Әлем • 30 Қазан, 2017

Сағынтаев «Баку - Тбилиси - Карс» бағдарының ашылуына қатысты

536 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев кеше Баку -Тбилиси—Карс темір жол желісінің салтанатты ашылуына қатысты. Ұлы жібек жолының маңызды бөлігі болып саналатын бұл халықаралық жолдың тұсаукесеріне сондай-ақ, Әзербайжан президенті И.Әлиев, Түркия президенті Р.Ердоған және Өзбекстан премьер-министрі А.Әріпов, Грузия премьер-министрі Г.Квирикашвили, Тәжікстанның көлік министрі Х. Худоерзода мен Түркменстан темір жол көлігі министрі Д.Бяшимов қатысты.

Сағынтаев «Баку - Тбилиси - Карс» бағдарының ашылуына қатысты

Салтанатты жиында Қазақстанның атынан сөз сөйлеген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Баку-Тбилиси-Карс темір жол желісі Түркияға және Жерорта теңізі арқылы Оңтүстік Еуропа елдеріне төте жол ашатынын және бұл транскаспий халықаралық көлік бағдарының логистикалық жүйесіндегі негізгі инфрақұрылымдық жоба болып саналатынын атап өтті.

«Жаңа темір жол желісі біздің елдердің көлік транзиттік әлеуетін толық жүзеге асыруға септігін тигізеді. Еуразияның бел ортасында орналасқан Қазақстан Еуропа мен Азия арасында қарқынды жұмыс жүргізуде. Мұның бәрі құрлық аралық қатынасты одан әрі дамытуға бағытталған. Біз БТК жобасын жүзеге асыруға бірінші болып қолдау көрсеттік.  Әзeрбайжан, Түркия, Грузия бұл шешімге Қазақстан мен Қытайдың құптауымен 2016 жылы қол жеткізді. Осындай іргелі қадамның біздің елордамыз - Астана үшін маңызды символдық мәні бар. Жоба Қазақстанның Каспийдегі инфрақұрылымы арқылы өтетін жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді», деді Б.Сағынтаев.

Үкімет басшысы Қазақстан көлік-логистикалық саланың дамуына айрықша ден қойып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы тоғыз жылдың ішінде еліміздің көлік логистикалық жүйесіне 28 млрд. долларға жуық инвестиция құйылған. Транскаспий дәлізіне де ерекше көңіл бөлініп, 1700 шақырым жаңа темір жол желісі мен 3500 автомобиль жолы салынған. Ақтау портын жаңарту жұмыстары да жүргізіліп, Құрық паром порты пайда болды.

«Жаңа стратегиялық жоба өзінің толық тиімділігі мен мүмкіндігін көрсетті. Жақында осы порт арқылы алғашқы 1 млн тонна жүк жөнелтілді. Келешекте Қазақстанның Каспийдегі порт инфрақұрылымының жүкті қабылдау және жөнелту мүмкіндігі артатын болады. Оның жүк тасымалы көлемі жылына 25 млн тоннадан асатын болады. Қазақстан транскаспий бағытындағы оңтайлы бағдарларды қалыптастыру үшін де қаржы бөліп отыр. Бұл инвестицияның көлемі 10 миллиард доллардан асады. Осылайша, жүктің Қытайдан, Орталық Азиядан Ресейдің өңірлері арқылы транскаспий дәлізіне шығатын  ең қысқа жолды қамтамасыз еттік», дейді Премьер-Министр.

Енді 2020 жылға қарай Қазақстанның көлік логистика жүйесіне тартылатын қосымша инвестициясы 8 млрд. доллардан аспақ.

Б.Сағынтаев Баку-Тбилиси-Карс темір жолы желісі өңірлік сауданың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Бұл халықаралық жоба экономика үшін қосымша әлеует қалыптастырып, бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірін орнықты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз ететін факторға айналатынымен маңызды. «Бүгін еліміздің Құрық портынан Бакудың қазіргі өзіміз тұрған Алят портына Қазақстан мен Қытайдан алғашқы контейнері пойыздар паром арқылы келіп жетті. Бұлар әрі қарай Баку-Тбилиси-Карс бағыты арқылы Түркиядағы жүк алушыларға жөнелтіледі. Осыған орай барлық мемлекет басшыларын және қатысушыларды тарихи оқиғамен құттықтаймын», деп сөзін түйіндеді Үкімет басшысы.

Жаңа темір жол желісі - Транскаспий халықаралық көлік маршрутының басты бөлігі. Бұл бағыт Қытайдан Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Шығыс Еуропаның бірқатар елдері арқылы Батыс Еуропаға қарай шығады. Мұндай маршрут Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүкті небары 12-14 тәуліктің ішінде жеткізеді. Бұрын теңіз жолы арқылы 40-45 тәулік бойы ұзақ жол жүруге тура келетін.

Жаңа темір жол желісі Қазақстанға Қара және Жерорта теңіздеріне төте жол ашады. Сондай-ақ, дәліз арқылы жүк тасымалының көлемі артып, Түркияға Қазақстан арқылы 2020 жылға қарай жылына 2 млн контейнерге дейін жүк тасымалданады деп болжануда.

Баку-Тбилиси-Карс жаға темір жол дәлізіне «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ мен «Электровоз құрастыру зауыты» шығарған локомотивтер пайдаланылатын болады. Ос мақсатта қазірдің өзінде 10 тепловоз әзірленіпті. Сонымен қатар 2020 жылға қарай Қазақстан Әзербайжанға 40 жүк электровозын жіберетін болады.

Салтанатты рәсімге қатысушылар БТК желісінің ашылуын соңғы он жылдағы өте ұтымды шешім ретінде бағалады. Әзербайжан президенті И.Әлиев 850 шақырымға созылып жатқан жаңа темір жол желісі оған қатысушы елдердің бірлігін, бауырластығын көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа желі арқылы елдердің өзара байланысы нығая түсіп, достық іргесі беки түсті.

Мемлекет басшылары Ұлы Жібек жолының басты бөлігі саналатын жаңа темір жол магистралі мемлекеттердің экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді.

Салтанатты жиынның соңында мемлекет басшылары жаңа темір жол желісінің бойына символикалық түрде «алтын қада» қағып, мемориалдық тақтаның тұсауын кесті.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»