Аман еңбекке де, спортқа да ерте араласқан. Жүгірген, ұзындыққа секірген, күрескен, аудандық, облыстық жарыстарда белдескенін жерге алып ұрып, талай рет жеңіс тұғырына көтерілген, атақты балуан атанған. Аманның талантын таныған облыстағы спорт мамандары оны Семейге шақырып, хат та жазыпты. Ол кезде ауыл басшылары үшін азаматтың болашағы емес, ауылдағы шаруашылық, қойдың дұрыс бағылуы, егін мен шөптің дұрыс жиналуы сияқты қауырт тірлік қымбат болған. Аманды Семейге жіберіп қойса, ауылдағы шаруашылықтың бір пұшпағы қисайып қалатындай көрінген. Сондықтан облыстан келген хатты Аманның қолына тигізбей, жасырып қалған. Мұны енді «спортшының бағын байлаған» дейміз бе, уақыт өткен соң айттың не, айтпадың не, бір кем дүние ғой.
Совхоздың ауыр жұмысы Аманның денсаулығына кері әсер етіпті. Дәрігерлер «бел омыртқа остеохондрозы» деген қорытынды жасапты. Жұмыс-жұмыс деп жүріп денсаулығын құртып алған Аманның жүріп-тұруы да қиындап кетеді. Дәрі-дәрмек, аурухана дәрігерлері оған көмектесе алмаған. Сөйтіп, балдақ ұстап қалған Аманға спортқа арқа сүйеуден басқа жол да қалмаған.
Елу екі жастан бастап Аман спортпен қайта табысты. Тәуекелге бел буған жігерлі жігіт ағасы өмірін құтқарып, кеселден айықтыратын бірден-бір жол – спортпен шұғылдану екеніне әбден көз жеткізді. «Ивановтың 12 қағидасы» деген сауығу ережесін тауып алып, соны басшылыққа алды. Жыл он екі ай спорт жаттығуларын жасады. Қазір Аман ақсақал өзін сергек сезінеді. Күнделікті таңғы бес жарымда ауылдан шығып, сағат сегізге дейін жүгіріп, дене жаттығуларын жасап қайтады. Қазір ол кісі 42 шақырымдық қашықтықты бес жарым сағатта жүгіріп өтеді. Мұның өзі Гиннестің рекордтар кітабына енгендердің көрсеткішімен шамалас көрінеді. Осы Гиннес кітабына енуге неге талпыныс жасамаймын деген ой Аман ағамызды да мазалапты. Сөйтіп ол кісі Алматыдағы Гиннестер орталығын іздеп, таба алмай қайтыпты. Тек «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек қана жылы қабақ танытып, «хабарласайық» депті.
– 42 шақырым қашықтықты 70-85 жаста жүгіріп, жақсы нәтиже көрсетіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген қариялар бар екен. Әйтеуір үміт дүниесі ғой, мен де соған дайындалып жүрмін. Қазір осы қашықтықты бес жарым сағатта жүгіріп өтемін, – дейді Аман ақсақал.
Аман ақсақалдың осы әңгімесін естіп ойға қаласың. Спорттың денсаулыққа пайдалы екенін, оның артықшылығын жастар арасында насихаттаудың бірден-бір мысалы – осы Аман Кәкімов сияқты ардагерлеріміздің өнегелі істерін көрсету емес пе? Аманның спорттағы талпынысын, арман-мақсатын аудандық спорт ұйымдары қалай естімеген? Естісе, Аман қарияның спорт арқылы ауруды жеңе білген ерлігін басқаларға үлгі ету шараларын ұйымдастырар еді-ау деп те ойлайсың. Әуелі, бір зейнетақысынан басқа табысы жоқ Аманды Алматыдағы Гиннестер орталығына ертіп барып, желаяқ қариялардың сайысына қосып, бағын сынаса, саламаттылық өмір салтын насихаттайтын Тарбағатай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің абыройы артпаса, кемімес еді.
Хамза СӘТИЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Шығыс Қазақстан облысы,Тарбағатай ауданы