Дөңгелек үстел барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалпыұлттық алты негізгі жобаларының бірі саналатын «Туған жер» жобасының Алматы қаласында жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Жиын барысында сөз алған Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары Наталья Калашникова аталмыш институт жүргізіп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын талқылау бойынша сарапшылық кездесулер өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, бағдарламаның іске асырылу барысы туралы сарапшылардың, жұртшылықтың пікірін жинақтап-қорытуға мүмкіндік бергенін, бұған дейін республикалық және өңірлік деңгейде осындай 8 кездесудің өткенін атап өтті. «Бағдарламаның түп негізі – ел Президенті ұсынған 6 жобаны іске асыру арқылы қоғамды жігерлі жаңғыру жолына түсіру. Аталмыш алты жоба – қоғам алға дамуының негізгі күштері болмақ. Бағдарламаның өзі қоғамдық санамызды, дәстүрлерді, құндылықтарды, ортақ тарих пен тарихи жадты ескере отырып, қалыптастыру ісінде қазақстандық брендке айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, «Туған жер» жобасының зиялы элита көп шоғырланған Алматыда да іске асырылуы туған еліміздің имиджін нығайтуға, өз қаламызға, елімізге деген махаббатты арттыруға, жаңа мүмкіндіктер көзінің ашылуына оң әсерін тигізетіні анық. «Рухани жаңғыру» жобаларын іске асыруға әрбір қазақстандық азамат белсене атсалысса, ұлттық сананың нығая түсетіні кәміл», – деді Наталья Павловна.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі алты бағыттағы жобаларын іске асыру бойынша еліміздің әр өңірінде құрылған жобалық кеңселер қатарында Алматы қаласы жобалық кеңсе ашылғаны белгілі. Алматылық жобалық кеңсе басшысы Гүлнәр Қоңырова «Туған жер» арнайы жобасының іске асырылуы туралы баяндамасында аталмыш мекеменің басты жұмыстарының бірі – ел арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру тетіктеріне қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Кеңес құрамына Алматы қаласы әкімшілігінің 15 құрылымдық және ведомствоаралық бөлімшелерінің өкілдері жобалық әдістемелерді дамыта отырып, олардың дұрыс жүргізілуін бақылап, жобалық басқарма жұмыстарына қадағалау жасайтынын жеткізген Гүлнәр Қалелқызы: «125 жобадан тұратын реестр мен 87,4 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын іс-шаралар тізімі бекітілді. Олардың ішінде, 900 мыңға жуық адам қатысқан 50 іс-шара ойдағыдай жүргізілді. «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы қайта жаңғырту бағдарламасының негізгі бөлімі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасы қаладағы білім беру, экология, сынды кең көлемдегі жұмыстармен қатар, мәдени нысандарды, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру мен жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған ауқымды істердің атқарылуын қарастырып отыр», – деді.
Дөңгелек үстел барысында қаладағы әлеуметтік нысандарды салуға әлеуметтік-қайырымдылық іс-шаралар өткізуге қолдау көрсетіп отырған меценаттардың арқасында қала аудандарында бірқатар мектептер мен емханалар, спорттық нысандар, тұрғын үйлер салынғанын, бұл игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып өткен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов 2017 жыл – Жастар жылы деп жарияланғанын, соған байланысты қараша айының соңында мегаполисте жастардың жаңа идеялары мен ұсыныстарының ашық алаңы ретінде Жастар саммиті өткізілетінін жеткізді.
Басқосу қатысушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жан-жақты талқылау, ұсыныстар әзірлеу мен сапалы түрде іске асыру үшін осындай сұхбат алаңдары мен сарапшылық кездесулердің жұмысы маңызды екенін атап өтті.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ