Аймақтар • 27 Қазан, 2017

Атырауда ақын Қойшығұл Жылқышиевтің кеші өтті

1295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қойшығұл Жылқышиевтің шығармашылық кеші өтті. 

Атырауда ақын Қойшығұл Жылқышиевтің кеші өтті

«Қай қазақтан кем едім?» деп аталған кеш әдеби-сазды композициямен басталды. Ақын жүріп өткен жол, тауқыметі мен таңғажайыбы толы ғұмыры арқау болған қойылым көрермен көңілінен шықты. Шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Қойшығұл Өмірұлының халыққа, елге қызмет көрсетудегі адалдығы, азаматтығы бөлек. Оны бар білгенін, жиған-тергенін ортаға төгіп тастайтын кең пейіл азамат ретінде білемін. Махамбет шығармашылығын насихаттауға зор еңбек сіңірдіңіз. Махамбеттің басына келген қиыншылығы емес, атақ-абыройы, халықтың сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы дарысын сізге», - деген лебізін айтты.

 ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Құлмұхамбет, тарихшы Жамали Дихан, Батыс Қазақстан облысындағы Қадыр Мырза-Әлі атындағы мәдени орталықтың басшысы Бауыржан Халиолла, «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының жетекшісі Әлия Дәулетбаевалар сөз алып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның маңызына тоқталды, кеш иесінің ақындық, азаматтық қасиеттері жайлы әңгімеледі.

Қойшығұл Жылқышиев бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық бөлімшесін басқарады. Аймақтағы қаламгерлер қауымының қолдаушысы ретінде мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосып келе жатқан ақын кеші нағыз өлеңнің мерекесі іспетті болды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.