Қазақстан • 25 Қазан, 2017

Еуразия Ұлттық университетінде латын әліпбиіне көшу ісі талқыланды

369 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда еліміз көлемінде қоғамдық-саяси тұрғыдан жоғары деңгейде талқылануға түсіп жатқан дүние – латын әліпбиі. 

Еуразия Ұлттық университетінде латын әліпбиіне көшу ісі талқыланды

Бұл мәселе қазірдің өзінде Парламент Мәжілісінің мінберінен бастап, ғылыми-зерттеу институттарымен қатар өңірлердегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының, сондай-ақ филолог-тілші мамандардың назарын аударуда. 

Сондай бір шара елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Аталмыш оқу орнының танымал ғалымдары бас қосқан жиында филолг-тілші мамандар тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, келелі ойлар ортаға салынды.

Аталмыш шараның саяси маңызы жайлы толымды пікірін айтқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов: «Қазіргі таңда біз егемендігіміздің іргесін бекемдеп, ширек ғасырдан бері елдіктің сара жолына түстік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында береке-бірлігі бекем, тыныш та, тұрақты мемлекетке айналдық. Соның арқасында республикамыз әлемдік қауымдастық алдында бейбітшілікті ту еткен ел ретінде беделі артты. Осындай жетістіктің нәтижесінде соңғы жылдары ел экономикасы қарыштап дамып, тіптен Шығыс Еуропа елдерінің экономикалық деңгейіне жақындай түсуде. Осы орайда, елдегі қаржы-қа­ра­жат айналымының маңызды саласы банк жүйесі сияқты құры­лымдарды әлемдік стандартқа сай бейімдеу мәселесі туындап отыр. Яғни бүгінгі таңда әкім­шілік-құқықтық, саяси-эконо­микалық салалардағы жеткен жетістіктерімізді, әрі қарай ғаламдық жаңару үрдісінен тыс қалдырмай, әрі ұлттық-елдік бет-бейнемізді сақтай отырып, мемлекетті дамытудың жаңа кезеңі келгенін аңғарған Елбасы қазақ қоғамына өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық ма­қа­ласын ұсынды. Осы мақаласында Көшбасшымыз болашақта қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігін ескертіп, дай­ындық шараларын қазірден бастап қолға алуды тапсырған болатын. Осыған біз де атсалыс­қанымыз жөн» дей отырып, елорданың іргесінде орын тепкен және шаңырағы астына ірі-ірі оқымысты ғалымдардың шо­ғы­рын қалыптастырған универ­ситеттің мұндай қоғамдық тал­қы­лаудан тыс қалуы сын болар еді деген ойын жеткізді.

Ғалымдар арасынан алғашқы болып сөз алған академик Сейіт Қасқабасов бүгінге дейін қазақ тілінің фонетикасы мен лексикасы толық, жүйелі зерттелмегенін, жаңадан қолданысқа енуі тиіс латын әліпбиіне қай ғасырдың фонетикасын алу мәселесі шешімін таппай тұрғанын ескертіп, әуелі әріп-таңба мәселесінен бұрын әріп-дыбыс мәселесін дұрыс таң­дауымыз керек екенін алға тартты.  

Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жан­тас Жақыпов қазақ тілінің өзге тілдерден артықшылығы – тұтастай гармонияға негіз­дел­генін жеткізді. Оның пікірін­ше, гармония тұтастай алған­да ғаламның дамуына, жарас­ты­ғына алып келер зор құбылыс. Әлем гармонияға сүйенеді. Тіліміздің осы қасиеті ХХ ғасыр­да әлсіреп қалды. Зерттеуші­лер­дің дәлелдеуінше, әліпби генотип сияқты қызметке ие. Сондықтан да бүгінгі талқыланып отырған қазақ әрпі қазақ руханиятын жаңартады дегенге сенімі мол. Қазіргі қолданыстағы қазақ әліпбиіне кеңес жылдары механикалық түрде қосылған жат дыбыстарды алып тастау қажет. Бұлар тілдің асыл нұсқасына селкеу түсіріп, үйлесімін бұзып тұр. Ғалым осылайша ой толғады. 

Филолог-ғалым Дүкен Мә­сімханұлы болса, латын әліп­биіне көшу мәселесін жалпылай алғанда қазақ қоғамы қолдап отырғанын, дейтұрғанмен дәй­екше һәм қостаңбамен бе­ріл­ген әріптердің салдарынан түбі қолайсыздық туатынын дәлелді түрде жеткізді. Ғалым өзі куә болғандай ІТ маманы латынша қостаңба немесе дәйекшелі әріппен жазылған 1000 беттік мәтінді көшіргенде, ол қазіргі әріппен 1200 бет болыпты. Демек ел бюджетімен жылына 10 миллион беттік кітап шығарады десек, талқылаудағы жоба бойынша ол 12 миллион бет болады де­ген сөз. Сөйтіп жыл өткен сайын қыруар шығынға ұшырайды екен­біз...

Талқылау кезінде пікір біл­дір­ген келесі азамат қазақ тіл фонологиясын зерттеуші маман, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы өзінің аталмыш жиынға әліпби жасау­шы емес, тіл маманы ретінде келіп отырғанын айтып, компьютер тақтасындағы қай әріпке қандай дыбыс беру керектігі жө­нінде нақты ұсынысын жеткізді. Егер, – деді тілтанушы ғалым: – Тілдің табиғатын на­зар­ға алмай компьютерге байлап қойсақ қателік болады. Өйт­кені компьютер қазақ тіліне емес, ағылшын тіліне арнап жа­сал­ған. Бұл екеуі бір-бірімен ымы­раға келмейтін екі әлем. Осыны ескерген жөн. Екіншіден, ла­тынға көшудің негізгі мақсаты – жоғалтқанымызды түгендеу, алдағы дамуға сара жол салу екені анық. Латын әліпбиіне кө­шеміз деген кезде лингвистер мен тіл табиғатын түсінетін зиялыларды қуандырған да осы дүние. Демек, халық жаңа әліпбидің тіл заңдылығына негізделген ұлттық бейнесін күтіп отыр, – деді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

Суретті түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»