Қазақстан • 25 Қазан, 2017

Қазақ көрген қасірет

1982 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарап тұрсақ, бұл дүниеде қазақ көрмеген қасірет аз сияқты. Отырар ойранын, дербес Орда тіктеген дәуірлердегі қиғылық жылдарды айтпағанда, екі ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, қайың сауған нәубеттері, екі жарым ғасырдан астам дерлік орыс бодандығы – халқымыздың бүгінгі ақжолтай азат күндерге келер жолдағы бастан кешкен азабы, тартқан тақсырет-тауқыметінің қара жерден де ауыр екендігін айғақтайды. 

Қазақ көрген қасірет

Соның ішінде кеңестік кезеңдегі қызыл өкіметтен көрген қорлық-қысастығы, зорлық-зомбылығы, әсіресе алабөтен  дер едік. 

Иә, сталиндік қиянат құрбан­дық­тары­ның ауқымы мен көлемі, қаныпезерлігі мен  азғындық-аярлығы төбе шашыңды тік тұрғызып, тұла бойыңды түршіктіреді. Шынымен-ақ, өз халқына өзі жау емес өкімет егін екпеген елге астық салығын салар ма? 1929 жылдың қазан айында алым жинаудың үш айлық науқаны қазақтың шаруа баққан момын жұртына әңгіртаяғын ойната келді. Біз ертеректе сөйлескен Семей өңірі, Шұбартау атырабы көне көздерінің куәлік етуінше, қарумен жүріп жоспар салыпты. Сонда жаны қысылғандар бір биені бір пұт бидайға айырбастап жібереді. Ел астық салығынан құтылу үшін қолдағы азын-аулақ малынан айырылады. Ал қазақ шаруаларының өкімет қысымын көрген қиын халінен пайда тапқысы келіп әккіленген орыс шаруа­лары астықтарын құдайсыздықпен тым асыра бұлдады. Қазағың екі жақты аранға осылай түседі. 

Осы арада иманды болғыр шұбар­таулық Ырыздықбай Тілеуберлин деген абыз ақса­қалдың айтқан бір сөздері ойға оралады. Осы күні жұрттың біразы өздерінше Сталинді мақтап, жақтап сөйлеп жатады. Меніңше, солары дұрыс емес, солары–нағыз білместік, деп еді өз өмірінде талай запыранды өткерген қария. Өйткені ол өте қатыгез, қаныпезер патша еді. Басқалар жақтаса жақтасын, ал енді өзін адам айтқысыз қырғынға ұшыратып, жер бетінен жойып жібере жаздаған Сталинге дәл қазақтың іші жылитын жөні жоқ. Ал кем дегенде 2 миллион қазақтың өмірін жалмаған, қаншасын жер аударып бостырып жіберген сталинизмнің жақтастары өз арамыздан әлі де табылатынына күлеміз бе, күйінеміз бе?

Ана бір жылдары кейбір ағалар: «Жетім­­діктен жеткізіп адам қылған айнала­йын Совет өкіметі, Советтің интернаты» деп айналып-толғанып отыратын. Шір­кін, сол ағалардың көбі әкесін 37-нің сүр­гінін­де сол Совет өкіметінің өзі соттап, айда­уда азаптап, атып өлтіргенін, өзін же­тім қылған сол «айналайын» өкіметі еке­нін білмей, білуге өресі жетпей өткені өкін­діре­ді-ақ. Оларды сондай иісалмас қылған өресіз­дік пе, ынжық жігерсіздік пе, жоқ әлде на­мыс­сыздық па? – не десеңіз де өзіңіз білесіз.

Сол Сталин жүрегі тастан жаратылмаса, әйгілі «Үш масақ» немесе «Жетінші август» заңын шығарар ма еді? Аштан қырылып жатқанына қарамастан, қара шаруаның малын, жейтін тамағына дейін түгел аузынан жырып сыпырып алды. Үйде аштан бұратылған бала-шағасы үшін бір кило бидай ұрлап осы 7-август статьясына іліккен мыңдаған пақырлар жазықсыз, тектен-текке сотталып, айдалып, итжеккенге кетіп жатты. Шұбартауда Қазы деген кісіні ешкісінің соңынан лақ ермеді деп соттап жіберіпті.

Сол отызыншы жылдары жалпақ даланы заңсыздық жайлады. О да бір зымиян саясат болар, жер-жердегі халықты шолақ белсенділердің билігіне беріп қойды. Олар ақымақ бастарына не ой келіп қалса, соны істеді. Айда десе – айдады, байла десе – байлады. Әйтеуір халықтың еңсесін көтертпеді. Қысқасын айтқанда, беті-қолын дұрыс жуатын азамат болса, көзін жойып отырды. Басы бар, ақыл-парасаты бар тәуір адамдарды түгел құртып жіберді. Сол заманның куәлары осылай дейді.

Бақаш деген кісіге ауданның Бидалин деген  НКВД бастығы «Конституция» деп айтшы» дейді. Бақаш «Қанстөтөсия» дейді. Сөйдедің деп оны халық жауы атандырып, соттайды. Шәріп деген сот Баршатаста сот құрып отырып: «Саған 10 жыл, оған да 10 жыл» деп үкім айта бастапты. Сонда өз бетімен анадай отырған Төлеусары деген кісі: «Маған ше?» деп жыбырлақ аузы сұрап қалыпты. «Саған да 10 жыл!» дейді Шәріп. Бейшара Төлеусары, не үшін екенін өзі де білмейді, сотталып кете барады. Осы қиянат, заңсыздықтар күллі Қазақстан бо­йынша орын алды. Сталиндік қуғын-сүргін сая­сатының қызылтабан ашаршылық қыр­ғыны мен 37-нің қызыл зұлматына ұлас­қан жазалау машинасы халқымыздың қабыр­ғасын осылай күйретіп, сағын сындыруға шақ қалған еді.

Зұлымдықпен үндес, геноцидпен шен­дес кеңестік кердең де кесір саясат зұл­матынан  қазақ көрген қасіреттің бір парасы осындай. Болашағымыз бұлтсыз ашық болуы үшін ұлт тарихының бұл қаралы бетін де еш ұмытпауға тиіспіз.