Елбасы 2012 жылы «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміздің 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуі қажет екенін айтқан болса, биыл жарыққа шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудын нақты жобалары қажет екенін, оның ішінде бүгінгі жазуымызды бірте-бірте латынға көшіру мәселесін айтып өткен болатын. Дәл сол мақаланың өзі қоғамдық сананы жаңғыртуға локомотив болғаны шындық. Әсіресе, әңгіме латын әліпбиіне тірелген тұста қоғам қатты белсенділік танытуда. Түрлі жобалардың ұсынылуы, түрлі деңгейдегі талқылаулар соның айғағы.
Дөңгелек үстелде баяндама жасаған қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрханов латын әліпбиіне көшудің саяси аспектілеріне тоқталды. Еліміздің аумағында түрлі дәуірде, түрлі кезеңдерде қолданылған жазулардың тарихына тоқталып, жазудың ұлт мәдениетінде алатын орнының ерекшелігін баса айтты. К.Бұрханов баяндамасының түйіні латын әліпбиіне көшуді саясиландырып, оның астарынан дау-жанжал іздемеу керек деген пікірге сайды. Ол әлемде жазуы бірдей немесе ұқсас талай мемлекет бар екенін, бірақ, сол жазудың бірдейлігі немесе ұқсастығы олардың бір-бірімен татулықта өмір сүруіне кепіл бола алмайтынын айтып, бірқатар мемлекеттерді мысалға келтірді.
Ал, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова латын әліпбиіне көшу уақыт талабына сай дер кезінде көтеріліп отырғанын айтып, тәуелсіздікті алған кезде біз латын әліпбиіне көшуге дайын емес едік деген пікірде ой өрбітті. Ол латын әліпбиіне көшу арқылы еліміздің ашық демократиялық қоғам қалыптастыратынын жеткізді. «Біз латын әліпбиіне көшу арқылы рухани құндылықтарымызды қалпына келтіреміз, әлемдік өркениет көшіне жедел ілесетін боламыз», деді ол.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»