Келіссөз қорытындыларының орындалуына кепілгер мемлекеттер ретінде қатысушы Ресей Федерациясының делегациясын Ресей Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал, Иран делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Хусейн Джабери Ансари басшылық етуде.
Кездесуге Сирия үкіметі мен сириялық оппозицияның, сондай-ақ байқаушы ретінде БҰҰ, АҚШ және Иорданияның өкілдері қатысты. Іс-шараның басталуынан бір күн бұрын кепілгер-елдердің өкілдері сарапшылар деңгейінде екіжақты және үшжақты консультациялар өткізген болатын. Жалпы отырыс барлық тараптың қатысуымен бүгін, яғни 31 қазанда өтеді.
Алдағы кездесу Сирияда ұрыс іс-қимылдарын доғару режімін нығайту бойынша қол жеткізілген нәтижелерді сақтауға, сондай-ақ дағдарысты саяси реттеуге өту кезеңінде аталған елдегі жағдайды әрі қарай тұрақтандыру шеңберінде күш-жігерлерді арттыруға бағытталған.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жоғары деңгейде өтетін келіссөзде тұтқындарды және қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту жоспарланғанын хабарлаған болатын. Тараптар сонымен қатар халықаралық терроризммен күрес мәселелерін қарастырып, Сирияда минадан тазарту жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен мәлімдеме қабылдамақ ниетте.
«Егемен-ақпарат»