Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Тарихи негізімізге жақындасақ

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы тәуелсіздік таңына қадам іліктіргелі ел болашағына, тұтастығына және жаңғыруына қатысты келелі істер мен соны бастамаларды кезең-кезеңімен ұсынып, жемісті жүзеге асырып келеді. 

Тарихи негізімізге жақындасақ

Қазір бүкіл қоғам болып қолға алып, әр салада іргелі істер атқарып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы елдің санасына серпіліс берген бастама болды. Елбасы  2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдеген болатын. Осы мәлімдемесі рухани жаңғырудың өзекті бір саласы ретінде аталмыш мақалада кеңінен көрініс тапты. Осыдан соң-ақ елімізде латын әліпбиінің тиімді нұсқасын дайындау, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісу үшін алдағы 2 жылды ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізуге арнау, сондай-ақ 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығаруға кірісу міндеттемесі қойылды.

Елбасының тапсырмасына және кестеге сай жуырда ғалымдардың, тіл білімі саласының өкілдерінің және барша қандастарымыздың атсалысып ақылдасуы нәтижесінде қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы ұсынылды. Жобаның тиімділігі мен қазақ тіліндегі дыбыс, әріптерді берудегі тиімділігі тіл білімі саласының көрнекті ғалымдарының талқылауынан өткен және үйренушілер үшін жеңіл болуымен ерекшеленеді. 

Үш тілді білім беру бағдарламасы бойынша дәріс алып жатқан оқушылар үшін латын әліпбиі қазірдің өзінде кеңінен қолданыста және бұл мәселеге жалпыхалықтық тұрғыда үлкен дайындықпен, зор ұйымдастыру жұмыстары нәтижесінде келетіндіктен, аталмыш әліпбиге өту барысында оқушылар тарапынан аса қатты қиналыс бола қоймайды деп сенеміз. Балабақ­ша­ларда жұмыс жүргізудің де өзіндік жолын, бағыт-бағдарын белгілеп, сол арқылы мектепке дейінгі тәрбиеде баланың санасына, ой-таны­мына жаңа әліпбидің негізін қалап жіберу басты назарда. 

Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқы үшін шы­найы рухани жаңғырудың көрінісі болмақ. Бұл – әлемдік ғаламторлық және ақпарат­тық кеңіс­тікке ену, тарихи, әдеби-мәдени жаңалық­тарға қолжетімділік, өткенді тану және тарихи негізге жақындай түсу. Сондықтан, ұйым­дас­тыру жұмыстарына баршамыз бір кісідей атсалысып, жақсы іске қолдау көрсетуді азаматтық парыз санаймыз. 

 

 

Мәнет ШЫРАҚБАЙ,
 «Жауқазын» балалар бақшасының меңгерушісі,

Түпқараған аудандық мәслихатының депутаты

Маңғыстау облысы,
Түпқараған ауданы