Қазақстан • 25 Қазан, 2017

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі зейнет жасының ұлғаюы жөнінде әңгімелеп берді

1205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Алматы көпір құрылысы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі зейнет жасының ұлғаюы жөнінде әңгімелеп берді

Кездесу барысында Еңбек кодексі мен ұжымдық еңбек шартын сапалы жүзеге асыру, кәсіподақ қозғалысындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері сөз болды.   Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жиналғандардың назарын мәселенің аса маңыздылығына аудара отырып, келер жылдан басталатын зейнет жасының ұлғаюы жөнінде нақты, әрі түсінікті әңгімелеп берді. Осы орайда, келер жылдан бастап базалық зейнетақы тағайындау тетігі өзгереді.

«Егер қазіргі таңда базалық зейнетақы зейнеркерлік жасына толған барлық азаматтарға бірдей мөлшерде төленсе, ынтымақты немесе еңбек зейнетақысы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне байланысты төленуде», деді Т.Дүйсенова.

Министр келтірген мәліметке сүйенсек, толық зейнетақыны немесе айлық еңбекақысының 60%-ын (47 АЕК-тен аспайтын) 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдер мен 25 жылдық еңбек өтілі бар ер азаматтар алады. Егер еңбек өтілі осыдан аз болса, сәйкесінше зейнетақы мөлшері де аз болады. Бұл айырмашылық еңбек өтілінің аздығымен ұлғая береді. 1960 жылдары туғандарға бұл еңбек өтілі орташа - 18 жыл болса, 1970 жылы туғандарға – 10 жыл, ал 1980 жылы туғандарға ешқандай еңбек өтілі жоқ.

Осыған байланысты, әйелдер арасындағы зейнетақының азаю бөлігін өтеу мақсатында Қазақстан Үкіметі мынадай шараларды қабылдап отыр:

а) 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы төлеу тетігі өзгереді.

Бұл өзгеріс бойынша базалық зейнетақы тағайындау мөлшері азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен 1998 жылдан бері қарайғы бірыңғай зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысуына тікелей байланысты болмақ;

ә) зейнетақы жарналары салымдарының үзіліссіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 2014 жылдан бастап жұмыс істеп жүріп, 1 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған әйелдердің зейнетақы жарналарының 10%-ын республикалық бюджеттен субсидиялау жүзеге асып келеді;

б) жинақ мөлшерін ұлғайту мақсатында, 2020 жылдан бастап жүзеге асатын зейнетақы жинақтау жүйесінде жұмыс берушінің өз қызметкерінің жинақтау есебіне тағы да 5 % мөлшерінде зейнетақы жарнасын аударуы заңмен міндеттелген.

Бұл жүйе бойынша, әйел азаматтардың алатын зейнетақы мөлшері зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысу мерзімі мен зейнетақы жинақтау жарнасын үзіліссіз аударып отырғанына тікелей байланысты болады.

Сондықтан, келер жылдан бастап енгізілгелі отырған зейнет жасын кезең-кезеңмен жоғарылату жүйесі зейнетақы жинақтарын да ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жүйе жыл сайын 6 айға ұлғая отырып, 2018 жылдан 2028 жылға дейін 10 жыл қатарынан жүзеге асатын болады.

Сонымен қатар, әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығу бойынша жеңілдіктері сақталатын болады. 5 бала тәрбиелеген және 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдер зейнеткерлікке 53 жасында шыға алады. Бұл жағдайда мемлекет әр бала үшін жалпысы 12 жылдан аспайтын, 3 жылдық еңбек өтілін есепке алады. 50 жасында зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі жеке зейнетақы есебінде  міндетті зейнетақы жарнасы мен міндетті кәсіби және ерікті жарналары жеткілікті мөлшерде жиналған әйелдерде сақталады.