Спорт • 30 Қазан, 2017

«Астана» жеңілістен көз ашпай жүр

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шет елдерде, әсіресе Еуропада спорт тақырыбында қалам тербейтін журналистер Қазақстан спорты деген кезде ең алдымен «Астана» командаларын сұрастырады. Осы жалпылама атау кейде күллі ел спортының айнасындай көрінетіні рас. Геннадий Головкин мен «Астана» президенттік кәсіпқой клубының абыройы асқақ екені анық. Алайда, осы кәсіпқой клубың қатарында әлі көріне алмай, қанатын кеңге жая алмай жүрген бір ұжым бар. Ол – «Астана» баскетбол клубы. 

«Астана» жеңілістен көз ашпай жүр

Иә, расымен де «Астана» футбол клубы Еуропа лигасында өнер көрсетіп, аладоп жанкүйерлерін дән риза қылып жүр. Күні кеше ғана Израиль елінің «Маккаби» деген командасын «Астана-Аренада» 4:0 есебімен жеңді. Хоккейдегі «Барысымыз» қарсылас біткенге тырнағын батырып, Құрлықтық хоккей лигасының азулы ұжымдарының біріне айналды. Ал «Астана» Pro Team велокомандасы биылдың өзінде үш гранд-турда ойқастап өнер көрсетті. Қаншама кезеңді жеңіп, командалық есепте Испания «Вуэльтасын» ұтты. Ал осы ұжымдармен қатар бір бюджеттен қаржы алып жүрген «Астана» баскетбол клубы шынын айтқанда көрермен көзайымына айнал алмай жүр. Көрермен демекші, бұл клубтың «Сарыарқа» велотрегінде өткізетін ойындарына небәрі 300-500 жанкүйер ғана келеді. Тек мерекелік күндері мыңға жетіп жығылады. Көрермені жоқ болса, команданың болашағы да неғайбыл. Соңғы 5 жыл бойы өз ойындарына жанкүйер тарта алмаған командаға несіне қаржы бөліп, қаражат жұмсаймыз деуіңіз де мүмкін.

Команда құрылғалы бері 6 жыл уақыт өтті. Алайда, Еуролигаларда сәтсіз өнер көрсету де. Еуролиганы қоя тұрыңыз, ВТБ Біріңғай лигасының өзінде аутсайдер қатарында. Олимпиада чемпионы Валерий Тихоненко басқаратын ұжым неге екені белгісіз, үнемі сәтсіздіктерден көз ашпай келеді. Команда құрылысымен бірден білікті бапкер италиялық Маттео Бониочолли шақыртылды. Одан кейін серб Милош Трифунович тізгінді ұстады. Артынша келген литвалық Рамунас Бутаутас та, «Астананың» тасын өрге домалата қоймады. Жыл сайынғы әдет бойынша биыл да бапкер ауысты. Кезек грек бапкерлеріне келіп, өткен жылы Ілияс Папатеадоруға сенсек, биыл оның орнына Костас Флеваракисті алдырттық.

Алайда, биылғы маусымда командамыз алғашқы үш ойынның үшеуінде де жеңіліс тапты. 22 қазан күні Белорусьтің «Цмоки» командасына 9 ұпай айырмашылығымен жеңілгеніміз тіпті ұятты жағдай. Оның алдында өз алаңымызда «Зенитке» де тура 9 ұпаймен жеңілдік. Мәскеулік ЦСКА тіпті 20 ұпай басымдылығын көрсетті. Бұл жағдай, әрине ойландырмай қоймайды. Біздің баскетбол клубының саясаты-жергілікті жастарды тәрбиелеу. Тәжірибиелі тісқаққан легионерлермен араластырып шеберлік деңгейін көтеру еді. Алайда, биыл келген легионерлердің де сапасы мардымды емес секілді. Сырттан келген баскетболшылар Джастин Картер, Ларри Гордон, Ике Удано, Хордур Вильхальмсон, Энтони Клеммонс және Леонидас  Каселакис секілді ортаңқол спортшылар. Ал отандық баскетболшылардан құрамда биыл Рустам Ерғали, Рустам Мұрзағалиев, Антон Пономарев, Александр Жигулин, Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук, Денис Дегтярев, Вадим Щербак, Анатолий Колесниковтер бар.

Бірақ, «Астананың» маусым басталмас бұрын қыркүйектің ортасында жүлде алғанын да ұмытпауымыз керек. Командамыз Қытайдың Чэньчжоу қаласында Азия құрлығының чемпиондар лигасында қола жүлдегер атанды. Бұл ел баскетболының тарихында ойып тұрып орын алатын жетістік. Дегенмен, команда негізгі міндеті-кәрі құрлықта танылып, Қазақстанның атын шығару. Өзге командаларымыз жасаған ерлікті баскетболшыларымыз да жасауы тиіс. Әлжан Жармұхамедов секілді баскетболшылар шыққан елде таланттар кенде болмауы керек. «Астана» баскетбол командасы келесі кездесуін 30 қазан күні түзде ресейдің «Химки» командасына қарсы өткізеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»