Статистика жол-көлік оқиғаларының 50-70 пайызы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болатынын көрсетіп отыр. Сондықтан да көлік тізгініне отырғандардың салғырттыққа бой бермей, адам өміріне жауапты екендерін сезінгендері жөн. Қарапайым көлік жөндеушіден бастап жетекшіге дейінгі кадр дайындау жүйесін жетілдіру бағытында Атырауда бірқатар шара жүзеге асуда. «Атырау-Смарт» мекемесі қоғамдық көліктегі қызметкерлердің бірыңғай мәліметтер базасын жасақтап, мамандарды дайындау мен қайта даярлау жұмысын ұйымдастыруды қолға алды. Тағы бір жаңалық – мұнайлы өңірде «Қоғамдық көлікті дамыту-2020» бағдарламасы жасалды. Сала мамандары мен ғалымдардың қатысуымен дайындалған бағдарлама тұжырымдамасы мұнайлы аймақтағы көлік қатынасын реттеуге бағытталған.
Қазір облыс орталығында 24 қолданыстағы маршрут бар. Оның 12-сі қала маңындағы ауылдардан күніне 84 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Автобустардың бәрі дерлік ескірген. «Осы қарқында кете берсе, енді бір бес жылда автобустардың қолданыстан шығып қалуы әбден мүмкін, – дейді Л.Б.Гончаров атындағы қазақ көлік академиясының профессоры, техника ғылымдарының докторы Жұмажан Жаңбыров. – Қазірдің өзінде халық такси қызметіне көбірек жүгінеді».
Ғалым Атырау қаласының маңынан салынатын көлік-логистикалық орталық көптеген күрмеулі мәселелердің шешімін табады деген үмітте. Даму тұжырымдамасына сәйкес қалаға әлі де 345 автобус керек. Ал жаңа автобустар алып, материалдық-техникалық базаны жаңартып, инфрақұрылым мен жол құрылысын жүргізу үшін 12 миллиард теңге қажет.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидің айтуынша, кәсіпкерлердің осы салаға инвестиция құйып, пайда табуына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Ал жаңа тұжырымдама бойынша автобустар «ақылды» маршрут кестесі негізінде қозғалады. Сондай-ақ, бірнеше бағытқа жаңа маршруттар қосылып, электронды билет енгізу де жоспарда бар.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»