Көктемгі және жазғы мезгіл шаруалар үшін қолайлы болғандықтан, шабындықтарда табиғи шөп мол болып, мал азығын дайындау науқаны ойдағыдай өткен болатын. Өңірде мал қыстатуды қалыпты өткізу үшін биыл 1 миллион 402,6 мың тонна пішен дайындау қажет болса, облыстағы барлық санаттағы ауылшаруашылық құрылымдарында 1 миллион 456,9 мың тонна пішен дайындалып отыр. Бұған қоса аудандарда 123,3 мың тонна сабан орылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қыстауға түсетін мал санына қарай шаруашылықтарға 467,5 мың тонна құнарлы жем қажет екен. Бүгінгі таңда аудандар үшін мал азығына дәндік жүгеріні есептемегенде 323,9 мың тонна дәнді дақылдар бөлінген. Ендігі жерде құнарлы мал азығына деген қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін еркін нарықтағы кәсіпкерлерден және еліміздің солтүстік облыстарынан 126,1 мың тонна жем сатып алу қажеттігі туып тұр. Алдағы уақытта солтүстік облыстардан белгіленген межеледегі жем сатып алынбақ.
Биыл облыс құнарлы жемазығымен 73,0 пайызға қамтамасыз етілді. Алайда кейбір аудандарда шешілмеген мәселелер бар екен. Айталық қажетті азықтың Мойынқұмда 0,6 пайызы, Таласта 1,7 пайызы, Сарысуда 13,8 пайызы ғана жиналса, Байзақ, Жамбыл, Шу, Қордай аудандарында бұл көрсеткіш 40-90 пайыз аралығында. Т.Рысқұлов ауданында дайындалған мал азығы қажеттіліктен 25,0 мың тоннаға артық болып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманбай Қошамбеков: «Демек, осы аталған аудандардың есебінен Мойынқұм, Талас аудандары шаруаларының құнарлы азыққа деген сұранысын ішінара қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бірінші кезекте жеке сектордағы және ұсақ шаруашылықтардағы малды құнарлы азықпен қамтамасыз ету жолдарын қарастыруымыз керек. Осы мақсатта аудан әкімдіктерімен біріге отырып, құнарлы мал азығын солтүстіктегі астықты облыстардан келісімшарт негізінде жеткізуді ұйымдастыру қолға алынады. Қажетті мал азығын өзімізде өндірілетін көкөніс, бақша өнімдеріне айырбастауды жоспарлап отырмыз», дейді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда басқарма ауыл әкімдеріне ауылдарда, әсіресе шалғайда орналасқан елді мекендерде мал азығымен сауда жасайтын орындар ұйымдастыруды ұсынып отыр. Бұл ұсыныстың алдағы уақыттарда қаншалықты қолдау табатыны белгісіз.
Мәселен, облыстың Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай және Шу аудандарында ірі тауарлы сүт фермаларының негізгі бөлігі орналасқан. Сондықтан да ағымдағы жылы бұл аудандарда мал азығының пішен және сүрлем түрлері жақсы дайындалған. Жалпы, аудандарда барлығы 5862 мал қыстату орны бар. Оның ішінде 1020 мал қыстату орны шалғайдағы жайылымдарда, яғни құмды аймақтарда жайғасқан. Өңірдегі барлық аудандар бойынша малшыларға арналған 5564 тұрғын үй мен 936 баз толық жөндеуден өткен.
Табиғаттың тылсым құбылысына шектеу жоқ. Оқыс мінезді «кәрі құданың» кейде тым ертелетіп, ойламаған жерден келіп қалатыны бар. Сондықтан да қыстың көзі қырауда әуелі бастың, одан кейін малдың амандығын ойлаған жөн. Мәселен, алдыңғы жылы өңірге қар әдеттегіден қалың түсіп, алыстағы малшы ауылдармен байланыс болмай қалу жағдайлары да орын алған еді. Сондай-ақ мал азығын қыстауларға жеткізуде айтарлықтай кедергілер туындап, тіпті мал шығыны да болған. Бұл орайда, биылғы жылы дайындалған шөптің негізгі бөлігі қыстауларға жиналған. Сонымен қатар малшылардың үйлері мен қоралар да жөндеуден өткен.
Көделі, Еден, Есқара Сасай, Теріскенді, Балақ дала, Қос-шұрат, Көк-шұрат, Жолбарысты, Дөңгелек, Қосқұдық, Төре дейтін жер атаулары Жамбыл облысындағы негізгі мал қыстату қыстақтары болып саналады. Дегенмен бұл жерлерден қыстың көзі қырауда малшылардың әрі-бері қатынауы қиын. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал қыстату барысында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда пайдаланылатын техникалардың жеткілікті екенін айтып отыр. «Мал шаруашылығындағы ең маңызды шақ – мал қыстату науқаны басталды. Науқан кезінде мал шығынының болмауы − келер жылғы мол өнімнің кепілі. Сондықтан аудан әкімдіктері салалық мекемелермен бірге мал қыстату шараларын тағы бір рет пысықтап, ұдайы бақылауға алуы қажет», дейді Аманбай Қошамбеков.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы