Аңғарып зерделеген адамға бұл жерде көптеген кесенелер мен күмбездер болғанын білуге болады. Өкінішке қарай, сол тарихи ескерткіштер жайылымдағы жылқының қорасына айналған. Олардың арасында Болған ана мазары да тұр.
Бұл мазар және онда рухы мәңгі сая тапқан ана туралы нақты дерек те, аңыз да көп айтылған, жазылған. Орыс саяхатшысы Николай Рычковтың 1771 жылы жазуынша, одан кейін Шоқан Уәлихановтың, Ақселеу Сейдімбековтің, Бақтияр Әбділдаұлының деректері мен археолог-ғалым Е.Бәйтеновтің зерттеуінше, бұл орта ғасырдан қалған тарихи жәдігер. Болған ана Шыңғыс ханның немересі, Жошының үлкен қызы.
Шыңғыс Ұлы Даланы билеуді алдына мақсат еткенде бұл өңірде қазақ ұлыстарының ықпалы күшті болатын. Қазақтан шыққан тұңғыш тарихшы Жамал Қаршидың жазып қалдырған дерегі бойынша олар Жетісудағы ең мықты ұлыс болып, Алмалық қаласына билігін жүргізген. Алғаш Алмалықтың ұлысбегі Озар мен оның баласы Сұнақ-тегін Қарлұқ елімен бірлесіп, Баласағұнды қорғайды. Алайда сұрапыл қуатты күшке қарсы тұра алмайды. Сондықтан да Алмалық қаласымен бірге билігіндегі өзге де қалалар мен қамалдарды ерікті түрде Шыңғыс ханға қосылуға шақырады. Бұған риза болған Шыңғыс хан Сұнақ-тегінге Жошының үлкен қызы Болған бикені қосады. Қазақ ұлыстарының бектеріне көп-көп сыйлықтар беріп, оларды Шағатай ұлысында ең құрметтілердің қатарында бірінші орынға шығарады. Ал күйеу балаларын тәрбиелеген, аталығы болған ойшыл Жамал Қарши барлық салықтан босатылып, ұлыста еркін жүріп-тұруына рұқсат беретін жарлыққа ие болады.
Біздің айтпағымыз тарих емес, осындай тарихи мәні бар жәдігердің қараусыз қалғаны. Тарихшылар осы жерге Шыңғыс ханның екінші әйелі Құлан қатынның, Болған ананың күйеуінің, тағы да басқалардың жерленгенін, басына биік кесене орнатылғанын да айтады. Болған ананың кесенесі ерекше, яғни кірпіштерді қиғаш қалау әдісімен салынғанын, сырты аппақ болған деген дерек бар. Нақтырақ айтқанда, Жошы ханның кесенесінен жүз шақырымдай қашықтықта мәңгі рухтары сая тапқандар туралы зерттеу жұмысы жеткіліксіз екенін де айта кету керек сияқты.
ХІІІ ғасырдың тарихи жәдігері Болған ана кесенесінің бүгінгі кейпі өте аянышты. Ұмыт қалған. Тарихи мәні болса да айтыла бермейді. Кезінде ананың Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы ұрпақтары кесененің ұзақ уақыт сақталуына бағытталған жұмыстарды қолға алмақ болған. Бірақ олар көлемі 56х50 метр болатын, төбесі түсіп қалған, төрт қабырғасынан басқа ешнәрсе қалмаған кесененің басына барып, дұға бағыштаудан, көк тас қоюдан аса алмады. Себебі кесене тас жолдан жырақтау, жол жоқ. Сондықтан да олар «Мәдени мұра» аясында жөнделетін шығар деп ойлаған. Қазір рухымызды жаңғырту бағытында серпінді істерді қолға алған еліміз, оның ішінде, Қарағанды облысының мәдениет басқармасы Болған ана кесенесінің көз алдымызда қирауына жол бермес деген сенім бар.
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері
ТАРАЗ
Суретті түсірген
Нұрқуат Бәйтерек