі ешкім жасыра алмайды. Жәбірленуші, айыпталушы, сондай-ақ адвокат кез келген уақытта онлайн-режімде істің қалай тергеліп жатқанын қарай алады. Электронды нысанға ауысқан соң істер жедел тергеледі. Талдау күшейтіледі. Бағдарламада процессуалдық құжаттардың 100 жаңа үлгісі енгізілді. Бүгінде 9 қылмыстық іс электронды түрде тергелуде, оның 3-і сотқа жолданды. Осы істер бойынша соттың санкциясын да электронды түрде аламыз. Өте жедел және тиімді. Қылмыстық істердің электронды түрде жүргізілуі әрбір істің мұқият қаралып, республика бойынша бірыңғай тәжірибені қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Қазірден бастап, электронды арыздардың модулі қызмет ете бастады. Мысалы, егер тараптар тергеушінің әрекеттеріне шағымданса, прокурор оның әрекеттерін дереу онлайн-режімде тексере алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН