Басқосудағы негізі әңгіме «Латын графикасы – латын әліпбиіне көшудің мәселелері мен болашағы» тақырыбы төңірегінде өрбіді. Сөз алған әрбір шешен ана тілі қай кезеңде де ұлттық құндылықтардың бастауы болып табылатыны, сондықтан мемлекеттік тілдің даму мәселесіне көп жылдар бойы елімізде ерекше назар аударылып отырғаны, соның бірі – қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесі екенін ерекше атап өтті.
Пікірталасқа белсенді түрде қатысқан Алматы коммунистері де латын әліпбиіне ауысу – уақыт талабы екенін, бұл жаһандану жағдайында өзіндік ерекшелікті сақтап қалуға көмектеседі әрі Президент латын әліпбиіне көшу туралы тілге тиек еткенде, «бұл ұлт болып шешуді талап ететін принципшіл мәселе екендігін атап өтті» деп, латын әліпбиіне көшу үдерісі қазақ тілінің жаңғыруына жағдай жасауы тиіс деген байлам жасады.
Дөңгелек үстел басында тебірене сөз сөйлеген филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегеновтің «Латын графикасы – рухани жаңғырудың және ұлттық бірегейлікті нығайтудың қуатты факторы, мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігі оны байланыс құралы ретінде ғана пайдаланбай, тілдің барлық бай әлеуетін ашуға септігін тигізетіні» туралы баяндамасы тыңдаушыларын тұщындырды. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының өкілі, ғалым Нәзира Әміржанованың сөзінен тыңдаушылар көкейінде жүрген түрлі сауалдарға нақты жауап тапқандай болды.
Алқалы жиында Елбасының – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына еліміздің болашақты меңзеген бағдарламасы ретінде қолдау білдіріп, жаңа модель еліміздің гүлденуінің іргетасы болады деген тұжырым жасады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ