Аталмыш залда латын әліпбиіндегі ұлттық алфавит, семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері оқытылатын болады. Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаеваның сөзіне қарағанда латын графикасын оқытуға арналған мұндай орталықтар еліміздің барлық кітапханаларында ашылмақ. Ал, елорда кітапханасында мұндай залдың ашылуы – тарихи мәні бар оқиға.
«Латын әліпбиі залының» Ғарифолла Есім, Әбдіжәлел Бәкір, Қаржаубай Сартқожаұлы, Болат Қорғанбек, Шерубай Құрманбайұлы сынды елге белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері мен елордадағы №40 мектептің оқушылары қатысты. Оқушылар «Латын әліпбиі залына» қойылған 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген латын графикасы негізіндегі қазақстандық кітаптар мен мерзімді басылымдардың көрмесіне куә боп, латын графикасының жаңа нұсқасы бойынша өз аты-жөндерін жазысты.
Залдың ашылуына жиылған ғалымдар бұл орайда айтулы шараға қатысушыларға қарата өз ой-пікірлерін айтты. Мысалы, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім латын графикасына қатысты Елбасының шығарған жарлығын ойлау жүйемізді өзгертетін үлкен оқиға ретінде бағалады. «Біз тәуелсіздік алғанмен, жазуда тәуелсіздікке қолымыз жетпей жүрген еді. Биылғы 26-қазанда Елбасы олқылықтың орнын толтырды. Енді жаңа әліпби үлгісі қабылданды. Енді осымен жүреміз. Қосарланған деген ұғым мүлде болмайды. Бір сөзді қазақша кириллицамен жазып, астына орысша кириллицаны тағы қосақтау ендігі жерде болмайды. Жазуда бір ғана латын графикасын пайдаланамыз», деді Ғ.Есім.
Ал, Әбдіжәлел Бәкір өзінің осы графикаға ауысуды 1997 жылдан бері күтіп келгенін айтып, латын жазуының қазақты топтастыруы керектігін алға тартты. «Біздің бірлігіміз, тірлігіміз мықты болуы керек. Осы жерде жастарға айтарым, латын жазуы – біздің болашағымыз. Сондықтан осы жазуды қазірден бастап үйренуге, жазуға шақырамын», деді қоғам қайраткері.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»