Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Ақмола облысында «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бойынша 107 жоба қолға алынды

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семинар-кеңес жұмысына орталық және жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері және ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құрал­дарының қызметкерлері қатысты.

Ақмола облысында «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бойынша 107 жоба қолға алынды

Жиынды сөз сөйлеп ашқан Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының мінде­тін атқарушы Архат Айбабин «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бойынша өңірімізде 107 жоба қолға алынғандығын атап көрсетті. Солардың ең бастылары Бурабай, Қорғалжын және Зеренді аудандарында шоғырланғандығын айта кеткен жөн. «Бурабай ауданы бойынша «Абылай хан алаңы» мемориалдық стелласы, Ерейментау ауданында «Құмай» археологиялық кешені салынды және де Қорғалжын ауданында көптеген шаруалар атқарылуда. Сонымен қатар білім, мәдениет саласында көптеген шаралар назардан тыс қалмаған. Облысымыз табиғи байлықтары ғана емес, сонымен бірге рухани құндылықтары да мол өңір саналады. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша үлкен үлес қосатынымызға нық сенімдіміз», деді А.Айбабин. 

 Бұдан кейін сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының маманы, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының ӨЖО бас ме­неджері Әсем Әзірбаева алдағы атқары­лар жұмыстарға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, «Тәрбие және білім» кіші бағ­дарламалары бойынша 24 шағын жоба, «Рухани қазынаға» – 79 жоба және ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды, ішкі туризм­ді дамыту жөніндегі іс-шаралар, «Ата­мекен» кіші бағдарламасына 4 жоба қа­рас­тырылып отыр. «Тәрбие және білім» атты кіші бағдарламаның басты назары қазақстандықтарды бәсекелестікке, прагматикалық және амбициялық тұлға ретін­де тәрбиелеуге бағытталып отырғанын «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасының респуб­ликалық басқармасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының бас менеджері, Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Стелла Ибраева алға тарта сөйледі. Ал еліміздің қасиетті мекендеріне енген тарихи орындары жайында сөз қозғаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева олардың маңызын ашып беруге тырысты.

Оның мәліметіне қарағанда, «Қазақстанның 100 қасиетті орны» республикалық тізіміне 11 нысанмен бірге 8 жоба енген. «Ерейментау ауданының аумағында Құмай бірегей археологиялық және этнографиялық кешені бар. Мұнда бірнеше дәуірлердің ескерткіштері – қола дәуірі, ерте темір дәуірі, ғұн, классикалық түркі және этнографиялық даму кезеңдері сақталған. Ең маңызды ескерткіштер – I-VI ғасырларға дейінгі Батыс түрік қағанатының кезеңінің тас мүсіндері. Осы кешеннің құрылысы болашақта экологиялық, этно­мәдени және басқа да туристік қызмет түр­лерін дамыту үшін алғышарттар жасайды», деді бас маман. Сондай-ақ өңірімізде «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 4,8 миллиард теңгеге бірнеше мәдени, тарихи және әлеуметтік нысандарды қайта құру және салу бағытында 57 жоба қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кеңес отырысы барысында әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұртшылықты және қоғам өкілдерін тарта отырып, келешек ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, қасиетті жерлерді БАҚ арқылы кеңінен насихаттау мәселелері жан-жақты көтерілді.

 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»