Аймақтар • 29 Қазан, 2017

Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер сыйлық алмай ма, әлде алған сыйлығын тапсырмай ма?

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы 26-28 қазан аралығында Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев БҚО-да мемлекет тарапынан көрсетілген қызмет нысандарының жұмысын тексерді деп хабарлайды өңірлік департаменттің баспасөз қызметі.

Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер сыйлық алмай ма, әлде алған сыйлығын тапсырмай ма?

Алик Шпекбаев арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірге Орал қаласы әкімдігінде биылғы маусым айынан бері жұмыс істеп тұрған «Ашық әкімдік» жобасының нәтижелерімен танысты. Тұрғындардың әкімдік кабинеттері арасында сабылып жүрмей, жаңаша ұйымдастырылуы – заман талабы. Оралдық «Ашық әкімдік» жобасының жұмысын аралап көрген төраға орынбасары бұл бастаманы одан әрі жақсарту бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Сапар аясында А.Шпекбаев облыстың Теректі, Зеленов және Тасқала аудандарында көшпелі кездесу өткізіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, халыққа қызмет көрсету, көші-қон қызметі салалары және аудандық аурухана секілді халық пен бизнеске қызмет көрсететін мекемелерді инспекциялады.

Кездесу барысында А.Шпекбаев мемлекет көрсететін қызмет сапасын арттыру, мемлекеттік органдарда азаматтарға жағдай жасау үшін жұмысты оңтайландыру, автоматтандыру қажеттілігін түсіндірді. Аудан активімен кездесу барысында жергілікті әкімдерге қай салада болмасын мемлекеттен көрсетілетін қызметтерді алу кезінде азаматтарға қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Мемлекеттен көрсетілетін қызметтерді алу кезінде тұрғындардың заңды құқығы бұзылса, тиісті орындарға шағымданып, белсенді азаматтық ұстанымын көрсетсін деді астаналық өкіл. 
27 қазанда төраға орынбасарының қатысуымен Орал қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Таза қол: парасыз болашаққа бірге» атты форум өтті. Бұл жиында да жергілікті кәсіпкерлер арасынан суырылып шығып, өз кәсібінде кездескен заңбұзушылықтар мен кедергілер туралы мемлекеттік мекемелер қызметіне шағым айтқандар болды. Алик Жатқамбайұлы ол мәселелердің әрқайсысы туралы екінші жақтың көзқарасын тыңдап, мәселені зерттеп, оң шешілуіне көмектесуге уәде берді.

28 қазанда А.Шпекбаев Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырысына қатысты. Бұл жиынға жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың, құқыққорғау жүйесінің басшылары, аудан әкімдері, аудандық мәслихат хатшылары мен депутаттар, қоғамдық кеңестердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылған. Отырыста мемлекет көрсететін қызмет сапасы, мемлекеттік қызмет саласында заңнаманың сақталуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылып жатқан шаралар талқыланды. 
Агенттік төрағасының орынбасары өз сөзінде еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты түбегейлі өзгергенін айтып өтті. 

- Жүргізілген жұмыс нәтижесінде әкімшілік кедергілер қысқарды, тұрмыстық жемқорлық төмендеді, мемлекеттік органдардың ашықтық және есеп беру принциптері енгізілді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны одан әрі тиімді жүзеге асыру үшін бағдарлы заңнаманың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін жетілдіру мен көтеру қажеттілігі байқалады, - деді Алик Жатқамбайұлы.

Азаматтар әдетте мемлекеттік құрылымдарға мемлекеттен көрсетілетін қызмет үшін келеді. Ол қызметтің сапалы және уақытылы, әкімшілік кедергілерсіз болуы – әрбір қызмет көрсетушінің міндеті. Бірақ, талдау нәтижелері бұл салада шешілмеген түйіндер бар екендігін көрсетеді.
БҚО бойынша жалпы көрсетілген мемлекеттік қызметтің 31%-ы ғана (2,4 млн.) электронды түрде көрсетілген. Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген мемлекеттік қызмет үлесі 2016 жылғы 2%-дан 46%-ға дейін өсіпті. Алайда, мемлекеттік қызметтің басым бөлігі әлі қағаз түрінде жүреді. 

Батыс Қазақстан облысында биылғы 9 ай ішінде 304 мемлекеттік қызметші қызметінен ауысқан екен. Бұл республикалық көрсеткіштен 1,8%-ға жоғары. «Жергілікті атқарушы органдардағы кадрлық жағдайға баса назар аудару керек» деді А.Шпекбаев.
Мемлекеттік қызметші қызмет өкілетін орындау кезінде құны 1 АЕК-тен артық болатын сыйлықты алуына болмайды. Яғни айтқанда, құны 1 АЕК-тен артық сыйлық болса, ол мемлекеттік қорға тапсырылуы тиіс. Ал Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Комитетінің 2017 жылдың 9 айындағы қорытындысына қарағанда БҚО-да мемлекеттік қорға жалпы сомасы 207 125 теңге болатын 116 сыйлық қана тапсырылған. Сонда БҚО мемқызметшілері сыйлық алмай ма, әлде алған сыйлығын тапсырмай ма? А.Шпекбаев мемлекеттік мекеме басшыларына берілген сыйлықтарға түгендеу жүргізіп, арнайы қорға тапсырылуын қадағалау қажеттігін атап көрсетті.

Оралдағы комиссия отырысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа-орталық» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Т.Байғұлов «Жолдарда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша 10 қадам» жобасымен таныстырды.Шара соңында, «Жасырын сатып алу» жобасының жұмысы қорытындыланып, резонансты сыбайлас жемқорлық істері бойынша бейнероликтер көрсетілді. 
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ

ОРАЛ