«Каталонияның тәуелсіздігіне наразылығын білдіріп, халықтың манифестацияға шыққанына ешқандай қарсылығымыз жоқ. Олардың арасында әріптестеріміз, достарымыз, туысқандарымыз бар. Егер де көпшілік арасында шу шығарып, жанжалға шақырған топты көрсеңіз, үндемей ғана өтіп кетіңіз», – деді сенбі күні «Каталония ұлттық ассамблеясы».
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Каталония Испаниядан еркіндік алу жөнінде референдум өткізіп, бұны Мадрид тарапы құптамаған болатын. Испания билігі конститиуцияның 155-бабын жүзеге асыру туралы шешім қабылдап, аймақтың автономиялығы тоқтатылып, Каталония ендігі тікелей Мадридке бағынбақ. Ал жексенбі күні мемлекеттің тұтастығын қолдау мақсатында кезекті ауқымды шеру өтті.
8 қазан күні референдумнан кейінгі алғаш акцияға 300-900 мың адам қатысқандығы хабарланған. Бұл жолғы шеру де одан кем түспеді.
Науқан жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де Диагональ және Пасео-де-Грасиа көшелерінің қиылысынан басталды. Ал ары қарай шерушілер Каталонияның көшелерін жүріп өтіп, орталық алаңға жиналды. Олардың қолдарында Испанияның, Каталонияның, ЕО-ның тулары болды.
Бір қызығы, шеруге бірде-бір полицей, тіпті гвардиялықтар да қатыспады. Алайда шеруді тәртіп сақшылары тікұшақ арқылы бақылып отырды. Олар тіпті, таксиге мінген туристердің көпшілік ортасында бөгеліп қалмауына мүмкіндік берді.
«Мен каталонмын, бұл аймақта туғалы бері өмір сүріп келемін. Бірақ Испаниядан алшақтауымыз бәрімізге кері әсерін тигізеді деп есептеймін. Осы арқылы жалпы еуропалық кеңістіктен алшақтап қаламыз. Бұл өз кезегінде жастарға да зиянын тигізеді», – деді шеруге қатысушылардың бірі.
Алаңға шыққандар «Viva España, viva Cataluña!» деп халықты бірлікке шақырумен болды. Сондай-ақ, «Puigdemont a prisión» (Қазіргі Каталония басшысы Пучдемонды қамау керек) деп айқайлағандар да жоқ емес еді.
Испания үкіметі Карлес Пучдемонды отставкаға жіберген болатын. Бірақ ол бұл жөнінде әзірге пікір білдірмеді.
Мадрид өз кезегінде тәуелсіздік жариялау туралы шешімді қайта қарау үшін каталониялық сепаратистерге үш күн уақыт берген. Бүгін сол мерзімнің соңғы күні. Пучдемонның қызметінен босатылғанын аймақтық полиция да мойындады. Бірақ жергілікті билік мұндай шешімді қолдауға асығар емес. Ал Мадридтің басшы етіп жіберген Сорайя Саэнс-де-Сантамарияның аймақты қалай басқаратыны әзірге белгісіз.
Жергілікті ақпарат құралдары Пучдемонның үкіметті Жиронаға көшіру жағын қарастырғанын да хабарлады.
Барселонаның қалалық полициясы жексенбі күнгі шеруге 300 мыңға жуық адам қатысқанын мәлімдеді. Алайда ұйымдастырушылар бұл көрсеткіштің бір миллионнан асқанын жеткізді.
Бұдан бөлек, Испанияның El Pais газеті де шеруге бір миллионнан астам адам шыққанын сенімді түрде хабарлады. Ал Societat Civil Catalana қоғамдық ұйымы жергілікті полицияның ақпаратын «fake news» деп бағалады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»