«Жұмысымыздың тиімділігін арттыру үшін түрлі бағыттарды біріктіру қажеттігі туып отыр. Генетиктер мен селекционерлердің кәсіби қоғамын құратын уақыт келді. Өйткені Қазақстан әлемдік нарықтағы жетекші бидай жеткізушілердің бірі. Бізден өзге ондаған бидай жеткізуші елдерде генетиктер мен селекционерлердің ұйымы бар. Мұндай қоғам бізде де болуы керек, онда жиі бас қосып, өзекті мәселелерді талқылаймыз», деді зертхана меңгерушісі.
Ерлан Тұрыспеков соңғы жылдары қазақстандық бидай сапасының төмендеуіне қатысты пікірін былай білдірді: «Еліміздегі жетекші дақыл – бидайдың сапасы неге төмендеп кетті? Себебі соңғы жылдары өсімдіктің тат аурулары көбейді. Әсіресе Солтүстік Қазақстандағы бидай сабақтарында таттар көбейді. Демек, мұның барлығы өнімділікке, сапаға әсер етеді». Оның айтуынша, біздің сорттар түрлі ауруларға шыдай бермейтін болып шықты. Мұндай мәселелер ілгеріден бар көрінеді. Эпифитотияның жаңа түрлері пайда болған. Сондықтан селекциялық (сұрыптау) құжаттарға, әсіресе генетикалық зерттеулер қолданылатын бағдарламаларға аздап түзету енгізу керек. «Бірақ, мұны бес-алты жыл бұрын жасаған жөн еді. Яғни жеткілікті ұйымдастыру жұмыстарының болмауынан, үнемі кешігеміз де жүреміз. Барлық ұйымды біріктіріп, мәселенің алдын алуға жеткілікті қаражат жоқ», деді Ерлан Тұрыспеков.
Осы жиында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, «А.Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС директоры Кенже Абдуллаев тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап шығарылған «Тәуелсіздік» сорты алғашқы өнім бергенін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, жаңа бидай сорты өзгелермен салыстырғанда суыққа төзімді және сапасы айтарлықтай жоғары. Бұл енді Солтүстік Қазақстан облысы, Арқалық, Қарағандыда орналасқан тәжірибелік шаруашылықтарға жіберіледі. Онда апробациядан өткен соң, көбейтіледі және өзге өңірлер мен шаруашылықтарға таратылады.
Басқосуда аталған ЖШС егістік зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Виктор Юрченко елдегі мал жайылымының жай-күйіне алаңдаулы екенін жеткізді. «Өкінішке орай, шаруа өз малын алысқа шығара алмайды, тұрғылықты жерінен әрі кетсе 50 шақырым радиуста жайып жүреді. Салдарынан елді мекендер маңындағы өрістік жерлерге үлкен зақым келуде», деді ол.
Виктор Юрченко жайылымдық жерлердің тиімді қолданылмайтынын, оған көптеген мал басының жеке қолда болуы себеп екенін баса айтты. «Жеке шаруашылықтағы малға ауыл маңынан жайылым жетіспей жатыр. Онда малдың әр басына 2,5 гектардан келеді, ал норма бойынша әрқайсысына 8-10 гектар жер керек. Демек, мал жайылымдарына 2-3 есе артық салмақ түсуде. Бұл мәселені реттеу керек», деді ғалым.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»