Оқиға былай болған екен. Түнгі уақытта Тәуке xан көшесінің бойында орналасқан банк ғимаратындағы терминалдан белгісіз біреулер 4 млн теңгеге жуық қаржыны ұрлап кетеді. Оқиға орнына жеткен полицейлер осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» 4-бөлігімен іс қозғаған болатын. Жедел іздестіру нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген екі күдікті ұсталады.
Қызық болғанда банк қызметкерлері екі күдіктінің бірін жазбай таныған. Дәл танитын себебі, күдіктінің бірі болып тұрған 1970 жылғы жігіт ұрылардың жолын кесу үшін күзетшілік жұмысқа қабылданған өз қызметкері еді. «Каспий банктің» күзетшісі өз қызметін шатастырып алды ма, әлде осы банкке менің де маңдай терім артығырақ төгілді деп ойлады ма, сыбайласымен түнгі жортуылға шыққан.
Алайда, жаза басқанын аңдаған ол тергеушілерге кінәсін тез мойындап, өзіне «тиесілі» 2 млн теңгені қайтарып берген. Ал электрші болып істейтін серігі қайтару жағын ойға алмапты. Ол дереу қамауға алынды. Күзетші изоляторға қамалмағанымен қылмыстық істен құтыла алмады. Енді екеуі сот үкімін күтеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы