Экспедиция өз жұмысын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіліміне енген «Ақмешіт» қорымынан бастады. Қорым Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылынан 31 шақырым жерде орналасқан.Бұл қорымда Бекет атамыздың әкесі Мырзағұл, атасы Жаналы, анасы Жәния, ұлы Тоғай жерленген. «Ақмешіт» мешітінің имамы,Бекет атаның алтыншы ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлы қарсы алып, ата-баба рухына Құран бағыштады.Ислам қажының айтуынша, Ақмешіт рухани, тарихи, діни ошаққа айналғанын, 1970 жылдан бастап Бекет атамыз туралы зерттеу еңбектерін жазып жүргенін атап өтті.Бекет атамыздың 2020 жылы өтетін 270 жылдығына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бекет атамыздың бес немесе жеті жерасты мешіті бар екендігі туралы тарихи деректер бар. Алайда, бүгінгі таңда Ақмешіт, Тобықты, Бейнеу, Оғыланды жерінде орналасқан мешіттері жұртшылыққа белгілі. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы борлы жартастарда орналасқан жерасты мешітінің сақталуына бар жағдайды жасап отырған Бекет атамыздың алтыншы ұрпағы Қалымбегі Әбуұлы Тәшев жерасты мешітінің тарихынан сыр шертті.Сонымен қатар бұл жерде Бекет атамыздың ағасы хафиз Меңдіқұл Мырзағұлұлының жерленгені жөнінде экспедиция мүшелеріне ақпарат берді. Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов экспедиция мүшелерін қабылдап, сапарға сәттілік тіледі.
Оғыландыға баратын сапарымызда Бекет атамыздың ұстазы Шопан атаның зиратына соғып, дұға бағыштадық. Бұл жерде Шопан атаның жары, қызы, қайын атасы Баян баба жерленген.
Үш жүз алпыс екі әулиенің мекеніне айналған Маңғыстау даласының бір қиырындағы Оғыланды шатқалында, өзі тау ішінен қашап салған мешітте дамыл тапқан Бекет ата Мырзағұлұлының басына зиярат етілді. «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген қанатты сөз Бекет атаның әулиелік даңқының айғағы.
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тұмышев экспедиция мүшелеріне сәтті сапар тілей отырып, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың алғысын жеткізді.
Сапар соңында Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Батыр ауылында тұратын Бекет атаның жетінші ұрпағы Бердіхан Аяпбергенұлымен жүздестік. Ол кісі атадан мирас болып келе жатқан асатаяқтың мұрагері. Бекет атамыздың Бақыржан қажыдан дәріс алғанын, халықтың бүгінге дейін қасиетіне бас иіп, құрмет көрсеткеніне риза екендігін жеткізді. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлы «Дара Парасат, Дара Рух, Дара Шарапат, Дара Шапағат иесі» ретінде бағалаған Бекет бабамыздың жаудан елді қорғаған батырлығы, дауда әділетті арашалаған қазылығы, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдарлығы келешек ұрпақтың санасында сақталады деп сенемін.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
«Ақмешіт – Бекет ата қорымы» экспедициясының мүшесі