Елбасы 2012 жылы «Қазақстан – 2050» Жолдау стратегиясында еліміздің 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуі қажет екенін айтқан болса, үстіміздегі жылдың 12-ші сәуірінде жарыққа шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы модернизациялаудың нақты жобалары қажет екенін, оның ішінде бүгінгі жазуымызды бірте-бірте латынға көшіру мәселесін айтып өткен болатын. Дәл сол мақаланың өзі қоғамдық сананы модернизациялауға локомотив болғаны шындық. Әсіресе, әңгіме латын алфавитіне тірелген тұста қоғам қатты белсенділік танытуда. Түрлі жобалардың ұсынылуы, түрлі деңгейдегі талқылаулар соның айғағы.
Дөңгелек үстелде баяндама жасаған мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрханов латын әліпбиіне көшудің саяси аспектілеріне тоқталды. Еліміздің территориясында түрлі дәуірде, түрлі кезеңдерде қолданылған жазулардың тарихына тоқталып, жазудың ұлт мәдениетінде алатын орнының ерекшелігін баса айтты. К.Бұрханов баяндамасының түйіні латын әліпбиіне көшуді саясиландырып, оның астарынан дау-жанжал іздемеу керек деген пікірге сайды. Ол әлемде жазуы бірдей немесе ұқсас талай мемлекеттер бар екенін, бірақ, сол жазудың бірдейлігі немесе ұқсастығы олардың бір-бірімен татулықта өмір сүруіне кепіл бола алмайтынын айтып, бірқатар мемлекеттерді мысалға келтірді.
Ал, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова латын әліпбиіне көшу уақыт талабына сай дер кезінде көтеріліп отырғанын айтып, тәуелсіздікті ала салған кезде біз латын әліпбиіне көшуге дайын емес едік деген пікірде ой өрбітті. Ол латын әліпбиіне көшу арқылы еліміздің ашық демократиялық қоғам қалыптастыратынын жеткізді. «Біз латын әліпбиіне көшу арқылы рухани құндылықтарымызды қалпына келтіреміз, әлемдік өркениет көшіне жедел ілесетін боламыз»-деді ол.
Дөңгелек үстелде сөз алған Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының ғылыми қызметкері Тұрсынәлі Мұсаұлы өзі жасаған латын әліпбиін қатысушыларға таныстырды. Ол жасаған әліпбиде қазір көбіміздің көзіміз үйренген апостроф та, диграфтар да бар. Бірақ, аз-аздан ғана. Яғни, үш әріпке ғана дәйекше қойылған болса, «ң», «Ч» әріптерін таңбалау үшін диграфқа орын берілген. Сондай-ақ, «Ғ» әрпін таңбалау үшін ағылшынның «Q», қазақша «К»-ны таңбалау үшін ағылшынның «С» әрпін, «Ы» әрпін таңбалау үшін ағылшынның «Е» әрпін қолданған. Ғалымның айтуынша, ол әліпбиді жасау барысында көптеген мамандармен сөйлескен. Қазақ тілінің заңдылығын сақтауға, әліпбидің ағылшынның жазу тақтасына сәйкес келуіне, мемлекеттің экономикасына шығын әкелмеу жағына барынша мән берген.
Дөңгелек үстел қатысушылары ғалымның жасаған әліпбиіне қатысты да өз көзқарастарын білдіріп, әліпби жобасы жасалған кезде бұл нұсқаның да тиімді тұстарын ескеру қажеттігіне тоқталды.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»