Әдебиет • 25 Қазан, 2017

Бір діңгегіміз – дініміз

696 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Данышпан Абай «Отыз ал­тын­­шы сөзі­нің» бастауында:­ «Пайғамбарымыз са­лалаһу һалай­һи уәсәләмнің (құдайдың ра­қы­меті жауғыр) хадис шарифінде (Пай­ғамбар туралы әңгімелер) айтыпты: «Мен лә хаяһүн уә лә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ бол­са, оның иманы да жоқ, деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді, ұят, өзі иманның бір мүшесі екен», депті. Шынында, ұят кеткен жерде иман болмайтыны анық. Имансыздан ибалық күту жөнсіздік. 

Бір діңгегіміз – дініміз

Бізді кешегі кеңестік дәуір діннен без­дірді. Саясат иесі «дін апиын» десе иланып, молданы қорлап, қызыл ту көтергенді жан сала қорғадық. «Ұлттар лабораториясы» дегенді малданып, өзімізді ұмыттық. Адамсың ба, азаматсың ба десе – коммуниспін деп көлгірсідік. Басқа тілді білсең бағың ашылады деп сарнадық. Сөйтсек, оның бәрі алдамшы идеяның, яғни өзіңнен өзгені өр санап, мәңгүрттендірудің зымиян тәсілі екен. Әрине сол тұста бүкіл ұлтымыз бүлінді деу­ге де болмайды. Бастары кететінін біл­се де дін жолынан таймаған, бес мезгіл намазынан, отыз күндік оразасынан жаңылмаған зиялылар болды. Тәуелсіздікке қол жетіп, дінімізге ден қойғанда олардың үлгісі бәрімізге алтын діңгек секілді көрінгені ақиқат. Олар халқымыздың ғасырлар бойғы дін-ғұрпымыздағы жібек арқау болды десек жарасады. 

Иә, кер заманның залалы келтір­ген зиян­ды ел болған соң ұғып, түсі­ніп, түйсіндік. Имандылыққа ұйытатын дініміз қайта оралғанда, сананы шырмаған жат қылықтан арылдық. Мешіттер салынып, медреселер ашылды. Еркін заманға өттік. Бірақ сол еркін заманды «еркелік» деп ұққандар да табылып жатты. Елімізді танып, ұлтымыздың ұлы ұғымдарымен қауышқанда жау деп жар салғандарымыздың көбі халқымыздың қадірлісі, жұртымыздың жақсысы болып шықты. Олар білім шырағын жағып, ғылым негізін қалапты. Ұлтты жойып, байлаусыз құлдай ұстау үшін ақылдыны жайратып, табаны бүрсізді сайратып қоятынына да көз жеткіздік. Апыр-ай десеңізші, сол кезде дара Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас», «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер», дегеніне де мән бере қоймаппыз... 

Дініміз келді, тіліміз өрісін кеңейт­ті, салтымыз салтанат құрды деп бөркімізді аспанға атып, бөрі мінез көрсетіп, Елба­сының елдік жолын қолдап, төрткүл д­үниеге бұратана қазақ бүтін қазақ ре­тінде танылды. Ниетінде бұзықтық жоқ ұл­тымыздың ұлылығын, жеріміздің байтақ байлығын әлем білді, көрді. Дегенмен, жатты жақын, алысты ағайын еткен халқымыз дінге бет бұрған тұста зиянкестікпен қадамын теріс бұруға жылан бауырлап жеткендер де табылмай қоймады. Сөйтіп біраз қандастарымыз жат ағымның шырмауында қалды. Қазір сол жолсыздық ұйыған ұлтымызды «Бұл қалай болды», деген ойға қалдырып отыр. Атам қазақ дін мен иманды тең ұстаған, орайынан жаңылмаған, орынсыз бұрмалауға бармаған жұрт еді. Дінді құдірет тұтқаны соншама, дінсіз деген сөзді айта қоймаған. Кейбіреулердің тірлігі көңіліне қонбаса, ар-ұятты аттаса, «имансыз» деген екен. Сол киелі де қасиетті дініміз соңғы кездері әртүрлі әңгімеге арқау бола бастады. Бұл ұлтты бүлдіріп алмаймыз ба деген сақтықтан туындап отырғаны да белгілі. Дін ұлттың үлгісімен астасса жарасым табатынын дін ғұламалары айтқан. 

Ұлттық үлгі дегеннен шығады, кей­бір дін жолына табандап бет бұрған бауырлар өзге жұрттың тірлігіне көзсіз еріп бара жатқандай әсер қалдырады. Ең қиыны үлкенді қойып балаларды, яғни оң мен солын толық біле қоймаған мектеп оқушыларын имандылыққа баулимыз деген желеумен, әсіресе гүл тектес қыздарымызды тұмшалап қою, оларды ертең тұңғиыққа батырып жібермей ме? Атам қазақ қызын құтты қонысына қондырғанша қонақ деп төріне отырғызып, үкілеген, бөрік кигізіп, орамал-шаршыны жолатпаған еді. Ұлға балап, ұлының қатарында ұстаған еді. Бұл күндері мектепке баратын сол қыз балалардың киімі туралы ойлы-қырлы әңгіме заң аясында шешімін табу үстінде. Оған иланғандар да бар, құқығын талап етіп қарсы шығушылар да жоқ емес. Ақиқатына келер болсақ, ислам діні білім мен ғылымға шек қоймаған. Соның мысалы емес пе, қазіргі білім мен ғылым жетістігінің түп-тамыры ислам дінінен бастау алатыны. 

Бүгінгі үлбіреген ұл мен қызғал­дақтай қыздарымыз – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Дінге де сауаттылық керек. Көзсіз ұрыну жарыққа емес, түнекке тартады.

Сүлеймен Мәмет,

«Егемен Қазақстан»