Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырған аталған заң жобасын талқылау барысында депутаттар тарапынан құжатқа қатысты сын, ескертпелер аз болмады. Әңгіме ауаны депутат Анар Жайылғанованың қауіптілігі мен зияндылығы төмен немесе аса маңызды емес жағдайдағы құқық бұзушылыққа қатысты жауапкершіліктен босатуды сөз етуінен басталды. Бұл мәселеге қатысты арнайы бап 2015 жылға дейін қолданылған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте болғанын және оны қайта қолданысқа енгізілуін сұраған әріптесінің сөзін Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин де құптай түсті. Тіпті, нақты мысал ретінде ол жеке кәсіпкерге 100 теңге көлеміндегі лицензиялық алым төлемегені үшін 318 мың теңгеге айыппұл салынғанын да тілге тиек етті. Сонымен бірге Н.Нығматулин ел ішінде мұндай жағдайлар бірлі-жарым ғана емес екенін жеткізді.
«Сондықтан, заң жобасын әзірлеушілер жұмыс тобымен бірге осы мәселені мұқият қарап, егер ауқымды зиян келтірілмесе, жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін заң жобасын екінші оқылымда қарағанға дейін пысықтау қажет», деді Н.Нығматулин.
Алайда, Әділет министрінің айтуынша, құжатты әзірлеу барысында салалық ведомство мамандары бұл мәселеде өзара ортақ келісімге келе алмаған көрінеді.
«Бұл өте орынды мәселе болатын. Сондықтан да ол әлі де басы ашық күйінде қалып отыр. Яғни, заң жобасын әзірлеу барысында біз болмашы бұзақылық үшін жауапкершіліктен босату қажеттігін ескергенімізбен, бұл ойымыз өзге мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппады. Салалық ведомстволардың әрқайсысы кәсіби қызметіндегі әрбір тетікті маңызды деп санағандықтан, «болмашы құқық бұзушылық» пен «оған жауапкершіліктің» ара-жігін айқындап, нақты бір шешімге келе алмадық. Екінші оқылымға дейін бұл түйінді тарқатып, нүктесін қоямыз», деді М.Бекетаев.
Сонымен қатар министрдің мәлімдеуінше «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін төмендетуге, ескерту шараларының қолданыс аясын кеңейтіп, жазалардың түрін пайдалы арнаға бұруға бағытталған. Сол сияқты енгізілуі тиіс түзетулерге сәйкес, мұнда әкімшілік айыппұл көлемі орта есеппен 30 пайызға төмендетіліп, әкімшілік жаза түрін ескерту ретінде кеңейту қажеттілігі де ұсынылады.
Осылай деп үн қатқан министрдің сөзіне халық қалаулылары күмәнмен қараған болуы керек, депутаттар бүгінгі таңда «жеңілдетілген айыппұл жүйесіне» қатысты жағдайдың жай-жапсарын сөз етті. Депутат Қанат Мусин қолданыстағы кодексте ереже бұзған адамға жеті күннің ішінде айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығы қамтылғанын еске салды.
«Осыған орай, енді түзетулер аясында бейнекамералар мен жылдамдық өлшейтін құралдарымен тіркеу арқылы анықталған жол ережесін бұзу фактілеріне де осындай құқық берілмек. Бұл ел азаматтары үшін керек норма және осы түзетуді қолдаймын. Алайда, бұл норма тиісті деңгейде жұмыс істемеуі мүмкін деген күдік бар. Себебі, бүгінде көлік иелерінің шағымдарына сүйенсек, жылдамдық өлшегішпен тіркелген ереже бұзушылық туралы ұйғарым оларға дер кезінде берілмейді. Ал айыппұлдар жайында олар тек ХҚКО-ларда немесе сот орындаушыларынан ғана хабардар болады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ескерту шараларын қамтамасыз ету үшін қандай қадамдарды қарастырып отыр?», деп сұрады депутат.
Өз кезегінде Ішкі істер вице-министрі Берік Бисенқұлов мұндай жағдайлар көбінесе көлік иесінің өзі тіркелген мекенжайда тұрмауымен байланысты орын алып жатқандығын алға тартты. Яғни, жүргізушіге ескерту жіберілгенімен, хабарлама иесін таппайды.
«Десек те, уақытша тіркеуге тұру тәртібі міндеттелгеннен кейін бұл мәселенің шешімін табу жеңілдей бастады. Яғни, көлік иесі тұратын нақты мекенжайды анықтауға мүмкіндік берілді», деді Б.Бисенқұлов.
Ал отырыс аясында сөз алған депутат Омархан Өксікбаев болса, жазалау мәселесіне қатысты қолданатын шаралардың мерзіміне өз алаңдаушылығын білдірді.
«Әкімшілік жазаны 24 сағатқа дейін созамыз деп отырғанымыз да ойландырмай қоймайды. Себебі, ол да қосымша қаржыны талап етеді. Өйткені құқық бұзушыны 3 сағаттан 24 сағатқа дейін ұстайтын болсақ, оны ұстайтын орын керек. Ішкі істер органдары ондай орындармен қамтамасыз ете ала ма? Ертеңгі күні «біз түрме саламыз» деп тағы да ақша сұрап жүрмей ме? Осыны да есептеген жөн болар», деді депутат.
Осылайша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасы қызу талқыланған отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы тауарлар мен қызметтердің сапасына байланысты азаматтар тарапынан арыз-шағымдар жиі түсетіндігін тілге тиек етті.
«Айыппұл мөлшерін төмендету мен осы мәселеге қатысты заң жобасын әзірлеуші Әділет министрлігі болғанымен, әкімшілік істі жүргізетін орган Ішкі істер министрлігі. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін пысықтауда Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымы қандай? Заңды ізгілендіру – жақсы іс, бірақ азаматтардың есебінен мейірімді болу дұрыс емес», деді Н.Нығматулин.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары осы күнгі отырыс аясында ел Үкіметі мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы арасындағы штаб-пәтер туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы мен тұрғын үй қатынастары жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»