Айта кететін жайт, М.Қазбековадан 2 аптадан кейін Үкімет басшысына сауал жолдаған депутат Дания Еспаева да «Туристік қамқор» қорының пайдасыздығын қосымша фактілермен дәлелдей түскен. «Бүгін түнде «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттарына қайғылы жағдайға тап болған Талдықорған және Алматы қалаларының жеті қазақстандық туристері хабарласты. 21 қыркүйекте Кемер қаласында орын алған жол көлік оқиғасынан Түркияның 4 азаматы қаза тапты, ал қазақстандықтар ауыр жарақаттар алып, оларға шұғыл түрде ауыр оталар жасалды. Қазақтың жас жігіттері мен қыздары елге тек жатқан қалпында тасымалдана алады, ал оған қомақты қаражат қажет.
Алайда олардың «Туристік қамқор» қорына, «Эйр Астана» авиакомпаниясына және басқа да органдарға үндеулері нәтижесіз қалды. Қазір зардап шеккендерге жәрдемдесумен СІМ-нің Анталиядағы бас консулы Бауыржан Абдрахманов қана айналысып жатыр, бірақ оның мүмкіндіктері шектеулі. Екі күн бұрын фракция депутаттарымен кездесуі барысында «Туристік қамқор» қорының басшылығы «біздің жалғыз міндетіміз – азаматтарымызды қайтару», деп сендірді. Неліктен қазір олар әрекетсіз отыр? Біз Үкіметтен бағынышты ұйымның әрекетсіздігіне араласуды сұрап, азаматтарымыздың қайтып оралуына шұғыл көмек көрсетуді, сонымен бірге оларды қажетті медициналық және ұйымдастырушылық көмекпен қамтамасыз етуді талап етеміз» делінген оның сауалында.
Осы сауалдарға Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Н.Алдабергенов қол қойған төмендегідей жауап келді:
«Сіздердің Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласында құқықтарына кепілдік беру жүйесінің кейбір мәселелеріне қатысты депутаттық сауалдарыңыз мүдделі мемлекеттік органдардың қосымша пысықтауын және жан-жақты қарауын талап етеді. Осыған байланысты, аталған мәселе бойынша Үкімет тарапынан жауап кейінірек берілетінін хабарлаймын».
Әрине, Үкімет өзі құрған қорды өзі дереу жауып тастамай, ол үшін жан-жақты зерттеліп, қордың тиімсіздігіне шынымен көз жеткенде ғана шешім қабылданатын шығар. Ал оның бүгінгі таңдағы ісінің шалалығы – жеке басшыларының өз міндетін дұрыс атқармағандығында да болуы мүмкін ғой. Әйтпесе қорды құрғандағы мақсат – шетелге туристік сапарға шығатын азаматтарымызға қамқорлық жасау ниетінен туғаны анық.
Әзірлеген
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»