Осынау маңызды оқиғаға байланысты Әзербайжанның белгілі саяси тұлғалары, экономист-сарапшылары да өз ойларын білдіруде. Әзербайжан Мәжілісінің депутаты Тахир Миркишилидің айтуынша, бұл – Қазақстан мен Әзербайжан байланысына тың серпін беретін ауқымды жоба. Қазіргі таңда елдердің екі бірдей стратегиялық әріптесі Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы тауар айналымы 500 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал екі ортаға жыл сайын 100 млн тонна жүк тасымалданады. Бұл жүктерді тасымалдайтын екі жол бар. Соның бірі – Қытайдан басталып, Транссібір темір жолын пайдалану арқылы Ресеймен Солтүстік Еуропаға жеткізу болса, екіншісі – Үнді мұхиты арқылы неміс портына апаратын теңіз жолы.
Бұл екеуінің де өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар. Біріншісі саяси жағынан тұрақты емес болса, екіншісі өте ұзақ жол. Сондықтан осыдан он жылдай бұрын Бакуде үлкен жиын өтіп, сонда қабылданған декларацияда саяси жағынан тұрақты, қай елге де тиімді бірыңғай платформа құру туралы айтылған. «Еуропалық одақ пен Қытай, Қазақстан мен Әзербайжан, Түркия мен Орталық Азия, Ресей мен Иран арасындағы тауар айналымындағы өсімді есептегенде осы елдерге жылдам тауар жеткізетін, экономикалық жағынан тиімді болатын үлкен жобаны қолға алу мәселесі Баку конференциясында кеңінен қозғалды. Осылайша, Баку – Тбилиси – Карс темір жол желісін салу идеясы дүниеге келген еді. Бұл біздің елдерді, Түркия, Грузияны байланыстыратын, яғни Еуропадан басталып, Түркия арқылы өтіп, Кавказ, Орталық Азия мен Қытайды жалғайтын ортақ көпір іспетті», дейді депутат.
Ал Әзербайжанның экономист-сарапшысы Фуад Әлизаде 800 шақырымнан асатын Әзербайжан, Грузия, Түркия темір жолдарын бірыңғай желіге қосатын Баку – Тбилиси – Карс темір жол бағдары Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі екенін айтады. Оның пікірінше, магистральды пайдалануға беру арқылы Қытайдан шығатын жүк ағынын Қазақстан аумағымен Ақтау порты, Құрық, Алят айлақтары арқылы Түркияға қысқа жолмен жеткізіп, одан әрі Еуропаға бағыттауға болады. Бұл бір жағынан уақытты және шығынды үнемдейді. «Мысалы, 25 қазан күні Қазақстанның Қостанай қаласынан шыққан жүк түріктің қаласына Баку – Тбилиси – Карс арқылы жылдам жетеді. Он жылға жуық уақыт бойы салынған темір жол желісі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық байланысты нығайта түседі», дейді экономист.
Сонымен бүгін Баку – Тбилиси – Карс темір жол желісінің салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Әзербайжан президенті И.Әлиев, Түркия президенті Р.Ердоған, Грузия премьер-министрі Г.Квирикашвили, Өзбекстан премьер-министрі А.Әріпов қатысады деп күтілуде.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан» –
Бакуден (Әзербайжан)