Қазақстан • 30 Қазан, 2017

Қостанай облысы делегациясы Татарстанда болып қайтты

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір инвестицияға негізделген іргелі жобалар экономиканы дамытудың бір тетігіне айналды. Бұл орайда халықаралық, өңіраралық байланыстар жақсы нәтиже беретінін облыстағы атқарылған игі істер көрсетіп отыр. 

Қостанай облысы делегациясы Татарстанда болып қайтты

Қостанай Ресейдің шекаралас облыстарымен, Татарстан Республикасымен экономикалық қарым-қатынас жасайды. Әсіресе соңғы жылдары Татарстанмен барыс-келіс жиіледі. Тамыз айында Қостанайға Татарстан президенті Рустам Минниханов келіп, кәсіпорындарды аралап, экономикалық, мәдени байланыстар орнатуға бағытталған келісімдер жасасқан болатын. Бұл жолы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бастаған делегация іскерлік қарымта сапармен Татарстанда болып қайтты.

Татарстан Ресей аймақтары арасында қай салада болсын қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Сондықтан қостанайлық делегация татар ағайындармен экономикалық қатынастарды нығайтуға қол жеткізуді мақсат тұтты. Сапар барысында Татарстанның премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Нығматуллинмен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев халықаралық және өңіраралық байланыстарды дамытудың маңызына тоқтала келіп, Қостанай облысының экономикалық өрлеу көрсеткіштері, инвестициялық әлеуеті, ынтымақтастықтың келешек негізгі бағыттары жөнінде айтып берді. Сонымен қатар ол инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруы кеңейте түсуге үміт артатынын да жеткізді.

Татарстан Инвестициялық даму агенттігінің жетекшісі Талия Минуллинамен болған кездесуде аталған агенттік қостанайлық қонақтарға тұсаукесер жасап республиканың инвестициялық әлеуетін айтып берді. Татарстан Ресей Федерациясы бойынша инвестиция тартуда көшбасшы болып келеді және бұл істе жақсы тәжірибе жинақтаған.

Өз кезегінде Мейіржан Мырзалиев те Қазақстанда инвестиция тарту жөнінде ұлттық стратегия қабылданғанын, оны әзірлеу барысында Қостанай облысы қанатқақты өңір деп белгіленгенінен хабардар етті. Сондай-ақ біздің делегация Татарстанның Құрылыс, архитектура және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрлігінде де болды. Онда Ресей инвестициясы арқылы Қостанайда жүзеге асатын лифт жабдықтары өндірісі жобасы туралы айтылды.

Қостанайлықтар Қазан қаласындағы «Алабұға» ерекше экономикалық аймағы мен «Химград» технополисін аралады. Осыдан 11 жыл бұрын «Алабұға» арнайы экономикалық аймағына 27 миллиард рубль инвестиция бөлінген болатын. Бүгінде аймақта машина жасау, химия, құрылыс материалдарын өндіретін, металл өңдеу секілді іргелі кәсіпорындар орналасқан. Ал жаңа жобаны жүзеге асырам деген инвесторларға аймақта жер де ұсынылады, инфрақұрылымдық қолдау да көрсетіледі.

Қостанай облысының делегациясы татар ағайындардың инвес­тиция тартудағы бай тәжірибесі мен үрдістерінен үлгі алып қайтты.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар