Қазақстандық және ресейлік парламентшілер екіжақты қатынастардың жай-күйі мен даму келешегі, шекаралық ынтымақтастық, сонымен бірге ЕАЭО Кеден кодексінің маңызды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, жиын аясында халықаралық саясаттағы маңызды тақырыптар – Астана процесі мен Сириядағы жағдай, Ауғанстандағы ахуал, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелері де күн тәртібіне шығарылды.
Алқалы жиында алдымен сөз алған Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко бұл басқосу екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын екшеп айтты.
«Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және басқа салаларда өзара тиiмдi қарым-қатынас орнаған. Өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген әріптестігіміз шарттық-құқықтық шеңберде тиісті деңгейде рәсімделген. Қарым-қатынастарымыз екіжақты бекітілген 350-ден астам құжатпен реттеледі. Біздің елімізде Ресей үлесiмен 20-дан астам iрi компания жұмыс iстейдi. Мысалы, Лукойл, Газпром, Росатом, Роснефть, ВТБ Банк және тағы басқа. 13 мыңнан астам заңды тұлға, яғни Ресей компанияларының Қазақстандағы филиалдары тiркелген. Ең бастысы мұның бәрi де Еуразиялық экономикалық одақ шеңберiндегі процестердi бiрiктiруге ықпал ететiні сөзсіз. Тауарлар мен қызметтер, капиталдар, жұмыс күштерiне қатысты ортақ нарықтың құрылуы әлемдiк экономикалық дағдарысқа қарсы тұруға өз ықпалын тигізуде», дедi В.Божко.
Сондай-ақ, ол өзінің алғысөзінде екi ал арасында көлiк жүйесiн дамыту маңызына көбірек көңіл бөлді. Сондықтан да ең алдымен Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту үшiн көлiк-логистикалық жүйенi қазiргi заманға сәйкестендiру басты мiндет болып тұрғанын атап өтті.
«Көлiк саласы экономикалық өсiмнiң бiрден-бiр драйверi. Мәселен, бүгінде Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлiк дәлiзi бойынша бiрлескен жұмыс жүргiзiлуде. Осы арқылы Оңтүстiк-Шығыс Азиядан Еуропаға дейiнгi жол 10-12 күнге қысқарады. Бұл өз кезегінде көлiк жүйесiн дамыта отырып, елдер арасындағы тауарлар қозғалысына, бизнестiң тиiмдiлiгiне тың серпін береді», деді депутат.
Ал тақырыптық талқылау барысында сөз алған Ресей Мемлекеттiк Думасының ТМД, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс iстерi жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Виктор Водолацкий Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабылданып, қолданысқа енгізілетін жаңа Кодекс ұйым құрамындағы елдердің шекаралық мәселесін түпкілікті шешетіндігін қадап айтты.
«Бұл әсіресе, осы күндері бірқатар шиеленістер тудырған қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайдың реттелуіне оң ықпал ететін болады. Ал қазіргі шиеленісті қайбір жылдары Ресей мен Беларусь шекарасында орын алған өткінші жағдайға ұқсас деген жөн. Жуырда ғана Владимир Путиннiң ұсынысымен Ресей Федерациясы ортақ Кедендiк кодекстi ратификациялады. Егер аталған Кодекстi Қазақстан Парламентi жақын арада ратификациялайтын болса, шиеленіс мейлінше тезірек шешіледі. Бүгінде бұл құжатты Беларусь бекiтiп үлгердi. Ал енді 5 бөлім, 461баптан тұратын Кедендiк кодекс бізге не бередi дегенге келсек, ол ЕАЭО туралы шарттың 32-шi бабын күшiне енгiзедi. Яғни, осы бап арқылы Қазақстан мен Қырғыз шекарасындағы жағдай реттеледі. Үшiншi елдердiң тауарларын тасымалдауға байланысты басқа да түйіндер тарқатылады», дедi В.Водолацкий.
Оның айтуынша, келер жылдан бастап күшіне енеді деп жоспарланып отырған Кедендiк кодекстiң ЕАЭО аумағында тұратын әр адамның өмiрiне қатысы бар көрінеді. Атап айтқанда, жұмыс орындары көбейiп, азаматтардың өмiр сүру деңгейi жақсарады. Электрондық өнеркәсiп пен машина жасау саласындағы тауарлардың өндiрiсi артады деп болжануда. Сол себептен де құжатты Одаққа мүше елдердiң Парламентi уақыт оздырмай қабылдайды деген сенім бар.
«ЕАЭО – жұмысы ашық әрi әдiл жүргiзiлiп, сенiмге негiзделуi тиiс. Егер қайсыбiр мемлекет осы бағытта дұрыс жұмыс істемейтін болса, репрессивтi шаралар (жазалау шарасы) қабылданады. Нәтижесінде, шекараларда көрініс беріп жатқан келеңсіз жайттар бiршама азаятын болады», дедi В.Водолацкий.
Пікір алмасу барысында Ресейдің Қазақстандағы Елшісі Михаил Бочарников осы күндері Астанада өтіп жатқан Сирия жөніндегі Астана процесінің жетінші раундына қатысты өз ойын ортаға салды.
«Сирия үкіметі мен сириялық оппозиция арасында келісім диалогы өрбуі үшін Қазақстанның ұсынған Астана алаңы аталған аймақта бейбітшілік орнауына өзіндік ықпалын тигізіп келеді. Бұл бейбітшілік жолындағы маңызды бір қадам», деді ол.
Сонымен қатар, Ресейдің Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу мәселесіне құрметпен қарайтындығын білдірген Елші Қазақстан Конституциясында орыс тілі ресми мәртебеге ие екендігіне назар аударды.
«Сондықтан да Ресей егемен Қазақстанның алдағы уақытта мемлекеттік тілді латынға көшіру туралы шешіміне түсіністікпен және құрметпен қарайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және басқа да елдің ресми тұлғаларының мәлімдеуінше, Қазақстанда орыс тілінің позициясы сақталып отыр. Оған қоса, Қазақстанның орта мектептерінде орыс тілін оқыту жалғасу үстінде. Себебі, республика басшылығы орыс тілін ел азаматтарының еркін меңгеруін Қазақстанның маңызды мәдени басымдығы ретінде қарастырады. Қазірдің өзінде Қазақстанның ресми инстанциясынан орыс тілі мұғалімдерінің жоғары деңгейде қажет етілетіндігі, олардың санын арттыруға қызығушылық бар екендігі, сонымен қатар ресейлік жоғары оқу орындарының жаңа филиалдарының ашылатындығы туралы ақпараттар бар. Ал Ресей тарабы бұл бағытта өзінің көмегін беруге дайын», деді М.Бочарников.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»