Оған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының тарихшы, филолог ғалымдары, сонымен қатар өлке тарихын зерттеп жүрген тарихшылар, өлкетанушылар, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер, қоғам өкілдері, мәдениет қызметкерлері, студенттер қатысты.
Конференцияда ғалымдар мен өлкетанушылар еліміздегі ономастиканың бүгінгі жәй күйін, проблемаларын, тіл тазалығына, туризмді дамытуға әсерін әңгімеледі.
«Жер-су атаулары қоғамдық мәдени, тарихи ғана емес, жалпы рухани мұра ретінде халықаралық маңызға да ие болып отыр. Сондықтан тарихымызға қатысты жер-су аттарының сақталуы мен дұрыс жазылуына, айтылуына сақ болғанымыз жөн. Мысалы, Қостанай қаласының жанындағы Тобылдан бөлінген шағын көл Инспектор көлі аталатын. Оны кейіннен біреу жекешелендіріп алып, Безымянное деп тіркетіп жіберген. Ал халық оның Алтынсаринге байланысты шыққан атау екенін жақсы біледі. Тарихымызға қатысты осы атауды қалай өшіріп қоямыз? Оның құжат жүзінде қалпына келтіру мәсеелсі кезек күттірмесе керек» деді өлкетанушы ғалым Қалқаман Жақып.
«Елбасының мақаласында айтылған рухани жаңғыру мәселелерінің бірі осы ономастикаға қатысты. Ономастиканы жаңғырту арқылы біздің тарихи жадымызды сақтап, ұлттық кодтарымызға қайта жан бітіру мәселесі конференцияда орынды қозғалды. Латын әліпбиіне көшу ономастика мәселелсіне оң ықпал ететін болады. Бұрын бір атауды орысша, қазақша екі тілде жазатын едік, ол екі түрлі дыбысталатын. Ал латын әрпімен жазудан ол бірізділікке түседі. Мұның халықаралық, тіпті экономикалық та маңызы бар» дейді Еуразия университетінің профессоры Бекжан Әбдіуәлиұлы. Конфернцияға қатысушылар екі секцияға бөлініп жұмыс істеді.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай