Ғасырлар бойы тарихшылар үшін де, саяхатшылар үшін де жұмбақ ел болып келген Қытайға саяхаттың қайталанбас әсерлерге толы болатыны түсінікті. Ал Қытай кітапханалары қызықты архитектураға толы ақпараттық, интеллектуалдық және мәдени орталықтарымен, кең әрі жарық оқу залдарымен, оқырмандардың қорларға ашық түрде қол жеткізетіндігімен тіптен ерекше екен. Шыны әйнектен жасалып, жарық та ашық кеңістікке толы, соңғы технологиялық үлгідегі құрылғылармен жабдықталған кітапханаларының ғимараттарын «ашық кітап» деуге болар. Заманауи автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйелер, көтергіштер, электр қуатын қамтамасыз ету, өрт сөндіру, қорлардың сақталу жүйесі, заманға сай жиһаздар және өзге де көптеген ерекшеліктер бірден көзге түседі. Біз барған кітапханалардың барлығынан байқағанымыз, өздерінде өңделген ақпараттық ресурстардың мол таңдауының, әлемдік ақпараттық агенттіктердің мәліметтер базасына қол жеткізу мүмкіндігінің болуы еді.
Қытайдың Ұлттық кітапханасының тарихы сонау Цин әулетінің (1644-1911 ж.ж.) соңғы императоры Пу И 1909 жылы қыркүйекте құрған күннен бастау алады екен. Бүгінде оның көлемі 250 шаршы метрді алып жатыр. Ол Вашингтондағы конгресс кітапханасы мен Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан кейін әлемде үшінші орынға ие. Ал кітапхана коллекциясы жөнінен әлемде бесінші орынға шығып отыр. Қытай Ұлттық кітапханасының жалпы қоры 9,4 миллион басылымнан тұрса, жыл сайын 600-700 мың басылымға толығып отырады. Олардың ішінде Шан династиясы заманындағы (б.з.д. 16-11 ғасырларда) аңдардың сүйегіне және тасбақа қабыршағына жазылған ежелгі жазбалар да бар. Арнайы қоры 1 миллионнан астам сирек кездесетін кітаптар, ежелгі атластар, әйгілі адамдардың қолжазбалары, тарихи құжаттардан тұрады.
Ұлттық сандық кітапхана болып есептелетін Қытай ұлттық кітапханасын стратегиялық маңызға ие ұлттық мәдени инженерия деуге болады. Әлем бойынша қытай тіліндегі ең ауқымды цифрлы ақпарат кешені мен қызмет көрсету кешеніне айналуды мақсат тұтатын бұл нысанның тек Қытай еліне ғана емес, бүкіл дүние жүзіне цифрлы ресурстар бойынша қызмет көрсете алатыны таңдандырды.
Бүгінгі күннің даму талабына сай болу мақсатында Қытай кітапханасы дәстүрлі қызмет көрсету мен цифрлы қызмет көрсетуді өзара үйлестіріп, іздеу, оқу, сұрау, жинау, интернетте қызмет көрсету жұмыстарын ұштастырған. Оқырмандардың білгісі келген ақпаратын жедел түрде тауып алуы үшін толықтай компьютермен жабдықталып, сұралған кітаптың қай сөреде тұрғанын көрсетіп беретін зерделі жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ оқырмандардың электронды басылымдарды оқуына мүмкіндік жасау мақсатымен, қолға ұстайтын электронды оқу жабдықтары әзірленген. Көру қабілеті шектеулі жандарға арнаулы қызмет көрсету аумағы бар. Ұлттық кітапхананың ұялы телефон қызмет платформасы оқырмандардың ұялы телефондарына қажетті ақпаратты жеткізіп және қабылдап тұрады.
Қытайдың астаналық кітапханасы Андингмен қақпасының оңтүстік-батысында, конфуци шіркеуінің батысында орналасқан. Бұл кітапхананың негізі 1913 жылы астаналық көпшілікке арналған кітапхана ретінде қаланған. Оған дейін ол әйгілі Император академиясы (Guozijian) болатын.
Аталған кітапхананың тарихы ұзақ әрі күрделі. 1924 жылы астаналық көпшілік кітапхана мен Митрополит кітапханасының бір бөлігі Императорлық академиясының Туай аллеясының жанындағы Xuanwumen қақпасының жанына ауыстырылды. Бұрынғы кезде кітапханалар қарапайым халық үшін маңызды болып есептелмеген. Сол себепті де бастапқыда кітап қоры аса жинақталмаған. Алайда, бірнеше рет орнын және атын ауыстыруының арқасында оның қоры да ұлғая түскен. Бірнеше онжылдықты артқа тастап кітапхана коллекциясы 110 мың томға жеткен.
Тәжірибе алмасу барысында бұл кітапханада отбасылық және балаларға арналған зал бар екенін байқадым. Ол залдарға балалар ата-аналарымен бірге бара алады. Балалар интернетті бір сағат қана пайдаланады. Интернетте көп отырудың зияндылығы ескерілген болуы керек. Сонымен қатар 24 орынды 3D кино залы жұмыс істейді.
Бұдан кейін делегациямыз ежелгі Қытай астанасы, Жібек жолының бастау алар арнасы ретінде танылған Сиань қаласына ат басын тіреді. Сиань баяғыда Чаньан деп аталған. Оның әр сүйем жері тұнып тұрған тарих. Ұлы Цинь, Хань, Таң тәрізді 13 әулет осы қалада өмір сүріп, осы қаланың өркендеуіне өз тарапынан өлшеусіз үлестерін қосқан. Ұлы Қытай қорғанына еліктеп тұрғызылған Қала қорғаны, провинцияның тарихи мұражайы, орталық кітапханасы, атақты Цинь Шихуанди мавзолейі мен оған қоса жерленген Терракот әскерлері де осы қала іргесінде. Қазіргі Сиань-Шэньси провинциясының кітапханасы Қытайдың батыс аймағындағы ежелгі көпшілік кітапханалардың бірі.
Аспанасты елінің негізгі үш кітапханасын көрумен қатар, ұйымдастырылған экскурсиялардың арқасында ҚХР-дың мәдениеті, тарихы, әдебиетіне де көз жүгіртіп үлгердік.
Тәжірибе алмасу барысында біздің кітапханаларға радиожиілікті сәйкестендіру технологиясын белсенді түрде енгізу қажеттігін түсіндім. RFID-технологиясын қолдану оқырмандарға қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтермек. Қазақстанда RFID-технологиясы отандық бағдарламалық өнім негізінде енгізіліп жатыр. Бұл жүйе оқырмандарға кітапханашының көмегінсіз өз бетінше кітап алып, оны тапсыруға мүмкіндік береді. Міне, осындай жаңашылдықтарды енгізе отырып, біздің кітапханалар да заманауи талаптарға жауап беретініне сенім мол.
Гүлмира СМАҒҰЛОВА,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық кітапханасының
ғылыми-әдістемелік қызметінің топ жетекшісі
АЛМАТЫ