Әкімдер мен қарапайым халықтың жақындығының бірден-бір көрсеткіші азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру және қорғау мақсатында олардың өтiнiштерiн қарау болып табылады.
Өтініш қарау арқылы әкімдер халықтық мұң-мұқтажына, әлеуметтік жағдайына көз жүгірте алады.
Еліміздегі орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың басшылары мен олардың орынбасарларының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылдың 4 қыркүйегіндегі №974 «Қазақстан Республикасының орталық және жергілiктi атқарушы органдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауын ұйымдастыру туралы» қаулысымен бекітілген.
Көрсетілген қаулыға сәйкес орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін апта сайын қабылдауы тиіс.
Аталған қағиданы еліміздегі әкімдер қаншалықты орындап жүр?
Осы сұраққа жауап беру мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті талдау жүргізді.
Талдау нәтижесінде жоғарыда аталған қаулының талаптарын барлық әкімдер сақтамай жүргендігі анықталды. Тіпті кейбір әкімдер жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін айына бір-ақ рет қабылдайды екен.
Бұл заң бұзушылықтар өз кезегінде мемлекеттік мекеменің жұмысына теріс ықпал етіп отыр. Кейде өтініш иесі заң шеңберінде берілген жауапқа қанағаттанбағандықтан, мекеменің бірінші басшысының қабылдауында болғысы келеді. Ал басшылық азаматтарды айына бір-ақ рет қабылдайтындықтан, арызданушы қайталама шағым түсіруге мәжбүр болады.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті тарапынан жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының атына тиісті хаттар жолданып, қабылдау кестелерін жоғарыда көрсетілген қаулының талаптарына сәйкес өзгерту ұсынылды.
Еліміздегі жергiлiктi атқарушы органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары қабылдау кестелерін қайта қарап, олардың басым бөлігі қазіргі таңда жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін апта сайын қабылдай бастады.
Айтылған шаралар халықтың көкейкесті мәселелерінің оң шешілуіне себеп болып, олардың мемлекеттік мекемеге деген сенімін арттыратынына күмән жоқ.
Әбу-Әли Саттар,
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары