Қазақстан • 30 Қазан, 2017

Шекара заставаларына батырлар есімін берсек

721 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп атап көрсетті.  

Шекара заставаларына батырлар есімін берсек

Біздің батыр бабалары­­мыз аумағы жөнінен әлемде тоғы­зыншы орынды алатын, о шеті мен бұ шетіне құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр жер­­­­дің шебін ғасырлар бойы қанын төксе де, арын төкпестен, жан­­­қияр­лықпен қорғады. Бей­біт заманда Ұлы даламыздың шебін қорғаушы жауынгер-шекарашылар да сол батыр баба­ларымыздың бүгінгі буыны табылады.

Бүгінде бес мемлекетпен шек­тесетін және жалпы ұзын­дығы 15 мың шақырымдай болатын шекарамызда 300-ге жуық шекара заставасы құрылған. Осы заставаларға сан тараптан сұқтанған жат жұртқа ата­ме­кеннің қарыс қадамын да ұстат­пай, ұрпағына толық мирас еткен батыр бабаларымыздың атын берсек, орынды болар еді.

Мұның ұлағатты үлгісі де бар. 2017 жылдың 3 сәуірін­де Үкі­меттің қаулысымен Қызыл­орда шекара отрядының «Қызылқұм» шекара заставасына Жанқожа батырдың есімі берілді. Осы­ның алдында, 2014 жылы Қы­зылорда облысының Қаза­лы ауданында өткен, Жан­қожа Нұрмұхаммедұлының 240 жыл­­дығына арналған респуб­ликалық ауқымдағы іс-шара­да Қызылқұмдағы шекара бекеті­не батырдың есімін беру туралы бастаманы біз көтерген едік. Міне, осы бастама жүзеге асып отыр.

Бұл біріншіден, ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушы шекарашыларымызды дархан далаға қалқан болған батыр бабалардың ұлы рухында тәрбиелеуге үлес қосады.

Екін­шіден, Қазақстан тарихында ерекше орын алар тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға қызмет етеді.

Үшіншіден, Елбасы ру­хани жаңғыруға арналған мақа­ласының «Туған жер» бөлі­мінде ұсынғанындай, «есім­дері ел есінде сақталған біртуар перзенттер» арқылы жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына ықпал жасайды.

Төртіншіден, батыр бабалар атымен аталған шекаралық заставалар – өзге мемлекеттер азаматтарына Қазақстанды өз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады.

Бесіншіден, бұл меценаттарды шекаралық заставаларға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға тартуға жол ашады. Өйткені шекарашылар өз қызметіне қажеттінің бар­лығымен қамтамасыз етіл­генімен, шекаралық заста­валардың көбі кеңес заманында тұрғызылған және мате­риалдық-техникалық базасы тоза бастаған.

Мен осы ойымды айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депу­таттық сауалмен ұсыныс жаса­дым. Онда Жанқожа батырмен қатар Қарасай, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Ер Жәні­бек, Райымбек, Жалаңтөс баһа­дүр және басқа да батыр­­лары­мыздың есімдерін елі­міз­дің әр өңіріндегі шекара заста­ва­ларына беру мәселе­сін қарастырып, тиісті нұсқау беруі сұралды. Менің ойымды Премьер-Министрдің орын­басары қолдар деген үміттемін. Өйткені Қазақстанның ежелгі және кейінгі тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау ұлттық сананы жаңғыртуға бағыттал­ған маңызды қадам екені анық қой. Менің ұсынысымды әріптес­терім Н.Әбдіров пен Қ.Сұлтанов та қолдады.

Бахытбек СМАҒҰЛ,

Мәжіліс депутаты