Иір бұтаққа өткір балта десек, бабалар аманатын арқалап, тарлан тарихтың құнды мәліметтерін ашына айтқан, кәрі құрлық көсемдері мен алпауыт мемлекеттерді мойындатқан, алтындай ардақты, күмістен салмақты, қазақтың асыл перзенті, кемеңгер басшы, саясаттың көкдауыл толқынында кемесі қайраңдамаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында:
«Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзіндік ерекше себептері бар. Бүгін той ең алдымен батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету, олардың тағдырының сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Пышақтың қырындай ғана кішкентай кітапшадан тәлім алдық. Сондықтан жас ұрпағымыз ата тарихынан мүлде алшақтап қалғанын білесіздер. Оның үстіне ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Тіпті айта кетейін өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ олардың атында білім не мәдениет нысандары, керек десеңіз жалғыз жарым көше де болған жоқ», деп риясыз көңілмен күрсіне сөйлеп еді.
Халықтың тағдырын зұлхақтың жыланындай жайлаған өткен ғасырлар тегершігін кері айналдырсақ, ол кезінде Талас бойындағы қытайлармен болған қантөгіс, Жетісу жеріндегі екі ғасырға созылған ұзақ жылғы ойрат, жоңғарлардың қырғыны. Ел басынан өткен небір зобалаңын, тарихтың таразысына салсаңыз ешқандай гір тасы баса алмайды.
Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ,
Жақыннан тыншытпайды қалың
қалмақ.
Алдында – ор, артында – көр,
жан-жағы жау
Дағдарған Алаш енді қайда бармақ? – деп Мағжан Жұмабаев босқа налыды ма?
«Ұлы жүзде батыр көп, Қойгелдісі жалғыз, Төле биі бірегей! Төлеби келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деп Қаз дауысты Қазыбек би бекер айтпаса керек. Қойгелді Сартұлы 1702 жылы өмірге келеді. Қолбасшының бүкіл өмірі, тағдыры қазақтың төбе биі – Төлебимен ажырата алмастай тығыз байланыста өтті.
О ерлерім, ерлерім. Ерлерім бүгін
ерледің,
Соғыс салам тағы деп дұшпан тіліне
ермегін.
Асықпа, ажал аузына татар дәмің
таусылса,
Берерсің сонда бермегін.
Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы
Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай ту түбінде
тұр еді-ай,
Айбатты бүгін Абылай
Кезуілші көк Барақ,
Жансыз қалмақ таппады арасынан
көп қарап.
Қалай айтпан Шымырды,
Шымырдан шыққан Қойгелді,
Жауын да тапап жымырды» – деген Бұхар жыраудың мына жыр жолдарына назар салсақ ақиқаттың алтын көпірінен аттайсыз.
1730 жылы Қойгелді бастаған сарбаздар, (қазіргі Балқаш көлі) маңындағы «Аңырақай» жазығында қалмақтармен бір жарым ай соғысты. Қойгелді тоғыз рет жекпе-жекке шығып қылышын қанға суарып, жоңғар батырларының басын қаңбақша домалатты. Қазақ батырлары жоңғарларды тас талқан етіп жеңіп, бітім сұрауға мәжбүр етті. Қолбасшы Қойгелді батыр туралы 25 беттен тұратын деректерді Әбіш Кекілбаев Орынбор қаласындағы архивтен алып берді. Сол кездегі Ресей патшасының елшісі генерал Карл Миллердің қолжазбалары табылды. Орта Азияны отарлау саясатымен В.И.Татишев 1738 жылы тамыз айында поручик Карл Миллер бастаған керуенді Орынбордан Ташкентке аттандырды. Керуен иесі Кіші жүз ханы Әбілқайыр дегенімен, негізгі дүние-мүлік орыс саудагерлері мен көпестерінікі болатын. Ресей патшайымы Елизавета Петровна жоңғарлармен астыртын келісім жасап, оларға қару-жарақ жөнелткен-ді. Болашақта басып алып, қалалар мен кенттер салуға қолайлы жер, суларын қағаз картаға түсірумен жасырын шұғылданып келе жатқан Муравин деген геодезист те бар еді мұнда. Арбаға артылып, тай-тай матамен оралған мылтықтар жоңғар қонтайшысының тілегімен Түркістан, Ташкент төңірегін, Қаратау, Алатау қойнаулары, етектерін жайлаған қалмақтардың қалың әскеріне жеткізілуі тиіс еді. Бұдан хабардар Қойгелді батыр керуенді тосып алып, теңді жарып жіберіп, астына жасырылған орыс мылтығын алып шығады. Сурет, жазуы бар жер, су мен қалалардың жай-жапсарын картаға түсірген патша жансызының жазбаларын жинатып түгел өртетеді. Балық ұлы Қонай мырза, Қойгелдіге жалынып-жалбарынып жүріп Карл Миллерді құтқарып, Жолбарыс ханға табыс етеді. Хан онымен аман қалған өзге серіктестерін жинастырып, патшалық Ресейге қайтарады. 1756-1758 жылдардағы жоңғармен болған қанды майданда осы қаруларды Қойгелді батыр жоңғарға қарсы пайдаланып жеңіс туын желбіретеді.
«Мылтығын орыс, қытай, қалмақ сатты, Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты. Қырғызып қазақтарды қалмақтарға, Орыстар қамалдарын салып жатты» деп «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» өз көзімен көрген Толыбай сыншының ұлы Қожаберген жырау толғанды сол бір кезеңдерде.
Тәуелсіздік таңы атқанда Қойгелді батырдың еңселі ескерткіші бой түзеп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оның ашылу салтанатында: «Біз өзіміздің көне тарихымызды еске түсіріп, жер-жерде өзіміздің ұлы бабаларымызды есімізге алып, солардың еткен еңбек, төккен қанынан, кең байтақ жерімізді алып қалу үшін істеген ұлы қызметінен тағзым алып, тәу етіп, сол бабаларымыздың аруағына сиынып, алдыға қарай жылжысақ деген ниетіміз бар. Өз алдымызға тәуелсіздігіміздің 7 жылдығын атап өттік. Бүгінгі жиналып тұрғанымыз – тағы бір еліміздің белсенді қолбасшысы Қойгелді батырдың ескерткішін ашу. Қойгелді батыр ел басына күн туғанда, сонау ақтабан шұбырындыда жоңғар шапқыншылығына қарсы шыққанда Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай батырлардың үзеңгілесі болып, Абылай сұлтанды қалмақ тұтқынынан құтқарарда істеген зор қызметіменен, оны хан сайлап, ақ киізге көтерерде оңтүстіктен ұлы жүзден барып көтеріскен үлкен батыр бабамыз. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген қазақтың мақалымен сөз саптап, бүгінгі тәуелсіздігіміз баянды болсын деп айтқым келеді».
Халқының бостандығы үшін арпалысу тағдыры маңдайына жазылған, ұлтарақтай жер үшін басын бәйгеге тіккен, жеріне, еліне анталаған жауын тұлпардың тұяғында таптап, қабырғасы сөгілгенше шайқасқан тегеуріні темірдей саңлақтарымыз Ер Қарасайдың ұрпақтары, Ыстамбекұлы Саурық пен Ақынбекұлы Сұраншы батырлар еді. «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп ғұлама Мұхтар Әуезов бағасын берген Сүйінбай ақын, мына бір шумақтарында:
«Ұрпағы Қарасайдың түгел батыр,
Орнатқан дұшпанына заман ақыр.
Сұраншы мен Саурықтың ерліктері,
Күн санап қалың елге тарап жатыр» депті.
ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары Қоқан хандығы оңтүстік Қазақстанды, Жетісу өңірін басып алды. Қазақ халқы Қоқан хандығына алым-салық төлеуге мәжбүр болды. Кейбір деректерде Қоқанның бектері қыз салығын салғаны айтылады. Заманына күйлеген Қоқанның бектері 1842 жылы ел жайлауға шыққанда он мың әскермен Сарыкемерді жайлаған Тілеуқабыл руының ауылдарына аяқ астынан шабуыл жасап, ойран салады. Қоқан билеушілерінің бұл қылығы Сүйінбайға жетеді. Сонда әрі батыр, әрі ақын, сүлей сөздің сардары Сүйінбай қаһарға мініп батырларды көтереді:
«Ей, Сұраншы,Саурық,
Қоқанның қолы қаптады,
Қасиетті жерімді,
Тозаң қылып таптады.
Қыспақта қалған елің бар,
Құтылар жолды таппады.
Қоқанның қолы көп болды,
Жетісуда жатқалы.
Бар жақсыңды талап жеп,
Сүбеңе қолы батқаны
Бейсенбі күні бесінде,
Ғизрат күні кешінде,
Қордайдың биік төсінде,
Қоқанның ханы Құдияр,
Зорлық қып алған көп малды,
Әндіжанға айдатты.
Қол-аяғын кісендеп,
Көнбеген ерді байлапты.
Қауызын әлі жармаған,
Сұлуларды зорлапты.
Араша тұрар пенде жоқ,
Еліңді сөйтіп қорлапты.
Ту алып жауға шықсаң сен,
Іледе жатқан Жалайыр,
Шапырашты, көп Дулат,
Олар да атқа мінеді,
Өздеріңдей болған соң,
Сұраншы-Саурық тірегі!» деп Сүйінбай, құлынын алдырған құландай кісінеп, күйініп жыр төгеді.
Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартқылап, оңтүстік Жетісуды отарлау саясатына кірісіп 1850 жылдары ояз Ерентал басқарған орыс әскері ел шетін шабуылдайды. Найман елінің басқарушысы Артық батыр қос атпен хабаршы жіберіп, «Елімізді жау шапты, сенен басқа сенерім жоқ» деп Саурық батырдан көмек сұрайды. Саурық үш мың қол жинап, Найман еліне көмекке аттанады. Іледен өтіп, елді басып алып, талауға салып жатқан Еренталдың он мың қолына, Саурық үш мың қолмен Алтын Емел тауында кездесіп, тас талқан етіп жеңіп, Еренталды қолға түсіреді. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз «Саурық батыр» дастанында осы көріністі былай суреттейді.
Ерентал келіп ел шапты,
Жібермей тірі көргенін.
Жан-жаққа қылыш сабалап.
Өліктен жер көрінбей,
Бастары жатты домалап.
Саурық батыр кеп жетті,
Қойторыдан аққан тер,
Шашасынан сорғалап.
Еренталды ұстады,
Тірідей қолға өлтірмей.
Сөйлерге тілі келмеді,
Жылай берді селкілдей.
Құлағын кесіп құнтитып,
Тұрған бойын сымпитып,
Басына қаза келтірмей.
Жаяу жолға салады.
Ерентал жолмен жөнеді,
Бүкең-бүкең желеді.
Қапалға барып албырап,
Патшаға хабар береді.
Патша үкіметі Саурық батырға қарсы, зеңбірегін сүйреткен он бес мың жасақты Қапалдан Алматыға қарай аттандырады.
1853-54 жылдары жергілікті халықтың наразылығын басуға келген 12 мың адамнан тұрған Қоқан әскері қазақ пен қырғыздың ауылдарын аралап, бағынғысы келмегендерді қатал түрде жазалайды. Осы тұста Сұраншы батыр бастаған 3 мыңға жуық қол Сарыкемер шатқалында Қоқан әскеріне үлкен соққы береді. 1864 жылдың көктемінде генерал М.Черняев бастаған орыс әскерлері Әулиеата жеріне кірген еді. Осы кезде орыс армиясы қатарында қазақтың атақты ғалымы, орыс армиясының офицері Шоқан Уәлиханов та болады. Оны бұдан бұрын өз ауылында қарсы алып, танысқан Сұраншы, осы жорық кезінде жақынырақ іштарта сөйлесіп, тереңдей біліседі. Ол жөнінде Ш.Уәлиханов орыс офицері К.Гутковскийге 1863 жылы 14 шілдеде жазған хатында Сұраншыны «қазақтарды қоқандықтардың тепкісінен құтқарушы батыр» деп атап көрсетеді.
Қазақтың атақты қолбасшы батыры, тәуелсіздігіміз үшін қан майданда Сайрам қаласын азат ету жолында мерт болған Сұраншы Ақынбекұлының да (1812-1864) туғанына 200 жылдан асты.
Сүйінбай Аронұлы қырғыз ақыны Қатағанмен айтысында:
«Сұраншы, Саурық барында,
Қайсың бетке кеп едің.
Құдияр хан мен Орманды,
Алдына салып қуғанда
Табылмай кеткен дерегің» деуінің өзі көп дүниеден хабар береді. Құдияр Қоқан ханы, ал Орман қырғыз ханы.
Ұлан байтақ жерімізді қорғап қалған ұлы бабаларымыз Қарасай, Қойгелді, Сұраншы, Саурық, т.б. батырларымыздың өмірі эпос, дастандарға, тарихи жырларға айналып, ұрпақтарына үлгі болғанын ескерусіз қалдырмауымыз керек. Аты аталған батырларымыздың бабасы Қарашаұлы Бәйдібектің ескерткішін Оңтүстік Қазақстан облысы орталығында ашу салтанатында Елбасымыз «Еліміздің іргесін бекітіп, ұлы мемлекет құру барысында ұлы бабамыз Бәйдібек ханның әруағы баршамызды қолдап жүрсін!» деген еді.
Қайсыбір жылы Астана қаласы құзырлы мекемелеріне осы батыр бабаларымызға көше беру мақсатында ұсыныс хат түсіргенімізде алғашқы отырыста комиссия мүшелері қолдап еді, кейінгі басшыларға барғанымызда қаусырма жақ қызыл тілінен жел есіп, маңайларына жолатпады. Астана қаласында батыр-бабаларымыздың есімін ұлықтап, атын ардақтайтын көшелер жоқ деуден аулақпыз. Егемен еліміздің Астанасының төрінен орын алып, жас ұрпақтың көзайымына айналған Ресейдегі шаруалар көтерілісінің жетекшісі болған Степан Разин (1630-1671), өз заманында әскери қолбасшы болған А.В.Суворов (1729-1800), режиссер, актер болған Василий Шукшиндер (1929-1974) неткен бақытты еді.
Зарлы (Қошан) Қойшығұл Мұстафаұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық салт-дәстүр академиясының профессоры,
халықаралық Ж.Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты