Екі күнге созылған жиында әлемнің әр түкпірінен келген ғалымдар мен лекторлар заманауи іргелі білім беру мәселелері туралы ой-пайымдарын ортаға салды. Конференцияға АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Ресей, Аустралия, Швейцария, Өзбекстан және басқа да елдер мен Қазақстанның барлық өңірінен мыңнан астам ғалымдар мен мұғалімдер келді. Алдымен есімдері әлемге таныс сингапурлық Он Сен Тан, америкалық Паси Салберг, франциялық Юри Белфали, канадалық Гордон Ньюфелд сияқты белді спикерлердің дәрістерімен басталған конференция жұмысы әртүрлі форматтағы презентациялар мен панелдік пікірталастарға, постер-сессияларға, дөңгелек үстелдерге жалғасты. Сондай-ақ білім беру ресурстарының көрмесі ұсынылды. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасына Парламент депутаттарының қатысуымен арнайы бөлім ұйымдастырылды. Конференцияның беташары болған Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының «Көлеңкелер» театрының қойылымы қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен қарапайым тіршілігін және білімге ұмтылған баланың алмайтын асуы, шықпайтын биігі жоқ ізгі де қуатты тұлғаға айналатынын шебер бейнелеуімен көңілден шықты.
Жиынды ашқан «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шигео Катсу балалардың өсіп-өркендеуі, орнықты мінезі бар, талдау мен саралау қабілеті зор және жеке тұлға ретінде коммуникативті, зияткерлік дағдыларға ие адам қалыптастыру үшін білім берудегі құндылықтардың қоғам өмірінде басымдыққа ие екенін жеткізді.
– Бұл білім алушылар мен отбасы тарапынан өзіндік бір тәртіпке бағдарлануды, барлық мәселені жұмыла қарастыруды талап етеді. Біз осы құндылықтар әрі қарай дамуы үшін балаларға айрықша серпін беруіміз керек. Осыған орай түрлі технологиялық-инновациялық әдістемелер арқылы балаларды шынайы өмірге дайындаймыз. Олардың өркендеуін қамтамасыз ету үшін этикалық, рухани тәрбие жағына да зер салу керек. Осы кешенді тәсіл саламатты өмір салтын игеруге мүмкіндік береді. Оқушылардың сана-сезіміне ғана ықпал етіп қоймай, жүректеріне жол таба білу керек, – деді ол. Ал «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова дәстүрлі конференцияның қазақстандық және шетелдік педагогика мамандарының арасында ынтымақтастық орнатып, үздік тәжірибелермен бөлісуге негіз болып отырғанын, әлемнің қарқынды түрде өзгеруі экономикаға, саясатқа, мәдениетке, білім беруге қатысты жаңа үрдістерді туындатып отырғанын атап өтті. Жаһандану, технологиялық инновациялар, климаттық, демографиялық және басқа да өзгерістер адамдар мен қоғам тиімді икемделуі тиіс жаңа талаптар қойып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әлемнің өзгеруі – балалардың өзгеруі. Қазіргі балалардың өмірі туа тіршілігіне дендеп енген қуатты технологияларға байланысты бұрынғы әлеуметтік маңызды институттардың бірі болған аулаларды жоғалтудан басталады. Олар әлеуметтік желілерде өздеріне тән талқылармен, әзілдерімен, сөйлеуімен өмір сүре бастады, деді басқарма төрайымы. Осы ретте К.Шәмшидинова сарапшылар мен педагогтердің айтуынша, бүгінгі балалардың алдыңғы буынға қарағанда көп өзгергенін жеткізді. Яғни қабылдауы жылдамырақ, есте сақтауы азырақ, іздеу мен табуды білетін, аздаған ақпараттарды бөлісе алатын, ортаға тез қосылатын, ойын батыл жеткізуге қорықпайтын ұрпақ өсіп келеді. Сондай-ақ олар әлеуметтік желілерде қалай жақсы табыс табу туралы да жетік біледі. Осы іспетті өзгерістер заманында мектептер оқушыларды өмірге дайындап үлгере ме деген сауал тууы заңдылық. Бұл қоғамның да, жұмыс берушілердің де көкейінде тұрған мәселе. Осы сияқты күрделі жайттардың шешімін іздеудегі халықаралық зерттеулерді тілге тиек еткен Күләш Ноғатайқызы зияткерлік мектептердің мақсаты өзгеріске тез бейімделуге қабілетті тұлға тәрбиелеу екенін айтты. Қазіргі кезде зияткерлік мектептерде негізгі білім беру бағдарламасы қосымша элективті курстармен және сабақтан тыс тәрбие шараларымен толықтырылған. Арнайы жобаларға негізделген және оқушылардың қызығушылығына сай түрлі үйірмелер мен клубтар, әлеуметтік тәжірибелер мен акциялар балаларға туған жердің тарихы мен мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін тануға, еліміздің әр саладағы жетістігін білуге шақырады. Бұл орайда «Туған елге – тағзым», «100 күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақ әндері» сынды жобалар сәтімен жүзеге асырылуда. Таратуға лайық идеялар ретінде «TEDx» алаңы, домбыра курстары, ғаламтордағы қазақ тіліндегі контентті арттыруға бағытталған «Уикипедия» клубы сұранысқа ие. Осы жобалар аясында өлкетану экспедициялары ұйымдастырылып, бес жылда 20-ға жуық маршрут бойынша тарихи-танымдық зерттеу жұмыстары жүргізілді.
АҚШ-тың Аризона штаты университетінен келген сарапшы Паси Салберг өз сөзінде 2007-2008 жылдардан бастап зерттеушілердің АҚШ, Ұлыбритания, Германия сияқты алдыңғы қатарлы елдердің әлемдік рейтингте үздік нәтижелер көрсете алмайтыны жөнінде мәселе қоя бастағанын айтты. Өйткені әлемдегі көптеген білім жүйелері мектептер арасындағы жарысты алға жылжудың ең тиімді жолы деп біледі екен. Бұл ретте АҚШ-ты мысалға келтіруге болады. Ал Финляндия, Канада, Жапония сияқты елдерде білімнің озық жүйесі басымдықты мектептер мен мұғалімдер, оқушылар арасындағы әріптестікке сүйейді. Сондай-ақ дамыған елдердің арасындағы қателіктердің бірі – реформаларға құмарлық пен жекешелендіру идеясына тым беріліп кету, деді ол.
Конференциядағы осы сияқты шетелдік сараптаулардың нәтижесіне қарасаңыз, табыстың кепілі мектептерге деген сенім, балалардың білімге тең жағдайда қол жеткізуі, жұмысқа тек жоғары білікті мамандарды тарту, мұғалім мен оқушы және ата-ана үштағанының биліктің алдында емес, қоғам мен бір-бірінің алдында жауапты болуы, білімнің тауарға емес қоғам игілігіне айналуы, мектептердің жақсы достар мен дұрыс тамақтануы жолға қойылған бақытты мекен болуы сияқты көптеген факторлар әсер ететінін байқауға болады.